«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәрігер-ғалымға туған жерінде құрмет көрсетілді

Дәрігер-ғалымға туған жерінде құрмет көрсетілді
Автор
Көрнекті дәрігер-ғалым, жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, денсаулық сақтау ісінің үздігі Сағындық Ордабековтің 75 жасқа толуына орай туған топырағы – Сарысу өңірінің жұртшылығы ыстық ықыласы мен қошеметін көрсетіп, есімі республикаға белгілі перзентінің мерейтойын кең көлемде атап өтті.

КІЛ МЫҚТЫЛАР БАС ҚОСҚАН КОНФЕРЕНЦИЯ

Алдымен аудандық мәдениет үйінде «Хирург, ғалым, қаламгер» атты республикалық ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Қонақтар «Сан қырлы талант иесі» кітап көрмесімен, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Туған өлке мақтанышы – Сағындық» атты фотогалереямен және «Ғылымның қия жолында» кітаптар инсталляциясымен танысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген медицина саласының көрнекті өкілдері мен ғалымдар бас қосқан конференцияны облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков пен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлт саулығы жолында жарты ғасырдан астам уақыт жүрген ерен еңбек иесіне жылы лебіздерін білдірді. Конференцияда «Шипагерлік пен шығармашылық.

Дәрігер, ғалым, қаламгер С.Ордабеков жайлы толғаныс» тақырыбында жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, «Еліміздегі хирургиялық көмектің жай-күйі және оның перспективалары» туралы «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов, «Хирургиядағы жаңалықтар» туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жақсылық Досқалиев, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы: кеше және бүгін» тақырыбында Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі Сейітхан Жошыбаев, «Жамбыл облысындағы хирургиялық қызметтің жай күйі» туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі, облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жандос Сейдахметов баяндама жасады.

Өз кезегінде Сағындық Ордабеков жылы шыраймен қарсы алған аудан жұртшылығына ризашылығын білдіріп, конференцияның маңыздылығы туралы баяндап берді. Шара барысында дәрігер, ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі С.Ордабековтің жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

«ОРДАБЕК АТА БАҒЫ» АШЫЛДЫ

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековтің мерейтойы туған ауылында жалғасын тапты. Жерлестері қадірлі қонақтарды Аққырқадан күтіп алып, киіз үйде жайылған дастарқан басында емен-жарқын әңгіме құрды. Осыдан соң мерейтой иесі туып-өскен өлкесі Үшбас ауылына атбасын бұрып, «Ордабек ата бағы» саябағының ашылуына қатысты. Жиында сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков жаңа саябақтың ауылдықтар үшін тамаша тарту екенін айтты.

Мұнан соң Үшбас және Әшір Бүркітбаев ауылдары мен Жаңатас қаласынан келген Мәлікомар Жылқыбаев, Серікбек Айтбайұлы, Бақдәулет Майхиев, сонымен қатар, Сағындық Ордабековтің Өмірбек, Рабиға, Тиышкүл және Шәркүл атты аға жеңгелері ізгі тілектерін білдірді.

Жаңа саябақтың лентасын салтанатты түрде қиған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, Тараз қаласының тұрғыны Шүкір Шораев, облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, медицина саласының ардагері, Жаңатас қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағымбек Бегеев жақсылыққа ниет етіп, саябаққа шырша ағаштарын отырғызды.

Дәрігерлік міндетімен қоса, қаламгерлікті де қатар алып жүрген Сағындық Ордабековке ауылдастары ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар