«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аштықты да, соғысты да басынан өткерген қайсар жан еді

Аштықты да, соғысты да басынан өткерген қайсар жан еді
Ашық дереккөз
Тағдырдың жолы сан тарау. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Біз әңгіме еткелі отырған Әлімбек Мәжиев жетімдікті де, аштықты да, соғысты да бастан өткерген қайсар жан еді. Бірақ Алла тағалам жаққан шырақты ешкім өшіре алмайды екен.

1922 жылдың 9-мамырында қазіргі Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округіне қарасты Қызыл Қыстақ ауылында шаруа отбасында дүниеге келген Әлімбектің анасы Бәстілі 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде о дүниелік болған. Жан жарынан айырылған Мәжі арба айдайтын болғандықтан бір ұл, бір қызын қасынан тастамай, бірге алып жүреді екен. Бұл кезде Әлімбек 3 жаста, қарындасы Ақдәнеш 2 жаста еді. Бірде арбамен келе жатқан кезде, алдарынан қаба сақалды орыс шығып, бірнәрсені айтады да, Мәжіні атып өлтіреді. Әйтеуір екі балаға тимеген.

Тұл жетім қалған екеуін нағашы жұрты – Сарымолдаевтар әулеті өздеріне алдырып, шамаларына қарай бағып қағып жүрген кезде, билік басында жүрген Қабылбек Сарымолдаев Әлімбекті «ұл бала ғой, оқысын, білім алсын» деген ниетпен қазіргі Савва атындағы балалар үйіне әкеп өткізеді. Осында тәрбиеленіп, жеті жылдық білім алады. Ал қарындасы Ақдәнеш сол нағашы жұртында тәрбиеленіп, бойжетеді, тұрмыс құрады.

Әлімбек Мәжиев балалар үйіндегі тәрбиешілердің білім-парасатының арқасында жақсы тәрбие алып, қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірге жолдама алып, Абай айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» қағидасын ұстанып, алға ұмтылып, сапырылысқан әлемге ілесіп жүре берді.

Балалар үйінің берген тәрбиесі мен білімінің нәтижесінде ол еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын 1938 жылы Қызыл Ту (қазіргі Тескентоған) ауылында бастауыш мектепте мұғалімдіктен бастады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол да өзгелер секілді майдан даласына аттанып кете барды. Стратегиялық нысандардың бірі саналатын Теміржол ІІБ-нің күзетінде болып, ары-бері тасымалданған соғыс қару-жарақтарының көздеген жеріне уақытылы жеткізілуіне үлесін қосқан әскери жауынгердің бірі болды.

1944 жылы 22 жасында коммунистік партияның қатарына өтті. Соғыс аяқталып, елге аман-есен оралған соң, білімін жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы оқытушылар дайындайтын курсқа түсіп, білім алады. Орыс, қазақ тіліне жетік Әлімбек Мәжиев 1948-1951 жылдар аралығында Меркі аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. Өз ісіне тиянақты, сеніп тапсырылған жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып, аудан басшыларының назарына ілініп, лауазымы жоғары қызметтер атқарды.

Атап айтар болсақ, 1951 жылдан 1982 жылға дейін «Қостоған» колхозында, одан соң «Победа» шаруашылығында партком хатшысы, «Нововоскресеновка» селолық кеңесінің (қазіргі Андас батыр ауылдық округі) төрағасы, Жамбыл атындағы колхозда, «Татия» совхозында партком хатшысы, кейіннен «Татия» селолық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеп, осы жұмыстан зейнетке шыққан. Әлімбек Мәжиев бірнеше жыл қатарынан жергілікті және аудандық Кеңестердің депутаты, аудандық партия комитеті пленумының мүшесі болған. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі және соғыстағы ерлігі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен және басқа да көптеген медальдармен, Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

– Әкемнің өз жұмысына адалдығы, қолының тазалығы соншалық, зейнетке шыққанға дейін өзінің жеке меншік үйі, артық дүние-мүлкі болған жоқ, «менің байлығым – балаларым», – деп жүре берген ғой.

Отбасында үш қыз, үш ұл тәрбиеленіп, өсіп жетілдік. Әкем зейнетке шыққанда, шын мәнінде бәріміз қатты толғандық, қайда барамыз, қайда тұрамыз дегендей...

Әкем сыр білдірмейді. Жоғарыда атап өткендей, әкем Татия селолық кеңестің төрағалық қызметінен босап, зейнетке шыққанда, шаруашылық басшысы Қайсарбай Ыдырысовтың шешімімен «Газ-69» жеңіл автокөлігін сыйға беріп, кілтін қолына ұстатқан ғой.

Сөйтсе әкем Әлімбек «Сіздерге көп-көп рахмет, бірақ, бұл машинаны мен мінбей-ақ қояйын, одан да шаруашылықтың бір маманы мініп, қызмет атқарсын» – деп, қолындағы кілтін қайтарып берген екен.

Осындай адалдығының нәтижесі болса керек, халық депутаттары Меркі аудандық Кеңесі атқару комитетінің сол кездегі төрағасы А.Волошин әкемді өзіне шақырып алып, зейнет жасына толуымен құттықтап, Сарымолдаев ауылдық округіне қарасты Вильгелм Пик көшесінің бойында орналасқан коммуналдық екі пәтерлік үйдің бір жақ бетіндегі пәтердің кілтін қолына ұстатқан», – деп Әлімбек Мәжиевтің баласы Бейбіт өткен күндерді сағынышпен еске алады.

Әлімбек Мәжиев зейнетке шыққанымен, қол қусырып жатпай өзі тәрбиеленіп, өсіп-жетілген Савва атындағы балалар үйіне жұмысқа орналасып, қосалқы шаруашылық жұмысымен айналысты. Балалар үйі басшылығының қолдауымен Әлімбек аға бау-бақша егетін 40 гектарға жуық жер алып, балаларды көк сөкпен қамтамасыз етті. Осы жұмысты 10 жылдай атқарып, 1992 жылдың 7-желтоқсанында ауыр науқастанып, дүниеден өтті.

«Орнында бар оңалар» демекші, жұбайы Ұлтыш Ахметжанова екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ұлағатты ата-ана атанды. Әлімбек Мәжиевтің елі үшін атқарған ерен еңбегі ескеріліп, Сарымолдаев ауылдық округінде өмірінің соңына дейін өзі тұрып келген Вильгелм Пик көшеге оның есімі берілген. Шынында ары таза адам адал өмір сүреді. Бұл тұрғыда Әлімбек Мәжіұлының адалдығы, оның Отанына, отбасына, қоғамға деген адалдығы басқаларға үлгі болып, болашаққа деген сенімін арттыра түскені анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар