
Дені сау анадан дені сау бала өмірге келетіні анық. Бала туу жасындағы кыз-келіншектердің өз саулығына мән бермеуі, әсіресе жүктілік кезінде дұрыс емделмей қалған аурулардың болуы құрсақтағы нәресте үшін аса қауіпті. Өйткені, ол дерт нәрестеге анасы арқылы берілуі мүмкін. Бұл – шарананың уақытынан ерте тууына немесе дене салмағының аз болуына әсер ететін негізгі фактор. Ол болашақта бала саулығына қатысты басқа да проблемалардың туындауына себеп болады.
Қазіргі медицинаның дүние есігін ашар бала денсаулығын ерте тексеріп, ауыр дертін ерте анықтауға мүмкіндігі зор. Алайда, осының бәрі жасалғанымен, әйелдер арасында әртүрлі діни көзқарасқа байланысты жүктілікті тоқтатудан бас тартып, «Алла берді, мен өмірге әкелемін» деген көзқарас қалыптасқан. Ең өкініштісі, әлі де болса осы ұстанымнан шыға алмай жүргендер бар. Түрлі ерекшеліктері бар, әсіресе жеке ауытқушылығы, гипербелсенді, аутистикалық белгілері бар сәбилердің тууының себебі тек бұл ғана емес.
Қазіргі цифрлық заманның әсері, экологиялық және әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар, сондай-ақ, болашақ аналардың физикалық денсаулығының, салмағының жоқтығы, уақытында емделмей, дұрыс тамақтанбауы, электронды шылым шегу, әртүрлі шөптерді пайдалану тәрізді зиянды әдеттерге әуестігінің салдары сөзсіз құрсақтағы балаға беріледі. Баланың ерекше немесе мүгедек болып тууына душар ететін басты себепті осы жерден іздеген жөн. Дана халқымыз «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатыр» деп текке айтпаса керек-ті. Қалай десек те ананың ауыруы – болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де қасірет. Денсаулығы нашар анадан, әлбетте, дені сау ұрпақ тумайтыны анық.
Атам қазақ ананың амандығын ұрпағының амандығы деп білген. Егерде ерекше бала дүниеге келсе, ондай жағдайда не істеуіміз керек? Бірінші мәселе – оны ерте анықтау, медицина жағынан барлық ем шараларын жасау, ерте ПМПК консультациясына жіберу және коррекциялық орталықтарда оқыту, әлеуметтендіру. Әлеуметтену баланың өмір бойына созылатын процесс екенін түсінген маңызды. Сондықтан әлеуметтенудің басты мақсаттарының бірі баланы әлеуметтік шындыққа бейімдеу, ол – қоғамның қалыпты қызмет атқаруының мүмкін болған шарты.
Қазіргі кездегі инклюзивті орта қалыптастырудың әлсіз жақтарын атап өткен жөн болар. Қазіргі күні дәрігерлер, психологтар, педагогтар мен әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимыл әлсіз. Бұл баланы оңалту процесінің тиімділігін төмендететіні анық. Біз мұны жетілдіруіміз қажет. Сондықтан цифрлық технологияларды пайдалану, ақпарат алмасу, жұмыс жоспарлау және оңалтудың тиімділігін қадағалайтын Бірыңғай ақпараттық жүйе қажет.
Баланың электронды картасына барлық мамандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Содан соңғы мәселе – ерекше қажеттіліктері бар балаларға күтім жасау бойынша ата аналарды тұрақты оқыту керек. Ата-аналарға, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізетін мамандарға, мұғалімдерге арналған білікті психологтар мен сарапшылардың еңбектерінен тұратын кітаптар, әсіресе қазақ тілінде жоқтың қасы.
Осындай кітаптар, оқулықтар жаңа технологиялық әдістемелік құрал ретінде шығарылса, оның ерекше балаларды түзету бағдарламасына өзіндік пайдасы мол болар еді. Тағы бір мәселе – тегін коррекциялық орталықтарды көбейту қажет. Себебі барлық ата-аналардың баласын ақылы орталықтарға беруге мүмкіндіктері жоқ.
ПМПК арқылы жіберілетін орталықтарға 3-5 ай кезекте тұрып қалады және аптасына бөлінетін сағаттары аз. Мектептерде арнайы мамандардың санын тіркелген ерекше қажеттілігі бар балалар санына қарап көбейту қажет. Сонымен қатар, қандай да баланы үйде оқытуға жіберер алдында егжей-тегжейлі тексерілсе, себебі үйде оқыту баланы әлеуметтендірмейді.
Ұлболған УРКИНОВА,
Тараз қаласы N6 емханасы бас дәрігерінің орынбасары, балалар невропатологы.
Ұқсас жаңалықтар
Жырларын халық жүрегіне жазып қалдырған
- 17 мамыр, 2025
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- Бүгін, 12:43
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді