
Сол уақытта мәдениет нысандарына жанашырлықпен қараған, күндердің күнінде барлық нәрсенің құны артатынына терең мән берген білікті мамандар да болды. Солардың бірі – Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылының бұрынғы кітапханашысы Гүлжаһан Рысқұлова. Ол 17 жасында аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында кітапханашы болып еңбек жолын бастаған.
Аталған ауданның Биназар ауылында өмірге келіп, балалық күндерін өткізген.Ол жылдары орта мектепті бітіріп шыққанның өзі – арнайы мамандық алғанмен бірдей. Елде жоғары білімді мамандар аз, жастардың қабілеті аса маңызды уақыт. Сол уақытта бірқатар жастармен бірге Гүлжаһан Рысқұлқызын аудандық партия комитетінің хатшысы Жұмабек Орынбаев қабылдап, сенім артып, жаңа қызметіне табыс тілеген екен. Ал, 1966 жылы Айдарлы ауылына келін болып түсіп, ауылдық кітапхана тізгінін қолына алыпты.
Сол 1966 2008 жылдар аралығында табан аудармай 42 жыл ауылдық кітапхана меңгерушісі болып қызмет істепті. Өзінің шын есімі ұмытыла жаздап, бүкіл ауылға «Кітапханашы апай» атанды. Осы тұста айтылуы тиіс, осынау еңбек адамының есінде қалған тағы бір ерекше сәт бар. Гүлжаһан Рысқұлқызы 1997-2001 жылдары аралығында 4 жыл бойы ауылдық кітапхана меңгерушісі болып, тегін жұмыс істеген маман.
Ел ішінде білікті, жауапты мамандар табылатын шығар, ал төрт жыл бойы тегін жұмыс істейтін, өз ісіне соншалықты шын берілген кісіні табу мүмкін емес-ау! Ал, бұл кейіпкеріміз сондай жанашырлық қадамға барды.
«Бір жағынан 12 мың кітап қорын, 650 оқырманымды қимадым. Сөйтіп, бір ауылдың кітапханасын сақтап отырдым», – дейді ол.
Ауыл халқы кітапханашыларына өте риза. Сөйтіп жүргенде 1999 жылдың аяғында Мойынқұм ауданына іссапармен сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеев бара қалады. Басқарма басшылығына екінші рет айналып келгеніне 5-6 ай енді ғана болған. Әлібек Әмзеұлы Айдарлы ауылына да аттың басын бұрып, кітапханасын көреді. Үлкен жақсы кітапхана 12 мың кітап қорымен сақталып тұр. Кітапханашысы осынша уақыттан бері тегін жұмыс істеп жатқанына куә болады. Жағдайды көзімен көрген Әмзеев тегін жұмыс істеп жүрген кітапханашыға шексіз риза болады.
«Мынау кітапхананы әкеңіздің мүлкіндей толық сақтапсыз. Бұл – керемет жанашырлық. Нағыз батыр адам істейтін еңбек. Мұны бағалауға тиіспіз. Қазір зейнет жасына келген екенсіз. Бірақ, сіз одан әрі қарай кітапханашы болып еңбек ете бересіз. Ешкім алып тастай алмайды. Сіз бір ауылға қажетті үлкен қазынаны сақтап қалдыңыз. Сіз – нағыз батырсыз», – деп оң бағасын беріпті.
Ал, артынша 2000 жылы елімізде «Мәдениет жылы» жарияланып, жылымық келе бастайды. Осы кезде Гүлжаһан Рысқұлқызына да айлық төлене бастаған екен. Ал, 2001 жылы еліміздің Тәуелсіздігіне 10 жыл толды. Аталған мерекеге орай түрлі іс-шаралар өтіп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін алғысы келгендер өте көп болғаны рас. Міне, сол кездегі облыс әкімі осы марапаттың біреуін Әлібек Әмзеұлына береміз деп шешкен екен.
Сонда Әмзеев:
«Дәл осы маңызды марапатты мәдениетке өте үлкен еңбегі бар бір маманға бергім келеді. Ол үш жылдан астам уақыт тегін жұмыс істеп, бір ауылдың үлкен кітапханасын сақтап қалған Гүлжаһан Рысқұлова», – депті.
«Жақсы, таңдау өзіңдікі» депті сол кездегі облыс басшысы. «Осылайша, Әлібек Әмзеұлы өзіне келіп тұрған медальді маған бергізген. Мұндай кісілік пен жанашырлыққа кез келген басшының бара бермейтіні анық. Әсіресе, өзі алайын деп тұрған марапаттан бас тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен ол кісінің осы әділ шешіміне риза болдым. Медальді маған бергені үшін емес, ауылдық кітапхананың сақталып қалғанын бағалағаны үшін. Сол Әмзеевтің қолдауы сәттілікке жол ашты.
«Еңбек ардагері» медалін 1985 жылы алған едім. Ал, беріректе «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы», «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атандым. 2024 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Жаман болған жоқпын, шүкір. Бірақ, кітапхананы марапат алу үшін сақтаған жоқпын. Ауылға жанашырлығым еді. 2008 жылы сол өзім сақтаған кітапхананы Майса Сұлтанова деген жас маманға тапсырып, зейнетке шықтым», – дейді ардагер кітапханашы.
Ардагер кітапханашының зымырап өткен өмір жолынан айтары көп. Кезінде ауданға келген Сырбай Мәуленовпен осы кітапханада әсерлі кездесу өткен екен. Мойынқұм ауданын 25 жыл басқарған Айтбай Назарбеков те Айдарлының кітапханасына үнемі назар аударып, қолдау білдірген. Әбіш Кекілбайдың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі кез келген кітапсүйер адамның жүрегін жылытқаны анық. Гүлжан Рысқұлқызы 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген көп балалы ана. Ұл-қыздарынан 12 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Майсасы мен Меруерті өзінің жолын қуып, кітапханашы болып еңбек етуде. Гүлжаны ұстаз болса, Мейірхан мен Ержаны шаруа қожалықтың жұмысын дөңгелеткен кәсіпкерлер.
Ең бастысы Гүлжаһан Рысқұлқызы сақтаған кітапхана әлі де Айдарлы ауылының 2560 тұрғынына қызмет етіп тұр. Әр оқырман бұл ғимаратты сақтап қалған кітапханашы апай екенінен хабардар. Сондықтан, Гүлжаһан Рысқұлқызын ауыл тегіс сыйлайды. Бір ауыл алақанына салып ардақтаса, мұнан артық адамға қандай бақыт керек.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жырларын халық жүрегіне жазып қалдырған
- 17 мамыр, 2025
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді