
Аянаның ұлты – кәріс. Бірақ жүрген ортасының барлығы жергілікті халықтармен байланысты. Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатында бірнеше жыл білім алған. 2014 жылы Тараз сервис және технология колледжін «Туризм» мамандығы бойынша тәмамдапты. Колледжде оқып жүрген кезінде Қазақстан Республикасының колледж студенттері арасында «Үздік ТОП-100 студент» жеңімпазы атаныпты.
Қазіргі таңда Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Экономика және бизнес» факультетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 1-ші курс студенті. Аяна Радионқызы облыстық Ассамблея жастары қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Жай ғана қатардағы мүшесі емес, мемлекеттік тілдің жанашыры.
«Қазағымның дауысы» өзге этнос өкілдерін қолдау және қазақ тілінің этносаралық мәртебесін көтеру мақсатында дыбыс жазу жобасының авторы. Қазақ тілінде өзім ғана сөйлесем жетеді деп шектелмей, өзге ұлт өкілдерінің жастарына да сөзімен де, ісімен де, жарқын жобасымен де үлгі. Ол өзінің өнерге қадамын 2013 жылдан бастапты. Түрлі қала, облыс, республика деңгейіндегі байқауларға қатысып, әлеуметтік желі, газет, телеарналарда қазақ тілін насихаттап келеді.
Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша «Қоғамдық қызметтегі үздік жас» номинациясының иегері. 2022 жылы бірнеше талантты жастармен бірге сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың қабылдауында болған. 2023 жылы META MEET XIX Республикалық студенттер шақырылымына қатысып, Оқу ағарту министрі Ғани Бисембаевтың қабылдауында болған кезі жаңадан басталып келе жатқан өмірінің сәтті парағы.
Сонымен қатар Аяна бірнеше байқауға да қатысып, бағын сынап жүрген жеткіншек. Өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған «Елім дегендер» шығармашылық байқауында «Аспаптық өнер» номинациясы бойынша жүлделі 2-ші орынды, 2024 жылы облыстық «Көркем сөз оқу» байқауында да екінші орынды иеленді.
Республикалық «Домбырашылар одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. ҚХА Қоғамдық келісім жанындағы «Мәміле» облыстық спикерлер ұйымының мүшесі. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Алтын шаңырақ» студенттік кіші ассамблеясының төрағасы.
2024 жылы «Ұлы даланың – ұлтаралық тілі» атты республикалық қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері арасында өткізілген форумына қатысып, тәжірибесін шыңдап қайтты. Аяна Ким өз пікірін былай білдірді.
– Менің қазақ ұлтынан дос қыздарым көп. Оларды мен де ерекше құрметтеймін. Корей тілімен бірдей мемлекеттік тілді ерекше қастерлеймін. Анам Назерке менің әр жетістігіме қуанып, қолдау береді. Қазақ халқы – менің нағашыларым. Сондықтан қазақ еліне деген құрметім жоғары. Алдағы уақытта да қазақ еліне қызмет ете бермекпін. Отаным – Қазақстан. Маған біздің елдегі түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық, ынтымақ пен бірлік ұнайды. Бұл қазақ елінің дархандығы мен кеңдігінің арқасында кең өріс алып отыр. Қазақ еліне, қазақ достарыма әрқашан бас иемін, – дейді ол.
Ұлт өкілдері арасындағы достыққа үлесін қосып жүрген жігерлі жас Аяна Кимнің шығар биігі әлі алда. Сол биік шыңдарға өзіне дос болып жүрген қазақ қыздарымен бірге жете бермек.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді