«Грейг қызғалдағын атау керек, атақты Ұлбикенің есімімен»
- author «Ақ жол»
- 27 мамыр, 2025
- 410

Қайым айтыстың қас шеберіне баланған Ұлбике Жангелдіқызы Қаратау бойында ғұмыр кешкен талантты өнер иесі. Оның Күдері, Мәделі қожалармен, Жанкел кедеймен айтыстары жақсы сақталған. Бар болғаны екі мүшел ғана жасап, артына өшпес мұра қалдырған аяулы ақынды белгілі ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Әбубәкір Диваев зерттеп, есімін тарихта қалдырғанын да білеміз.
Қаратау қаласында Талас ауданы әкімдігінің, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Он екімде өлеңмен тілімді аштым» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Республикамыздың әр аймағынан елімізге есімі белгілі бірқатар ақындардың келуі таластық тыңдармандарға тамаша тарту болды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» орталығы мекемесі де ерекше атсалысты. Жыр додасы Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығында өтті.
Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыс ақыны Ахметжан Өзбеков бастаған қазылар алқасының құрамында журналист, «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Ақпарат саласының үздігі Жасұлан Әбдіхалық, ақын Үміт Битенова, танымал айтыс ақындары Күміскүл Сәрсенбаева мен Айтмұханбет Исақов болды. Айтысты Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова ашып, барша ақындарға сәттілік тіледі.
«Бүгін қасиетті Қаратаудың, текті Таластың аспанында өнердің қырандары қалықтаған ерекше күн болып тұр. Жерлесіміз, қайым айтыстың қас шебері Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығына орай бірнеше облыстан, Алматы қаласынан айтыскерлер шақырып, аймақтық айтыс өтіп отыр. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков осы айтысқа жоғары қолдау білдірді. Таластың жаңашылдығы мен жетістігі де бүгін талантты айтыскерлердің шеберлігімен жыр арқауына айналады деп ойлаймын. Шын жүйріктің бағы жансын. Баршаңыз да олжалы болыңыздар», – деді.
Айтыстың шымылдығы түркістандық Нұрмахан Жақыпбек пен Шу ауданының мақтанышы Бақытбек Жұмабековтың арасындағы сөз додасымен ашылды. Шаршы топта сөз бастау қиын десек, алғашқы шыққандарына қарамастан екеуі де жарасымды айтыс жасады. Әсіресе Нұрмаханның аяқ астынан тауып айтқан жауаптары көрерменді сүйсіндірді. Ал жуалылық Қанат Мырзахан мен Алматы қаласынан келген Шұғайып Сезімхан арасындағы айтыс көпшілікті бірден баурап әкетті.
Қанат:
Кешегі Ұлбикенің сырғасындай,
Тамды әулие суының тұнбасындай.
Бір қарасам Шұғайып көрінесің,
Тура осы Таластың тумасындай.
Үшаралдың әңгелек қауындары,
Сап-сары болмаушы ма еді тура осындай.
Сорайып қайдан келдің қасымызға,
Цианид зауытының мұржасындай, – деп әзіл тастаса, Шұғайып:
Дейсің бе Тамды әулие тұнбасындай,
Сөйлеші ел алдында кір жасырмай.
Мұржа демей, азамат демеймісің,
Таластың Мырзатайдай мырзасындай.
Тағылымды тұсымды айт, бұл Таластың, Шона менен Шорабектің тұлғасындай, – деп өресінің биік екенін байқатты.
Ал Қанат тақырыпты жырлауға да қамшы салдырған жоқ.
Құрметтеп Ұлбикені шын көңілмен,
Тойларың құтты болсын бұл берілген.
Мың жылдықта өшпейтін жыр қалдырды,
Жиырма төрт жыл ғана өмір сүргенімен.
Ұлы демей кім дейміз Ұлбикені,
Аңыз боп сақталмайды кім көрінген.
Жиырмадан сәл асқанда жүз жасаған,
Жамбылменен тарихқа бірге кірген.
Қара өлең бала жастан досы білем,
Ұлбике жыр жаттаған бесігінен.
Ұлбикені ұқсатам қызғалдаққа,
Өсірген Қаратаудың төсі кілем.
Грейг қызғалдағын атау керек,
Атақты Ұлбикенің есімімен, – деп керемет жырлай білді.
Келесі сәтте таластық Нұржан Манатбек пен қызылордалық Нұрзат Қару әдемі айтыс жасады. Нұржан:
Айтатын қара өлеңді құныменен,
Жұп болдым Нұрзаттайын іріменен.
Таласта қыдыртайын мен өзіңді,
Қаланы көргің келсе қырыменен.
Ақкөлдің балығынан жегізейін,
Тәбетің тартып тұрса шыныменен, – деп әдемі әзіл тастады.
Ал Тараз қаласынан шыққанымен, атажұрты таластық 10-сынып оқушысы Інжу Жаңабай мен Сыр бойынан келген Бекзат Серіков те болашақтарынан үміт күттірді.
Бекзат:
Інжудің жарқыраған маңдайы екен,
Қос көзі жанып тұрған шамдай екен.
Оқушы қыз дегенге сенбес едім,
Сыр бойынан бас бәйге алған екен.
Он оқитын қыздарың осы болса,
Он бір оқитын қызың қандай екен, – деп қалжыңға ерік берді.
Інжу:
Аңғары Қаратаудың ұлы дастан,
Ұлбикенің жыры мен нұры басқан.
Інжуді он оқитын оқушы деп,
Адамдай сөйлеп тұрсың ғылым ашқан.
Мендей жаста Алтын, Алина, Күміс әпкем,
Топ жарып болған екен жыры дастан.
Ұлбике әпкеміздің сарқытымын,
Он екіде өлеңмен тілін ашқан, – деп әдемі жауап бере білді.
Інжу Жаңабайдың тың теңеулері, тақырыпты жырлауы, жауаптары өте сәтті шыққанын айта кеткен жөн.
Құландық Асхат Қылышбек пен таластық Олжас Отардың айтысы да елге керемет жоғары көңіл-күй сыйлады.
Олжас:
Ағайын, айтыс десе елең етем,
Мен үшін жанашырсың төреге тең.
Қартайғанша айтысты тастамаған,
Кешегі Жамбыл менен Кенен екен.
Олардың жарты өмірін сүрмей жатып,
Айтыс сахнасынан неге кетем? – деп толғаса, Асхат:
Ұзақ шумақ, шұбыртпа Олжасқа тән,
Ішімізді пыстырып болмас мақам.
Чемпиондар шыққан ауданның баласымын.
Топ жарды қабыл болып Елдос батаң.
Бір жапырақ болсам да Олжекеңді,
Сметов інім секілді жамбасқа атам, – деп айтысқа әзілмен ажар берді.
Жуалылық Дидар Апбасов пен Ақтөбе облысынан келген Ақниет Жұбанышов, тараздық Медеу Мырзатай мен Жамбыл ауданының ақыны, 11-сынып оқушысы Жанерке Қамбардың айтысы да көпшілікті жалықтыра қойған жоқ. Ұтымды тұстары аз болмады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (1 миллион теңге) жуалылық Қанат Мырзаханға беріліп, оны Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова табыс етті.
Жүлделі бірінші орын алматылық Шұғайып Сезімханға берілсе, таластық Нұржан Манатбек екінші орынға лайық деп танылды. Ал Сыр бойынан келген ару Нұрзат Қару, құландық Асхат Қылышбек, таластық Олжас Отар үшінші орынның жүлдесімен марапатталды. Осылайша, Талас топырағында тағы бір тамаша айтыс мәресіне жетті.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Майтөбеде ауылдық клубтар арасында Art-тимбилдинг ұйымдастырылды
- 16 маусым, 2025
Азамат. Қаламгер. Тұлға
- 16 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді