
Жетім баланың тағдыры ауыр болатыны белгілі. Бірақ, нағашы ағасы Нағыман және Хайролла атасы әкеме қамқоршы болған. Осындай қиыншылықпен есейе жүріп, әкеміз ізденіп, жақсы білім алып, қатарға қосылыпты. Әкем жайлы замандастарының бәрі жылы сөздер айтады. Көзкөргендер әкеміздің адал еңбекпен абырой биігіне көтерілгендігі туралы тебірене әңгімелегенде, біздің төбеміз көкке жетіп қуанамыз. Ол кісі отбасымыздың алтын діңгегі ғана емес, адами асыл қасиеттерімен белгілі, беделді қамқорымыз да еді. Ал, сұрапыл жылдарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Түсінген адамға Отан оттан да ыстық.
1941 жылы батыстан соғыс оты бұрқ ете қалғанда әкеміз ел мен жердің қамы үшін майданға аттануға өзі өтініш жасайды. Сонда ол небәрі 16 жаста еді. Бірақ, жасым кіші демеді, тұла бойын намыс кернеп, Жеңісті жақындатуға өз үлесімді қоссам деді. Осындай асқақ рухпен атой салған жігіт кәмелеттік жасқа толған күні Жұрын аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды. Әкем Беларус майданы 5-ші Гвардия танк Армиясының Александр Невский орденді бөлек гвардиялық полкінің мотоатқыштар бөлімшесінде автоматшы болған. Ел басына күн туған алмағайып заманда қорқыныш сезімі қайдан болсын?
Әкеміз оқ пен оттың ортасында жүріп, ерліктің ерең үлгісін көрсетті. Өмір мен өлім арпалысқан шақта аянып қалмай, дұшпандарға аяусыз соққы жасаумен болды. Осылайша талай жаудың көзін жойды. Әкемнің жанқиярлық ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Әкеміздің омырауында ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл ту» ордендері, «Ерлігі үшін», «Кенисбергті алған үшін» медальдары қатар жарқырады. Сол кезеңде әкеміз Отарғали Тулемисов екінің біріне беріле бермейтін КСРО Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Генералиссимус И.В. Сталиннің Алғыс хатына ие болды. Әкемнің ерен ерліктері туралы «Мемориал. Халықтың ерлігі» атаулы сайттарда орналасқан архивтік құжаттар және 5-ші Гвардия танк Армиясының бұйрықтарында көрсетілген.
Әкем майданда мотоцикл батальонының 2 ротасында автоматшы болып 1944 жылы 29 маусымда Березина өзенінен өту кезінде ерлік пен батылдық көрсетті. 5 жауынгерден тұратын топпен өзеннің оң жағалауына бірінші болып жетіп, жауға шабуыл жасап, 12 неміс әскерлері мен атыс пунктін жойды. Осы ерлігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал, 5-ші Гвардия танк Армиясының 1945 жылғы 19 ақпанындағы № 022/н бұйрығында былай деп көрсетілген: «О.Тулемисов гвардия капитаны Бурдык басқарған барлаушы топ құрамында жаудың ізіне түсіп, өзін батыл және қаһарман жауынгер ретінде көрсетті. 1945 жылы 22 қаңтарда ДОЙТШ-АЙЛАУ аумағында жаудың әскери тобымен кездесіп, ұрыс басталғанда өз міндетін абыроймен атқарды. Өзінің батыл іс қимылы арқасында Тулемисов үш неміс солдатын жойып, қару-жарақ тиеген бір неміс автокөлігін жойған.
Бұл ұрыста Тулемисов жараланса да, тапсырманы орындамайынша ұрыс алаңынан кетуге асыққан жоқ. Онымен қоймай, бір гитлершіні тұтқынға алып, оны тиісті жерге жеткізген». «Даңқ» орденімен әкеміз осы ұрыста жауынгерлік тапсырманы жоғары деңгейде орындағаны үшін марапатталған еді. Соғыс жылдарында ержүректілік танытқан әкеміз Отарғали Тулемисов бейбіт өмірде беделді Коммунистік партия мүшесі, азамат ретінде халқына мінсіз қызмет етті. Партия қайда жіберсе, әкеміз сол жерге аянбай еңбек етті. Әскерден әкеміз 1946 жылы оралды. 21 жаста, соғыспен шындалған жас коммунист әкем адамдық қасиетін жоғалтқан жоқ. Бірден Жұрын аудандық партия комитетіне жұмысқа қабылданды.
1954 жылы Коммунистік партияның жолдауымен тың игеруге атсалысты. Бұл егіс алқаптарын ұлғайтып, елді астықпен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасы еді. Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен Қазақстанға жастар келді. Тыңайған жерлер игеріліп, далада кеңшарлар бой көтерді. Әкеміз партия комитетінің хатшысы болып партия шешімдерін орындау үшін күресті. Бүкіл саналы өмірін әкем партиялық жұмысқа арнап, халыққа қызмет етті. Зейнетке шыққаннан кейінде 75 жасқа дейін соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы болды, қарттарға көмектесіп, қолдау көрсетті. Әкем өз ісіне берілген, адал адам еді. Сол үшін әкемді бәрі де сыйлап «Отеке» деп амандасатын. Әкемнің қасында әрқашан ақжарқын, сұлу және сүйікті анамыз Зада болатын.
Анамыз Зада Тулемисова да соғыстың қиыншылықтарын көрген, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан тыл ардагері. Өмірден ертерек кетті. Ата-анамыз 46 жыл бірге тату-тәтті тұрып, бізге үлгі болды. Отбасында біз 4 бала болдық. Ата-анамыз бәрімізге жақсы тәрбие, білім, лайықты өмір сүруге мүмкіндік берді. Асқар таудай, асыл әкеміз бізге зор мақтаныш!
Бақыт ТУЛЕМИСОВА,
Amanat партиясының ардагері, зейнеткер.
Ұқсас жаңалықтар
Білімді, тәрбиелі жастар – ел болашағы
- 22 мамыр, 2025
Отан үшін от кешкен Оразбек ата
- 20 мамыр, 2025
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді