
Жақында Нұрғали Сапарбайұлы мектеп бітіргендеріне 45 жыл толуына орай өзі түлеп ұшқан Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектебінде өткен «Соңғы қоңырау» салтанатында үлкен азаматтық танытты. Қадірлі қонақты мектеп директоры Сабыр Мұраталиев қарсы алып, құрмет көрсетті.
«Соңғы қоңырау» салтанатында Қарасу ауылдық округ әкімі Айдын Масатов, ардагер ұстаз Амангелді Қоңырбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арқабай Алдашов ізгі тілегін жеткізсе, мектеп басшысы Сабыр Кенетұлы білім ошағының жыл ішіндегі табыстарына тоқталды. Жамбыл ауданы әкімінің бас инспекторы Назира Шалбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Тоқтасынқызы да жылы лебізін білдірді.
«Соңғы қоңырау» салтанатында мектепті бітіргендеріне 30 жыл болған түлектердің атынан әнші Ақбота Ержанова, ал 20 жыл бұрын бітірген түлектердің атынан белгілі журналист, республикалық «Тектұрмас» журналының бас редакторы Маржан Рақай құттықтап, лебіздерін білдірді. 30 жылдық түлектер ауыл мешітінің асханасына дастарқан жайып Құран оқытса, 20 жылдық түлектер сол ауылда тұратын жас отбасыға пәтер сатып әперіпті.
Міне, түлектер жай келмей, осындай тартуымен келді. Ал 45 жылдық түлектердің атынан келген, мәдениет саласының майталман маманы Нұрғали Әшіров алтын ұя мектебіне деген ыстық сәлемін айта келіп, өзі оқыған білім ошағына бірнеше кітаптарды сыйға тартты. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығарған 34 том классикалық зерттеулер.
Бұл томдардың жарық көруіне шығыстанушы ғалым Ақжігіт Әлібекұлы ерен еңбек сіңіріпті. Сонымен қатар «Қазақтың дүлдүл күйшісі Құрманғазы», «Абай», «Жамбыл», «Әбілхан Қастеев», «Күләш» атты кітаптар ұстаздар мен оқушылардың танымын арттырса, белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлының екі томдық жинағынан қазақ спортының тарихында қалған Олимпиада, Әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлерінің, соларды тәрбиелеп шығарған бапкерлерінің есімдерімен танысып, жеңісті жолдарынан хабар алуына болады.
Мектептің кітап қорын толықтырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының директоры Нұркен Әшіровтың Шу өңірінде ғұмыр кешкен Әшірәлі Шынқожаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап та ауыл тұрғындарына ой салары анық.
«Биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жарияланғанын білеміз. Сол бастамаға тамшыдай қосқан үлесіміз осы. Ұстаздарға, мектебіме мың алғыс», – деді Нұрғали Сапарбайұлы.
45 жылдық түлектерден Салтанат Тұрғымбекова да жылы лебізін арнады. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілхан мектеп ұстаздары мен оқушыларын құттықтап, Нұрғали Әшіровтың шығармашылық жолына тоқталды. Ол өзінің қаламынан туған «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да...» атты ктіабының 5 данасын мектептің кітапханасына тарту етті. Осылайша, Ащыбұлақ ауылының тұрғындары осындай игі істің куәсі болды.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тіршілігің қалай, Қордай елі?
- 14 маусым, 2025
Адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі
- 14 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді