
Ұ.Сыздықбаев 1925 жылы 22 қыркүйекте Ақмола уезіне қарасты Шоқай болысының төртінші ауылында дүниеге келді. 1942 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы орта мектепті үздік бітірді. 1943 жылы 18 жасқа толмай-ақ Кеңес армиясы қатарында Фрунзе қаласындағы әскери дайындықтан өтіп, танкист-нысана көздеуші ретінде соғысқа кіреді. 2-Украина майданындағы VIII механикаландырылған Александрийск корпусы құрамында №114-танкіге қарсы ататын артиллериялық жойқын полкта соғыстың соңғы күніне дейін болды. Бір қызығы, оның әкесі Сыздықбай да осы майданда соғысқан. Ол өзі түскен 2-Украина майданында әкесінің соғысып жатқанынан еміс-еміс хабардар еді. Алайда әкесін онда бір көруге де мүмкіндік болмады. Мұнда талай мәрте фашистермен бетпе-бет келіп, айқасқан күндер өтті.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз пенде өлмейді», – демекші, талай мәрте фашистердің жойқын шабуылдарын тойтаруға қатысқан әкелі-балалы жауынгер соғыстан аман қалды. Жеңіс күнін Александрия қаласында қарсы алып, елге 1947 жылы аман-есен оралды. Әкесі Сыздықбайға да елмен қауышу бақыты бұйырды. Мен есейе келе әкемнен: «Соғыста жүргенде фашистерден қорықтыңыз ба деп сұрағаным бар», дейді қызы Шолпан. «Фашистерден қорықпадым десем ол шындыққа жанаспас. Менің ең басты қорқынышым – немістерге қарсы шабуылдап келе жатқанымызда алдымнан жауынгер әкемнің өліп жатқанын көрмесем екен деген қорқыныш, үрей басым болды», – депті жауынгер әкесі.
Ұзақбайдың әкесі Сыздықбай соғыстан оралғаннан соң ұзақ жылдар Сарысу ауданындағы қаржы саласында еңбек етіп, 1970 жылы өмірден өтті. Ал Ұзақбай болса еңбек жолын әскерден оралысымен Сарысу аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып бастады. Ұйымдастыру бөлімін басқарып, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін үздік бітірді. 1954-1959 жылдары Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшы болды. Ал 1959-1961 жылдары Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебінде оқыды. 1961-1970 жылдар аралығында Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қордай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, жаңадан құрылған Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Сарысу ауданында болғанда Жаңатас қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қала іргесінен жаңадан «Жаңатас» кеңшарын ашты.
Ауданда алғаш рет егін шаруашылығын қолға алып, бидай, арпа, жүгері, жоңышқадан мол өнімге қол жеткізді. Кеншілер қаласы халқын көк-сөкпен қамтамасыз етуді де мойнына алды. Осылайша екі ортада тығыз байланыс орнатып, олардан құрылыс материалдарын алып, үлкен-үлкен техникалардың көмегін пайдаланды. Бар болғаны 2-3 жылда-ақ жаңадан құрылған Сарысу ауданын аяғынан тік тұрғызып, табыстың тайқазанын тасытқан бірінші басшы үлкен беделге ие болды. Сондықтан да болса керек, көрнекті жазушы Кәрібай Ахметбеков аудандағы адамдардың қилы тағдыры, тыныс тіршілігі жайлы «Ақдала» романын жазды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев романның бас кейіпкері ретінде суреттелді. Онда жас болса да ел қамын ойлаған бірінші басшының аудан экономикасын көтерудегі еңбегі әдемі көрсетілген. Басшылық қызметте тәжірибесі мол, бұл өңірді жақсы білетін Ұ.Сыздықбаевқа 1970 жылы Тараз қаласы іргесіндегі, халық көп шоғырланған Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару сеніп тапсырылды.
Ұзекең бұл қызметті үзіліссіз 13 жыл басқарып, республикалық дәрежедегі зейнеткерлер қатарына қосылды. Он үш жыл айтуға ғана оңай. Осы жылдар ішінде ауданды алдыңғы қатарға қосу мақсатында көп тер төгуге тура келді. Ұзекеңнің бір бойына мемлекеттік, қайраткерлік, саясаттанушы, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, басқа да жақсы қасиеттердің барлығының дарыны әдемі топтасқан. Ағамыз тек адалдық пен әділдіктің алдында ғана тізесін бүгіп, тазалықтың алдында ғана басын иіп, ақыл ойына жақсылық пен мейірімнің мәртебелі ұғымын қалыптастырған жан. Қай кезде де халықтың сөзін сөйледі, жұрттың жоғын іздеді. Ауданның шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтуге барын салды. Ұзақбай ағаның жақсы бір қасиеті – ойлағанын іске асырмайынша тыным таппайтыны. Кадр тандауда да қателікке жол бермеуге тырысатын, алысты болжай білетін. Міне, осындай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамгершілік қасиеті мол жанды аудан халқы қолдап кетті.
«Трудовой пахарь» колхозы әр гектардан 600-800 центнер аралығында өнім алып, облыс, республикаға танылды. Әр сиырдан 6000 литрге дейін сүт сауған Елена Свинковская Социалистік Еңбек Ері атанды. Адал еңбектің арқасында қызылша өсірудің шебері Нұрмаш Түйтебаев та Еңбек Ері атағына қол жеткізді. Сондай-ақ озат қызылшашы Тынышкүл Бақтиярова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болса, оның әріптесі Алтын Әбішова бұл атаққа екі мәрте ие болды. 1972, 1975, 1978, 1982 жылдары ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келіп, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бергені бар. Ұзақбай Сыздықбаевтың ерекше ісі – Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың Прибалтикада жерленген қорымынан арнайы делегация жіберіп, топырағын алдыртып, туған ауылы, халқымен табыстыруы болды. Ал бұл батырдың осы елдің тумасы екендігін таныту, жастарға үлгі ету болатын. Сол колхоздан мектеп ашылғанда А.Суханбаевқа арнайы музей аштыруда аудан басшысының ықпалымен болған еді. Ұзақбай ағаның тағы да атқарған сауапты ісінің бірі – Қордай ауданында қызмет етіп жүрген кезінде көп ізденудің арқасында ұмыт болып бара жатқан, ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың биі, батыры, дипломат Бөлтірік шешенді халқымен қауыштыруы. Бөлтірік Әлменұлы Шу аймағында туып, Талас өңірінде өмірден өткенін екінің бірі біле де бермейді. Бұл туралы кезінде жазушы Б.Әбілдаев баспасөз беттерінде жариялап, Ұ.Сыздықбаевтың еңбегіне жоғары баға берген.
Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Сыздықбаев бірінші хатшы болған жылдары ауданда көп тірлік істелді. Олардың қатарында аудандық партия комитеті ғимаратына қосымша корпустардың қосылуы, аудан орталығындағы алаңның, 600 орындық бүгінгі әл-Фараби атындағы мәдениет үйі, типтік негіздегі мектептер, балабақшалардың, орталық стадион, «Қарлығаш» пионер лагері, Саз мектебі, қонақ үй, Пионерлер үйі, тағы басқа да үлкен-үлкен ғимараттардың соғылып, маңайына тал дарақтардың егілгенін сол кездегі көзі көргендер мақтанышпен айтады. Мәдениет үйі демекші, оған атты да өзі таңдап, алдына қойылатын ұлы даладан шыққан әлемдік ғұлама Әбу Насыр әл Фарабидің мүсінін ленинградтық мүсіншілерге жасатқан екен. Өкінішке қарай сол мүсінді әр түрлі себептерге байланысты өз қолымен қойғыза алмай, мәдениет үйі шатырына уақытша тасалап қоюға тура келіпті. Ал кейін бюст өз орнын тапты. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңыңда аудан орталығынан соғылған «Қаралы ана» ескерткішінде де Ұзекеңнің қолтаңбасы қалған. 1977 жылы соғылған үш қабатты аудандық орталық аурухана мен емхана күні бүгінге дейін аудан халқына қызмет етіп келеді. Ұ.Сыздықбаев шаруашылықтармен бірге мәдени-ағарту саласына да басымдық беріп отырды. Ұжымшарларда екі-үш қабатты мектеп, балабақша, клубтар салынды.
Аудан орталығындағы мәдениет үйі жанынан «Шолпан» ән-би ансамблі құрылып, оның атағы алысқа кетті. Осы өнер ұжымының атын да өзі таңдап, олардың әрбір дайындықтарын қадағалап отыратын. Ағамыздың өзі де өнерден құралақан емес еді. Пианинода ойнап, домбыра да тартатын. Жұмысшылар арасындағы басқосуда ән шырқап, елдің көңілін көтерген кездері де болыпты. Міне, кешегі соғыс ардагері майданнан аман-есен келгеннен кейін осындай бірнеше лауазымдық қызметтер атқарып, елдің абыройына бөленді. Мұндай адал еңбек ескерусіз қалмады. Сарысу ауданындағы бұрынғы өзі кеңшар ретінде ашқан Жаңарық ауылы мен Саудакент, Сарыкемер ауылдарындағы бір-бір көше Ұзақбай Сыздықбаевтың есімімен аталуы оған халықтың жасаған құрметі, берген бағасы. Ұзақбай ауылындағы орта мектепте арнайы мұражай ашылып, бір сынып аға есімімен аталады. Аталған мектептің оқушыларына арнайы стипендия тағайындалып, саябаққа есімі берілген.
«Ұлы Отан соғысы», екі мәрте «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері, жиырмадан астам әртүрлі медальдар және Құрмет грамоталарына ие болды. Бірнеше рет облыстық, аудандық кеңестердің депутаты ретінде өзекті деген мәселелерді шешуге атсалысты. Ұзақбай аға басшылық қызметте жүріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге ұлағатты ұстаз Күмісжан апай екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғары білім алып, лауазымды қызметтер атқарды.
Араларында білім жолына түскен ғалымдар да бар. Балаларынан бірнеше немере, шөбере сүйді. Бүгінде кенже ұлы Нұрлан Ұзақбайұлы әке ісін жалғастырып, қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ағаның ұзақ жылдар басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етуіне жарты ғасырдан астам жанында болып, бар жағдайын жасаған жары Күмісжан апайдың да көмегі көп болды. «Ұзақбай ағаның ізгі қасиеттері де күннің шуағындай санаңа сәуле шашып, маңайыңды нұрландырып тұратын. Қашанда ағалық мейірімін төгіп жүруші еді», – дейді көзкөргендер. Өкініштісі сол, осындай тұғыры биік тұлға, біртуар азамат 1997 жылы бар болғаны 72 жасында өмірден өтті. Ұзақбай аға тірі болғанда биыл 100 жас мерейтойы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесін қоса атап өтетін еді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Интерактивті сабақтың берері мол
- Бүгін, 03:46
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді