
Бұл ретте жоғары әскери оқу орындарымен қатар, азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларына жүктеліп отырған міндет те салмақты. Себебі армиямызда кешегі кеңес заманының сарқыншағындай сақталып қалған «жарғылық емес қатынастар» деп аталатын әлімжеттік пен тәртіпсіздік мәселесі әлі де талай бозбаланың бойына үрей ұялатып, олар әскерден жалтару амалы ретінде әскери кафедрасы бар университеттерге оқуға түсіп жатыр. Мұны жақсы білетін жоғары оқу орнының басшылары әскери кафедра ашуды қосымша табыс көзі санайды. Кейінгі сегіз жыл ішінде 16 оқу орнында әскери кафедра ашылғаны – соның айғағы.
Студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде оқитынын ескерсек, университеттер үшін әскери кафедралар талапкер санын көбейтіп, табыс табу көзіне айналып кеткені анық. Оның үстіне, әскери кафедрасы жоқ оқу орындарына түскен жас жігіттер де басқа университеттердің әскери кафедраларында ақылы негізде оқып, әскерге бармаудың жолын тауып жүр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде 41 жоғары оқу орнында әскери кафедра жұмыс істейді. Олардың 16-сы – мемлекеттік, 15-і – жекеменшік университеттер. Ал кеңес одағы кезінде Қазақстандағы жоғары оқу орындардың небәрі 12-сінде ғана әскери кафедра бар еді. Әлемнің жетекші елдерінде де армияны нығайтуда азаматтық оқу орындарындағы әскери даярлық жүйесі ерекше рөл атқарады. Мәселен, АҚШ-та 600-ден аса азаматтық оқу орнында немесе барлық университеттің шамамен 20 пайызында әскери даярлық пәні оқытылады.
АҚШ Қарулы Күштері офицерлер корпусының шамамен 70 пайызы – жоғары оқу орындардың әскери даярлық курстарын аяқтаған түлектер. Жыл сайын әскери даярлық курстарын бітірген жастардың 50 пайызға жуығы тұрақты әскери бөлімшелерге әскери қызметке шақырылады. Әсіресе азаматтық оқу орындары даярлайтын тар бейінді мамандар – дәрігерлер, физиктер, химиктер, инженерлер, сондай-ақ әскери барлау мамандары АҚШ қарулы күштерінің қатарына жиі алынады.
АҚШ-тың азаматтық білім ұйымдарындағы офицерлер даярлау жүйесі бойынша колледждерде екіжылдық, ал университеттерде төртжылдық оқу мерзімі қарастырылған. Екіжылдық оқыту бойынша резерв офицерлерін даярлағанда мемлекет оларға ақы төлемейді. Төртжылдық бағдарламамен білім алушылар стипендия, кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға, көлік шығынын жабуға арналған төлемдермен, тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бұған айтарлықтай қаржы бөлінеді. Егер курсант келісімшарт талап-тарын орындамаса, онда одан офицерлерді даярлау жүйесі бойынша жұмсалған барлық қаржы мемлекет қазынасына қайтарылып алынады. Осыған ұқсас жүйе Ұлыбритания мен Францияда да енгізілген. Жалпы, алдыңғы қатарлы Қарулы Күштерге ие басқа мемлекеттердің кейбіріндегі ЖОО-ларда әскери кафедра жоқ.
Мысалы, Ресей Мамандығы – мақтанышы Федерациясында 2019 жылдан бастап университеттердің әскери кафедралары жабылып, олардың базасында Қорғаныс министрлігінің 33 Әскери оқу орталығы құрылған. Қазір олардың жалпы саны 120-ға жеткен. Бүгінгі таңда Әскери оқу орталықтарында 60 мыңдай студент оқып жүр. Олар жоғары оқу орындарында азаматтық мамандықпен қатар әскери мамандық та алып шығады.
Ресей Федерациясы Әскери оқу орталықтарының ерекшелігі – оларды бітірген түлектерге келесі үш жыл ішінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару міндеті жүктеледі. Оған келіспеген жағдайда түлектің Әскери оқу орталығында оқуына жұмсалған қаражатты өтеуіне тура келеді. Себебі Әскери оқу орталығында оқу – мемлекеттік бюджеттің есебінен тегін жүргізіледі.
Біздің елде де әскери кафедраға оқуға қабылданған студенттер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, офицерлік лауазымдарда екі жыл әскери қызмет өткеру туралы міндеттеме қабылдайды. Әскерге шақырылып жатқан запастағы офицерлер саны кейінгі жылдары біршама көбейтілді.
Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы Үкіметтің «Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулысына сәйкес, небәрі 190 запастағы жас офицер әскери қызметке шақырылды. 2023 жылы әскери қызметке шақырылуға жататын запастағы офицерлердің саны 635-ке жеткізілді. Ал өткен жылы запастағы 600 офицер армияға аттанды.
Биыл бұл көрсеткіш 915-ке жеткізілді. Запастағы офицерлер, негізінен, Қарулы Күштерде, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімшелерінде қызмет етіп жүр. Шынтуайтында, запастағы офицерлер армияда және өзге әскери бөлімшелерде сардарлар жетіспегендіктен әскери қызметке шақырылады.
Бұл – әскеріміздегі офицер лауазымының беделі әлі де жеткіліксіз екенімен де байланысты кемшілік. Мысалы, еліміздегі әскери оқу орындарына құжат тапсырған талапкерлер саны 1 орынға 2 адамнан да келмейді. Ал бауырлас Түркия мемлекетінде 1 орынға орташа 450–500 талапкерден келеді екен. Сондықтан, Наполеон Бонапарттың: «Өз әскерін асырағысы келмейтін халық жат әскерді асырайды», – деген әйгілі сөзін жадымызда ұстап, армиямыздың күш-қуатын арттырудан, соның ішінде офицерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, беделін арттырудан қаржы аямауымыз қажет.
Жігер Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген жауынгер Жуырда сенатор Дархан Қыдырәлі осы тақырыпта Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда мектептердегі бастапқы әскери даярлық және офицерлер даярлау жүйесін жетілдіру мәселелерін сыни тұрғыдан көтерді.
Үкіметтің оған берген ресми жауабында: «Әскери білімнің жоғары деңгейде танымал болмауы оны алу кезіндегі қиындықтармен және сын қатермен, сондай-ақ азаматтардың әртүрлі санаты үшін экономикада анағұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік және жеке гранттардың болуымен байланысты. Осыған байланысты әскери қызмет пен әскери білімнің беделін арттыру аясында Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді», – делінген.
Алайда Сенат депутатының: «Әскери кафедралар түлектерінің саны – 120 мың. Жыл сайын 7 мың түлек бітіріп шығатынын ескерсек, алдағы 10 жылда олардың саны тағы 70 мыңға артады. Әскерге адам жетіспейді дейміз, сонда запастағы офицерлер мен сержанттар саны қатардағы сарбаздан көп болып кетпей ме?» деген сауалы жауапсыз қалыпты.
Әрине, бұл арнайы ғылыми зерттеу жүргізіп, соның негізінде ғана тиісті шешім қабылдайтын мәселе де болар.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жауынгердің ерлікке толы орық жолы
- Бүгін, 05:24
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді