«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талап – еңбек заңдылығының бұзылмауын қадағалау

Талап – еңбек заңдылығының бұзылмауын қадағалау
Ашық дереккөз
Биыл облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының құқықтық инспекция қызметінің табысты жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл толып отыр. Бұл институттың бастауында ардагерлеріміз, білім қызметкерлері кәсіподағының бұрынғы басшысы Гүлсін Орынбаева мен орынбасары Виктор Беженаров тұр. Аталған құқықтық инспекцияның басты мақсаты – кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Қордай ауданындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының құрамына аудандық білім бөлімі, 47 жалпы білім беретін мектеп, 4 жеке меншік бастауыш мектебі, 12 қосымша білім беру ұйымы, 18 балабақша, бір жеке меншік пен бір мемлекеттік колледж кіреді. Құқықтық инспектордың міндеті – білім беру мекемелеріндегі еңбек заңдылығының бұзылмауын қадағалау, бұзушылық орын алған жағдайда заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылықтың алдын алып кеңес беру. Білім мекемелерінде инспекция тарапынан жүргізілген тексерістер барысына тоқталсам.

Мәселен, аудандық білім бөлімінің Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі Л.Абильдиноваға, дене шынықтыру пәні мұғалімі А.Махаматдиновқа, информатика пәні мұғалімі Н.Кусайноваға жоғары педагогикалық білімі туралы құжаты бола тұра оларға орта арнаулы маман ретінде жалақы төленіп келген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» №191 бұйрығының 6 тармағы және 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарттың 7.7. тармағын басшылыққа алып, еңбек жалақысына қайта есептеу жүргізу туралы мекеме басшысының атына тоқтам толтырылды.

Бүгінгі таңда аталған үш қызметкер еңбек жалақысын жоғары білімді маман ретінде алуда. Қаңтар айында еңбек жалақысы дұрыс есептелмеген Л.Абильдиноваға 65152, А.Махаматдиновқа 21776, Н.Кусаиноваға 106613 теңге төленді. Ал Отар ауылындағы №3 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі Н.Бақберген педагог модератор біліктілік санатына тиісті қосымша ақы төленбегені туралы арызданды. Оның арызын қарау барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, мекеме тарапынан педагог-модератор санатына төленбеген 1 миллион 253 443 теңге Н.Бақбергеннің есебіне өндіріліп, берілді.

Бұдан бөлек, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептерді тексеру барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 21 шiлдедегi №224 бұйрығына сәйкес мектепте кітапхана меңгеруші мен кітапхана лауазымдары болу керек екені дәлелденіп, 2024-2025 оқу жылына штаттық кестеге сай кітапхана меңгерушісімен кітапхана лауазымы толықтырылып беріліп отыр.

Аудандағы №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Г.Сулеймановаға «Ақпаратты өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйелері» дипломымен 2000 жылдан бастап педагогикалық қызмет атқарып келгеніне қарамастан, 2024-2025 оқу жылында педагогикалық қызметті ары қарай жалғастыруға шектеу қойып жатқандығы туралы арыз түсті. Г. Сулеймановаға Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V Құқықтық актілер туралы Заңының 43-бабына сай Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайтындығы, азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайтындығы, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны туралы мекеме басшысына да, арызданушыға да жеткізілді. Бүгінгі таңда Г. Сулейманова өз лауазымында қызметін толық атқаруда.

Осы сияқты, №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі Н.Тоққожа өзін жұмыстан заңсыз шығарды деп арызданған болатын. Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, қызметкер мекеме басшысының бұйрығымен заңсыз жұмыстан босатылғаны анықталды. Мектеп директорының атына Н.Тоққожаны қайта өз жұмыс орнына орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндеріне өтемақы төлеп беру туралы тоқтам толтырылып берілді.

Бүгінгі таңда технология пәні мұғалімі өз жұмысын атқаруда. Ай сайын жоспарлы тексеру кезінде көптеген заңбұзушылықтар еңбек қатынастарын рәсімдеу кезінде жіберілгені анықталды. Мәселен, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, басқа лауазымға не қызметке ауыстыру, толық сағат жүктеме беру немесе жұмыста болмаған қызметкердің орнын алмастыру, іссапарға жіберу тағы сол сияқты бұйрықтарды рәсімдеген кезінде қолданыстағы еңбек заңнамасының баптарына сілтеме жасамай бұйрық шығарылған жағдайлар көп кездеседі.

Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен жұмыс істемейтіндігін айғақтайды. Құқықтық инспекция тек педагогтердің ғана құқықтарын емес, мекеме басшылары, мен олардың орынбасарларының да құқықтарын қорғайтын бірден бір күш деп айтуға болады.

Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы атына Қарасай ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі А.Есенбаев пен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г. Бердыбаевадан өтініш түскен. Олардың арыздарын қарау барысында еңбек кітапшаларында олардың атқарып отырған лауазымдарының қате жазылғаны белгілі болып, қате түзетілді. Бүгінгі таңда А.Есенбаев Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директор лауазымына тағайындалса, ал Г.Бердыбаева «директордың әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары» лауазымында өз қызметін атқаруда.

Өздеріңіз байқап отырғандай, көптеген заңбұзушылық фактілер құқықтық «нигилизмнен» туындайды. Сол себептен ондай фактілерді болдырмау мақсатында аудандық білім қызметкерлері кәсіподағымен бірге құқықтық инспектор оқу семинарларын жиі ұйымдастырып, дамытып отырады. Оның аудандық білім бөлімінің мамандары мен білім беру мекемелерінің басшылары және кадр жұмысымен айналысатын қызметкерлерге беретін көмегі көп.

 

Бауыржан АЛПЫСБАЕВ,

Қордай ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы

Ұқсас жаңалықтар