
Дәрігер невропатолог Нұрлан Досболов 1988 жылы 18 тамызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. 2013 жылдан бері науқастарға ем беріп, жанға шипа болып жүр. Бүгінгі күні жаңадан ашылған әлеуметтік оңалту орталығында бас реабитолог. №9 қалалық емханада балалар дәрігері әрі невропатолог. Бір өзі бесаспап дәрігер әрі оңалтушы, әрі балалар мен ересектердің невропатологы.
Елордамыздың төрінде Астана медициналық университетін тәмамдаған ол бастапқыда неврология саласында оқыған. Кейін интернатураны оңалтушы болып аяқтаған. Жан дүниесі мейірімділікке толы Нұрлан бүгінде қаншама адамның алғысына бөленуде. Әсіресе пандемия жылдарында коронавируспен ауырған науқастарға тигізген көмегі зор болыпты. Өзінің айтуынша, сол алапат жылдары жүгінген науқастардың 90 пайызы коронавирус індетінен аман қалған екен.
– Неврологиялық аурулар өте көп. Күнделікті өмір салтымыз өзгеріп кеткен. Тамақтануымыз да нашар. Жоғары толқынды байланыс құралдарының көбеюінен де, күйбең тіршілікпен өз уақытымызды дұрыс пайдаланбағандықтан осы ауру түрі асқынған. Алдыма ересектер де, кішкентайлар да көп келеді. Басы, қол-аяғы дірілдеп, өз-өзін икемге келтіре алмайды. Стресс, депрессия бүгінгі адамдарға тән болды. Ашушаңдық, сөз көтере алмаушылық, арты адам өліміне әкеп жатыр. Ашушаңдықтан бір-бірін ұрып өлтіріп қойып жатқандар да бар. Қазіргі заманда ұрыс көп. Сәл нәрседен кемшілік іздеп, бір бірінің сүрініп кетуін аңдып тұратындарды енді айта алмаймын. Сабырлылық танытып, өз кезегімен кіретін науқастар аз. Өмірдің қай саласы болсын, жылдамдық, оперативтік деп адамдар жүйке жүйесіне салмақ түсіруде. Жүйке ешқашан өз орнына қайта келмейді. Сондықтан сіз-ақ жеңіле салыңыз, ұрысқа үйір болмаңыздар. Бойларыңызды ашу-ызадан аулақ ұстаңыздар. Теледидардан көрсетіліп жатқан жаман ақпараттарды көрмеуге, тыңдамауға тырысыңыздар. Аурудың бәрі осыдан. Байқайсыз ба, Қазақстанда балалар невропатологы өте көп. Өкінішке орай кішкентай пациенттеріміз сал ауруларына, аутизм, өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедектікке шалдығуда. Дені сау әйел дені сау баланы өмірге әкеледі. Жауапкершілік – ана мен әкеде. Елімізде жастар үйленер кезде түгел денсаулықтарын тексертіп, кінәраты болса, емделіп барып үйленгендері дұрыс. Науқас балалар келгенде жүрегім қан жылайды. Ішімнен білдірмесем де, өкініштен өзегім талады. Осы талапты заңға енгізу керек. Қан аздығы ауруымен, бүйрек жеткіліксіздігімен босанады. Сосын қайбір сау бала өмірге келеді. Ата-ана – баланың айнасы. Үйде ұрыс-керіс көп болып, үнемі ашушаң болып жүретін әйел қыдырымпаз ер балаға қандай тәрбие береді. Анасын көрген бала ол да ашушаң болады. Байқайсыздар ма, балабақша, мектептің өзінде жауыздықпен бір-бірін ұрған балаларды кездестіруге болады. Ол осы жоғарыда мен айтқан әңгіменің жалғасы. Біздер, ересектер балаға үлгіміз. Дәрігер ретінде әр ісіңіз үлгі болсын дер едім. «Денсаулықтың кепілі – тамақтың дұрыс қорытылуында» деп Ибн Сина айтқандай, тамақты дұрыс талғап жеу керек. Дұрыс тамақтануға көшу керек, – дейді дәрігер Нұрлан Досболов.
Нұрлан Ерімбетұлының жары Гүлшат Сайлау бүгінде бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Екеуі бес қыз тәрбиелеуде. Бүгінгі күні дәрігер айтпақшы, бастың сынып ауруы немесе айналуы, мигрень, эпилепсия сынды ауру түрлері көпті мазалайды. Жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 70 пайызы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. Күн санап жүйкесі тозғандар саны күрт өсуде. Арты есінен адасушылыққа алып келуде. Соңғы кезде стресс деген сәнге айналды. Еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін күйзеліске ұшырап жүр. Жетісіп жүрген ешкім жоқ. Көшеде көңілсіз кетіп бара жатқандардың қарасы көп. Әрқайсысының басында бір мұң. Сонда бұл дертті жеңудің жолы жоқ па? Біз осы сұрақты дәрігерге қойып көрдік.
– «Көтермесе көңілді кір басады» демекші, біреу келіп, сіздің көңіл-күйіңізді көтеріп беруге міндетті емес. Мына өмірге келгеніңіздің өзі бақыт емес пе? Өлшеп берілген ғұмырды неге қуанышпен, жақсылықпен, сүйсінумен, махаббатпен өткізбеске? Мәселе ешуақытта бітпейді. Алла берген балаларыңызға қарап сүйсініп, солардың жетістігіне қуанып, жұмысыңыздың бар екеніне шүкір деп қуана білген жөн. Адам көп жағдайда өзінің стресске түскенін байқамай жатады. Алайда күйзеліс созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Уақытылы ем-шаралар қолданбаса, ары қарай психикалық аурулардың ауытқуына, депрессияның ауыр түріне алып келеді. Сондықтан қай кезде де күйзеліске түссеңіз, ішіңізден жиырмаға дейін санап, сабырға келуге тырысыңыз. Ол көмектеспесе, терең тыныс алып, денені шынықтыру керек. Бірақ спортқа бұрыннан икеміңіз болмаса, әсерлі ән тыңдап демалған дұрыс. Өз-өзіңізбен сырласудың тағы бір тамаша жолы – таза ауада тыныстау. Жаяу жүріп, айналаның сұлулығына тамсану да ашуды қайтаруға септігін тигізеді. Сонымен қатар өзіңізге ұнайтын тәтті тағамды жеңіз. Басыңыздан өткен жағымды оқиғаларды көз алдыңызға елестетіңіз. Сол арқылы өзіңізге күш жинаңыз. Болмашы оқиғаларға ашуланбауға тырысыңыз. Цифрлы ақпараттандыру заманында зұлымдықты, жауыздықты, зорлық-зомбылықты көп насихаттайды. Теледидардан да ұятсыз киноларды, өлім-жітімді ашықтан ашық насихаттайды. Бәрі жүйкені тоздыруға құмар. Керек емес ақпараттарды миға жинамаңыздар. Бұрын әдеби, мәдени өмірді оқып, көріп өсуші едік. Қазір олай емес. Ойын үшін отбасын қырған бала, айқайға бейім ана, ештеңемен ісі жоқ күйеу – қазіргі қоғамның көрінісі болып тұр. Жан тыныштығына ештеңе жетпейді. Жүйкені сақтаңыздар. Өздеріңізге арнайы уақыт арнаңыздар. Лажы болса, дәрісіз емделуге тырысу қажет, – дейді дәрігер Досболов.
Дәрігерді көршілері, туыстары да іздеп келіп, ем көрсетуін сұрайды екен. Халықтың баласына айналған Досболов елгезектігімен ел есінде. Болашақта халыққа тегін қызмет көрсететін жеке емхана ашсам деген ойы бар. Қазақ ежелден «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Қазіргі қарбалас уақытта адамдар үнемі күйзеліс үстінде жүретіні белгілі.
Алайда жүректен кейін, жүйке жүйесінің қызметі маңызды екенін ескерсек, әр адам бұл аурудың алдын ала білуі тиіс. Шамадан тыс эмоцияға берілмей, кез келген мәселені сабырмен шешуді қолға алған дұрыс. Себебі зақым келген жүйке талшықтарын қалпына келтіру оңай емес. Әрине, ауырған жағдайда дәрігерге қаралған абзал.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді