«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еркектерді сақтаңыздар!

Еркектерді сақтаңыздар!
Ашық дереккөз
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ерлер денсаулығы, соның ішінде белсіздік, қуық асты безінің қабынуы, эректильді қызметінің бұзылуы, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, қуық асты безі қатерлі ісігі аурулары уролог дәрігерлерді алаңдатып отыр. Себебі өз еркімен аурудың бастапқы кезеңінде ертерек келіп, емделетін ерлер қауымы аз болып тұр. Әбден асқынып немесе жаны көзіне көрінген кезде ғана уролог-андролог дәрігерге жолы түседі. Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деп қатты айтса да, қалыс айтпапты. Бүгін ұят та болса, осы тақырыпты қозғауды жөн көрдік. Себебі атқа қонған, үй ішінің тірегі, отбасының қорғаны болған ер азаматтардың денсаулығы баршамыз үшін өзекті.

1970 жылдары демограф ғалым Б.Урланстың «Еркектерді сақтаңыздар!» деуінде үлкен мән жатыр. Дабыл қағарлықтай болған соң бұл тақырып біздіңше ұят емес. Ал енді не себепті ер азаматтар қауымы дәрігерге көрінуді кешеуілдете береді десек «белсіз деп айтады», «Ауру жұқтырған дейді» деп ел-жұрттан ұялады екен.

«Уролог дәрігерге өз аяғымен келудің өзі мұң» дейді қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталықтың бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов.

Жылы жүзді дәрігермен сағаттап әңгімелестік. Айтуынша, ерлер қауымының денсаулығына зор көңіл бөлу 2009 жылдан бастап Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының бас директоры, ҚР ДСҚМ бас урологы, ҚР Урологтар қауымдастығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаевтың бастамасымен басталған екен. Сол уақыттың өзінде «Ерлер денсаулығы күндері» ұйымдастырылып, әр өңірдегі азаматтардың денсаулығын тегін түрде тексеру қолға алынған.

2014 жылы «Ерлер денсаулығы» орталықтары әр қалада ашылып, облыстағы ерлер көп жұмыс істейтін «Қазфосфат» ЖШС жұмысшыларын, ішкі істер, құқық қорғау, әскери қызметкерлерді жұмыс орындарына барып скринингтен өткізген. Тек біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық қаласында ерлерді медициналық тексеруден өткізген. Сонда анықталғаны 2009 2012 жылдар аралығында «Ерлердің денсаулық күні» жобасын еліміздің 16 қаласында: Астанада, Алматыда, Шымкент, Өскемен қалаларында 2 реттен, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Атырау, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткізген.

Мұнда барлығы 4021 ересек ер мен ер балалар тексерілген. Тексерілген 3569 азаматтың 2934-інде, яғни 82,3 пайызында патология табылып, соның ішінде 1206-сы, яғни, 33,85 пайызы созылмалы простатит болып шыққан. Ал 2035 пациенттің 759-ы, яғни, 37,3 пайызында тестостерон жетіспеушілігі анықталған. Ең бір сорақысы, 1-16 жасқа дейінгі тексерілген 458 баланың 414-інде, яғни 90,3 пайызында патология табылған. Сонда 44 баланың, яғни 9,7 пайызының ғана дені сау болып шыққан.

– Жаңа отау құрған жастардан үйлене салып ата-ана да, туған-туыс та сәби күтеді. Уылжыған сәби иісін аңсаған ата-әже үшін бұл дұрыс та шығар. Алайда келін бала көтермесе кінәні содан көреміз, кінәнің өзегі күйеуінде болуы мүмкін. Қоғам жалпы бірдеңе болса, әйелден көргенді жақсы көреді. Ер адамның шаһуатының пайызы аз болуы немесе жыныстық аурулары бар болуы мүмкін. Оны тексертпей жатып, кінәні басқадан іздемеу керек. 14-15 жасқа келіп, жетіле бастағаннан уролог дәрігерге көрсетіп, ерлер жылына екі рет келіп, талдау тапсырып, емделіп тұруы керек, – дейді Хамит Саттарқұлұлы.

Қазақы болмысты қарапайым дәрігердің бұл тақырыпта айтары өте көп екен. Себебі өзі де уролог андролог. Шешіліп сөйлеп ерлер арасындағы кіші дәреттің тоқтамауы, яғни зәр ұстай алмауы жайын да айтты. Медицинаның дамығаны соншалық, оталардың түр-түрін 2009 жылдан бастап Алматыға жібермей, Таразда жасай бастағандарын айтты. Көбіне азаматтардың бұл орталыққа қуық асты безінің созылмалы ауруларымен, жыныстық жолмен жұғатын аурулармен, кіші дәреттің жүрмей қалуы немесе тоқтамауы, сынды мәселелермен келетіндігін айтып өтті. Басы ауырып, балтыры сыздап, ауруын асқындырып келетіндер көп.

«Өз тәжірибемде науқастарға жылы сөзді аямаймын», – деп отыр Хамит Саттарқұлұлы.

Қолы жеңіл, елгезек дәрігерді арнайы іздеп келетін науқастар да жетерлік. Бір жағы басшылық қызметте отырса да мынаны жасап жатырмын, мына дүниені енгіздім деп дабырайтпай, жаны тыныштықты қалап, мақтангершілікті сүймейді.

– Сол іздеп келген науқастарға ең бірінші айтарым: «Сіз маған сенесіз бе? Сіз жазыласыз, тек мына дәрілерді үзбей ішуіңіз керек. Былай етуіміз қажет» деген секілді жылы сөзімді айтып, науқасты жазылатынына сендіремін, – дейді ол.

50 жастан асқан соң ерлерде қуаты азайып, еркектік гормондар төмендейді. Көбіне осындай жаста жыныстық жолда түйіндер пайда болады. 85 пайыз – қатерлі ісік, 15 пайыз қатерсіз ісік түрінде кездеседі. Профессор М.Алшынбаевтың өзі әркез ер адамдарға қарын жіберіп, семіруге болмайтынын, яғни артық салмақ қоспай, жүйрік аттай болу керектігін, азаматтардың арақ-шарапқа құмар болмауын дәрігерлер жинала қалғанда жиі айтады.

Арасында әзілдеп, сәл толысқан урологтарға «тарт қарныңды» дейтін көрінеді. Қарап тұрсақ, уролог дәрігерлердің көбісі сымға тартқандай екен. Соған қарағанда «алтын қағиданы» жақсы ұстанатын болса керек. Келуші науқастар көп. Әйел адамдар бүйрек ауруымен, әйелдерде кездесетін урологиялық аурулармен келіп отырса, ерлердің көбісінің жасы 40-тан асқандар.

– Айналайын-ау, сен қыз бала болған соң айтуға ұялып тұрмын. Құшақ құшақ ауруды жиып алып жүрмін, – деп қысылғаны сонша терлеп кетті.

– Жас күнімде ауруыма мән бермеппін. Жүре беріппіз. Қазақы менталитетімізге сай, ауырдық деуге көршіден, туыстан, ата-анадан ұялатынбыз, – деп қорытты ойын.

Қарап отырсақ, дәрігерлердің бастапқы айтқанын растап тұр.

– Алдыма науқастар екі жағдайда келеді. Жастар жағы белсіздік мәселесімен. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Екіншісі – үлкен кісілер қуық асты безі, яғни аталық бездің қабынуы ауруларымен келеді. Қарапайым тілмен түсіндірсем, аталық бездің қабынуы дегеніміз, әйелдерде кездесетін миома сынды ісік болады. Аталық бездің қатерлі ісігі аталық безден асып кетпей тұрып анықталса, емделу деңгейі 99 пайызға жетеді. Егер ол лимфа түйіндеріне және дененің басқа бөліктеріне таралса да, емдеу кезінде ұзақ мерзімді емдеу деңгейі 80 пайыздан 90 пайызға дейін болады. Ерте анықтау өте маңызды. Ай сайынғы тестикулярлық өзін-өзі тексеру – мұны істеудің бір жолы. Аталық безді өзін-өзі тексеру жылы ваннадан немесе душтан кейін, мойынның терісі босаңсыған кезде жүргізіледі. Егер алдыма келген науқастың қатерлі ісік деген күмәні болса, уақыт оздырмай онкологиялық орталыққа жіберемін. Біздің орталық кеңес беру орталығы болған соң ерлерден анализ алып, ем-дом тағайындаймыз. Кеңес береміз. Дұрыс диагноз – дұрыс емнің жартысы. Сондықтан біз нақты диагнозын қоямыз, – дейді Хамит Саттарқұлұлы.

Орталық күніне «белден кеткен» он науқасты қабылдайтын көрінеді.

– Күлетін нәрсе емес, белсіздік – шаңырақтың шайқалуына әкелетін жағдай. Жалған намыс не керек, алдымызға келсін, тексерілсін. Бала күннен сүндеттеле салысымен-ақ ер баланы тексерту қажет. Барлық талдаулар осы жерде алынады. Ерлер арасында белсіздіктің белең алуы жастардың сыраға құмарлығынан және жыныстық қатынаста жұқтырған түрлі инфекция салдарынан болып отыр, – дейді дәрігер.

Ертерек қолға алынса да ерлер ауруы асқынып тұр. Мұны күту залында жайғасқан ерлер және дәрігерлер көрсеткен фактілер айқындап отыр.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар