
Міне, осындай мағынасы терең, әдемі салтымызға кереғар пікір айтып жүргендер бар. Бұдан бұрын діни теріс ағымның түсінігіндегі кейбіреулер келіннің сәлем салуын Жаратқанға серік қосумен шатастырған еді. Ал, жақында белгілі продюсер Баян Алагөзова бұл салтты жабайылыққа балады. Әлеуметтік желіде көптің тартысты пікірін тудырған Алагөзованың жөнсіз сөзінен салтымыздың жоғалмасы анық. Себебі, халық барда ұлттық құндылықтар жалғасын таба бермек.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сәлем салуға қатысты ой түйгізген сәтке куә болғанмын. Кезекті бір ресми жиында отырғанбыз. Кенет есіктен марқұм Дәметкен Ахметова залға кірді. Сол кезде Тараз қалалық мәслихаттың депутаттық қызметін атқарып жүрген Эльмира Мырза Ғали төрде отырған орнынан ұшып тұрып, есіктен енді енген Дәметкен Ахметованың алдына барып, иіліп, қазақы салтпен сәлем салды. Сол бір сәт әдемі жарасымдылығымен ерекше есте қалды.
Міне, нағыз сыйластық, саяси ұйымның ресми жиналысы болса да қызметінен ұлтының ғұрпын жоғары қойған көрегенділікті көрдік. Содан бері қаншама жыл өтсе де инабатты келіннен осы дәстүр туралы пікірін сұрағанды жөн көрдік.
– Үлкендерге келіннің иіліп сәлем салуы – ата-бабаларымыздан жеткен асыл құндылықтарымыздың бірі. Отбасы құндылықтарының ішіндегі бір қастерлісі. Өз жұртына жаңадан түскен келін баланың сәлем салуы – өз ата-анасынан, туған елінен алған тәрбиесін, инабатын айқындайтын бірден бір көрсеткіші. Сәлем салып иілгеннен ешкім кішірейіп қалмайды, есесіне келін өзіне бата, алғыс жинайды. Сол үлкендердің батасымен, елдің алғысымен өсіп-өніп, көгеріп, жан жарымен бірге бақытты ұзақ өмір кешуге жарқын жол бастайды. Сонымен қатар келін сол әрекетімен өзінің ұрпағының адал болып өсуіне, өрісінің кеңеюіне жол ашады. Сәлем салуды дана келіндердің үлесі деп ойлаймын. Кішкентайымыздан анамыздың, апаларымыздың сәлем салғанын көріп өстік. Тіпті, әжелеріміз өздерінің қайын ағалары мәңгілік мекеніне аттанып кеткеннің өзінде, сол кісілердің үйіне кірерде табалдырығына сәлем салатын. Яғни, үйдің иесі өмірден өтсе де киесі шаңырақта деп құрмет көрсететін. Дәл осы дәстүрді, өкінішке қарай қазір көріп жүргеніміз жоқ. Өзімнің анам 30 жыл енесін бағып, сол ауылдың жасы үлкенінің бәріне сәлемін салып, сыйлы болды. «Шеше көрген тон пішер» дегендей, мен де келген жерімде анамнан көрген өнегемді жасап жүрмін. Кеңес өкіметі кезінде орыстандыру саясатының салдарынан бірқатар ұлттар өзіндік құндылықтарынан, өз тамырынан ажырап қала жаздады. Жасым 40-тан асып, 50-ге жақындап қалса да жасы үлкендердің алдында иіліп сәлем саламын, әкімдіктің ресми жиналыстарында да, астанаға іссапармен барсам да әулетіміздің үлкендерін көрсем, сәлем салуды ұмытпаймын. Бұрын енем айтқан еді, «Сәлем салғанда біріншіден, келін өзін қорғайды» деп. Себебі, жағымсыз энергия тастөбеден және кіндіктен кіреді екен. Қатты ашуланғанда айтатын «Тастөбеңнен ұрсын» деген сөз бар ғой, сол осындай нанымнан туса керек. Келін басына орамалын тағып, иіліп сәлем салғанда екі қолын кіндік тұсын жауып айқастыру арқылы тіл-көз секілдіден келетін жағымсыздықтардан қорғанады. Ал, иілу арқылы үлкенге құрметін білдіреді. Алдында басын иіп, сәлем салып тұрған келінге ешкім ауыр сөз де айтпайды. Яғни, бір ғана келіннің сәлем салуы арқылы қаншама жақсы дүниелерді қалыптастырамыз. Сондықтан бұл дәстүрді ары қарай жалғастыра беруіміз керек. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналар салтымыздың астарындағы ұлағаттылықты жас ұрпақтың санасына сіңдіре беруі қажет. Тек ауызша айтып ғана қоймай, өз ісімен көрсетсе, сіңімді болады. Жар таңдаған ұл анасына ұқсаған қызды іздейді, анасынан өнеге көріп өскен қыз барған жерінде соны қайталап, туған жұртына алғыс айтқызады. Сондықтан халықтың мағыналы дәстүрін жалғауда, ұрпақ тәрбиесінде аналардың атқарар рөлі зор, – дейді Эльмира Иниятқызы.
Халықтың салт-дәстүрін насихаттаушы, жазушы, көпшілікке Бауыржан Момышұлының келіні ретінде таныс Зейнеп Ахметова да сәлем салу салтына қатысты тұщымды ой айтқан.– Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Соның бірі – келін сәлемі.
Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп, қамқорлық танытып жүрген.
Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек естіген келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді.
Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайын ағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа, екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен. Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан.
«Ендігі жерде басың иілмесін! Жүзің төмен түспесін! Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек бұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы, сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы, – депті бір сұхбатында батырдың келіні.
Міне, осындай астарлы ой, терең мағыналы пікірлерден кейін Алагөзованың «Маған ешқашан да ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес. Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды» дегенінің өзі көргенсіздікті байқатады. Себебі, Жаратушының өзі Адам ата мен Хауа ананы жаратқаннан бері ер адамды әйелден бір саты жоғары қойып, есесіне қыз баласын нәзіктігімен, жолының жіңішкелігімен сыйлы етті.
Ер адамды бір саты жоғары қоюмен оған елі мен отбасының амандығын қорғауды, оларды асырауды міндеттеді. Қыз баласын төрге оздырып сыйлы етумен оған өзге жұртқа барып, өрісін кеңейту, ұрпақ жалғау жауапкершілігін артты. Халқымыздың әрбір салтының шығу түбінде осындай ұлағат бар.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген жауынгер
- 27 мамыр, 2025
Әскери кафедралардың әлеуеті қандай?
- 27 мамыр, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- Бүгін, 12:12
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді