Баланың бет-жүзін түсіретін құрылғының жұмысы қаншалықты заңды?
- author «Ақ жол»
- 27 мамыр, 2025
- 276

Балабақшаларда биометриялық бақылау жүйесін енгізу жоспары бар екенін 2022 жылы білген кезде-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дабыл қаққан. Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы жобаға күмәнмен қарап, балалардың дербес деректерінің таралу қаупін атап көрсетіп, ескерткен.
Алайда кәсіпкерлер мен сарапшылардың өтініштеріне қарамастан, жоба жүзеге асырыла бастады. Облыста «FaceID» жобасы жекеменшік балабақшалар ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық режимде жұмыс істеп жатқандығын ескере отырып, енгізіліпті. Бұл жоба Қызылорда мен Алматы облыстарында да қолданысқа ие болған екен. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мектепке дейінгі ұйымдарда «FaceID» жобасын іске асырудың заңдылығы мен негізділігіне түпкілікті талдау жүргізіп, белгілі болған бұзушылықтарға құқықтық баға беру жөнінде еліміздің Бас прокуратурасына ресми сауал жолдаған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтініші бойынша облыстық прокуратура тексеру жүргізіп, облыс әкімдігінің білім басқармасы «Мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қатысуын бақылау үшін ақпараттық жүйені енгізу туралы» бұйрық шығарғанын анықтады. Осы құжатқа сәйкес, биылғы наурыз айынан бастап мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың қатысуы биометрия және QR-кодтар негізінде жұмыс істейтін «Qamgor tech» жүйесі арқылы тіркелуі тиіс болған. Алайда бұл білім мен тәрбие алушылардың құқықтарын және дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзуға жол берген.
Бұл туралы «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында нақты мәлімет жарияланды. «Кәмелетке толмағандардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының рұқсатынсыз биометриялық деректерді жинау заңсыз болып табылады. 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңында көрсетілгендей, баланың дербес деректерін келісімсіз жинауға және өңдеуге тыйым салынады. Мұндай келісімді тек ата-аналар, қамқоршылар немесе баланың заңды өкілдері бере алады.
Сонымен қатар мұғалімдер балаларды жеке смартфондарымен суретке түсіріп, бұл өз кезегінде жеке деректердің таралып кету қаупін тудырды. Бұдан әрі қолданыстағы заңнамада білім беру ұйымдарына өз тәрбиеленушілерінің биометриялық деректерін жинау, өңдеу және тиісті жабдықтарды орнату бойынша талаптар жоқ. Биометрияны енгізбес бұрын ақпараттық қауіпсіздікті күшейту қажет.
Нәтижесінде бұйрық бұзушылықпен қабылданғаны белгілі болды. Әділет органдарында міндетті тіркеуден өтпей, бұл «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына қайшы келеді. Сондай-ақ білім басқармасының міндетті ережелерді белгілейтін осындай нормативтік құжаттарды енгізуге құқығы жоқ екендігі анықталды» делінген. Осы жариялымда анықталған бұзушылықтарға байланысты 2025 жылғы 20 наурызда облыстық прокуратура әкімдікке бұйрықтың күшін жою туралы хат жолдағаны жазылған. «Құқықтық актілер туралы» заңның 17-1-бабының 9-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларын әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті екені де атап көрсетілген.
Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қадағалау органы нұсқамаларының орындалу барысын бақылауда ұстайтыны да айтылған. Біз өз кезегімізде облыс әкімдігінің білім басқармасына «eGov Mobile» электронды үкімет арқылы хат жолдаған едік. «Qamgor tech» ақпараттық жүйесі – мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың балабақшаға келуін дәлірек тіркеуге, «Өлі жандарды» анықтауға, мемлекеттік қаржыны үнемдеуге және оны тиімді пайдалануға арналған жоба.
«Qamgor tech» ақпараттық жүйесінде «Мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылатын меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың математикалық моделін сәйкестендіру арқылы белгілеп, табельдеуді жүргізеді» деген мәтінде жауап хат келді. Яғни, бұл жүйе мемлекет тарапынан балалар үшін бөлінетін қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап, расымен де көрсетілген балалардың балабақшаға келгенін анықтау үшін қойылған. Алайда жоғарыда көрсетілген заң талаптары бұзылғаны анықталғанына қарағанда облыстық білім басқармасы заңсыздыққа жол берген сыңайлы.
«Осы олқылық анықталғаннан соң әлгі жүйе істен шығарылды ма?» деген сауалмен Тараздағы бірқатар балабақшаларды аралап көрдік. Бірақ әлі де балалардың балабақшаға келуі сол жүйемен белгіленіп жатыр екен. Яғни, облыстық прокуратура әкімдікке бұйрықтың күшін жою туралы хат жолдағанымен ол жүзеге асырылмаған болып тұр. Енді бұл мәселенің соңы немен аяқталуы мүмкін? Біз мұны назарымызда ұстаймыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды
- Бүгін, 01:45
Мақсат – бірлескен бастамаларды ілгерілету
- Бүгін, 01:29
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді