
Бар-жоғы сегіз жасында әке шешесінен жетім қалған кейіпкеріміз біраз уақыт жамағайындарының қолында тұрады. Кейіннен табандылық танытып, «Түрксібке» жұмысшы болып орналасады. Сөйтіп жүріп Сыртанов дейтін бастықтың көзіне түседі. Ол әуелде жас баланы суға жұмсап, топырақ тасытып шаруаға бейімдейді. Бірте бірте Күнболат атқаратын жұмыс түрі де, ауқымы да ұлғая түскен. Десе де, зерек бала сонда жүріп қара таниды, ұжымшар мүшелігіне кіреді.
Уақыт өте бригадир, ферма бастығы, ұжымшар басқармасы төрағасының орынбасары секілді алуан түрлі жұмыстарды атқарады. Ал 1940 жылы коммунистік партияның мүшелігіне өтеді. 1941 жылы 13 шілдеде Қазақстанда генерал Панфиловтың дивизиясы жасақталғанда сол дивизияның қатардағы жауынгері болып қабылданады. Кейіпкеріміз сұм соғыстың бел ортасында болған. Осылайша, Отан үшін жанын шүберекке түйіп жүріп етігімен су кешті. От пен оқтың арасында жүріп, талай рет өлім аузынан аман қалды.
Панфилов дивизиясының жауынгері ретінде аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының батальонында жаумен шайқасты. Даңқты батырдың басшылығымен талай мәрте жау құрсауын бұзып өтті. Талай рет қоршауда қалды. Жеңген, шегінген сәттері де болды. Ол Мәскеу түбіндегі Волоколамск тасжолындағы майдан шебінде алған жарақатына байланысты дәрігерлердің шешімімен елге ерте қайтады.
Бір әскери құрамда қызмет атқарып жүрген бауыры Жанболат Сейітұлы жаралы ағасын госпитальға өзі шығарып салады. Сол күні қос бауыр бір-бірін ақтық рет көрген еді. Күнекең бір бауырын майдан даласында жоғалтса, енді бір бауыры соғыстан кейінгі ауыр жылдардың бірінде сырқатынан көз жұмды. Ал өзі елге келе сала соғыстан қажыған қауымға қолғабыс етеді.
Кеңшардың жұмысын атқарады. Болашақ жары Күлжанмен шаңырақ көтереді. Тарих беттерін ақтарып отырсақ, сол сәттер жайлы 1975 жылы жазушы Жұмат Тілепов жазыпты. Сол жылдары қаламгерге ардагер Күнболат Сейітұлы пікір білдірген екен.
– Соғыстың соңғы оғының атылғанына, ақырғы бомбасының дүмпуінің тынғанына отыз жыл болды. Дүние содан бері тыныштық өмірдің отыз қысы мен отыз көктемін қарсы алды. Қыс қыстығын істеп, шаруаның екі аяғын бір етікке тыға қояйын дегендей қыса келеді. Ал көктем, әрине, жайдарлы. Бірақ мен жыл маусымының ең қатаң мезгілі қыстың өзіне шүкіршілік етіп, сүйсіне қарауға тырысамын. Өйткені қыстың қатаңдығы, бұл қорқынышты емес. Тек, дүние аман болып, кешегідей дүлейден тыс болса деп тілеймін, – деген екен жаралы жылдар жайлы сөз еткенде майдангер.
Құдайға шүкір, Күнболат ақсақал сипаттаған мамыражай жылдар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт кездер әлі де жалғасып келе жатыр. Сол күндердің көбіне майдангер қарияның өзі де куә болды. Қоғамға пайдасын тигізуден жалықпайтын ардагер еңбектен қашпады. Нәтижесінде, оның омырауына Ленин ордені мен «Еңбек Қызыл Ту» ордені ілінді. Ал сонау Мәскеу түбіндегі айқаста көрсеткен ерлігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған.
Бұл оның өзі өмір сүрген ортада белсенді қызмет еткенін айғақтайды. Мұның бәрі біз білетін белгілі мәліметтер ғана. Ал оның болмыс-бітіміне бойлай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Бірақ майдангердің замандастары жазып кеткен жазбаларға көз салсақ, кейіпкеріміздің жаны жайсаң жан болғанын бағамдау қиын емес.
«Аға шопан Күнболат Сейітов өз жетістіктері туралы сөйлеп кетуге тым сараң. Өйткені ол жаратылысынан барынша қарапайым, барынша кішіпейіл жан. Тіптен, жыр қылып айтса таусылмайтын малдың күтімі, жайылымы туралы жайлардың өзі оған жұрттың бәрі бірдей білетін секілді болып көрінеді», – деп баяндапты бір кездері профессор Жұмат Тілепов.
Сейіт ақсақалдан қалған жалғыз тұяқ Күнболаттан тоғыз бала тараған.
Бүгінде олар еліміздің әр жерінде еңбек етіп жүр. Солардың бірі – әскери журналистика саласында жүрген Дарын Сейітов. Ол – Күнболат ақсақалдың ұлы Берікжанның баласы. Майдангердің немересі ұзақ жылдан бері әскери саланың жаңалықтары мен қызықтары жайлы қалам тербеп келеді.
– Әлі есімде, 9 мамыр мерекесі келгенде Күнболат атамыздың басына барып, Құран бағыштаймыз. Өйткені дәл осы күн атамыздың туған күні болатын. Сондықтан бұл дата біз үшін екі еселенген мереке болатын. Бұл бара бара жақсы дәстүрге айналды. Сейіт әулеті осы күні Жеңіс мерекесімен қатар, атамызды, басқа да ардагерлерді еске алып құдайы тамақ таратады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң және атамыздың көзін көрген ақсақалдар жиналатын. Оның соғыс кезіндегі оқиғалары туралы ешкім біле бермейтін. Заман солай болды ма, атамыз көзі тірісінде өзінің майдандағы оқиғалары туралы көп айта бермейтін. Тек атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлын қатты құрметтегені жөнінде әжеміз Күлжан Медербекқызынан естіп-білетінбіз. Әжемнің айтуынша, атамыз самаурын қайнатып, Баукеңнің жертөледе орналасқан кабинетіне кіргізіп береді екен. Кейде бомбаның жарылысынан жертөленің іші шайқалып, топырағы түсіп жатады. Ер Баукең шайын асықпай ішіп отырады екен. Содан кейін ақ боз атына отырып, шабуылдауға шығады. Оқтар бұршақша жауып жатады. Батыр атқа отырып шапқанда бір оқ дарымайтын қасиетке ие болыпты. Атамыздың өзіне келер болсақ, ұрыстардың бірінде немістің офицері оған тапаншамен оқ атыпты. Оқ оның шынтағына тиіпті. Өзі жетім қалған атамызға Құдайдың өзі қарасқан болуы керек. Сол жарақатына байланысты майданнан босатылып, елге оралады. Атам мен әжем тоғыз перзентті өмірге әкеледі. Бүгінде олардан тараған жиырмаға жуық немере мен отыздан аса шөбере-шөпшектері бар, – дейді батырдың немересі, Ұлттық Ұлан офицері Дарын Сейітов.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Интерактивті сабақтың берері мол
- Бүгін, 03:46
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді