«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангер монологы

Майдангер монологы
Автор
Мен, Әсілхан Әбдіқалықов, 1922 жылы Жамбыл облысы, қазіргі Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қазақ ауылында тудым. 1941 жылы 5 желтоқсан күні армия қатарына шақырылдым. Біз Жамбыл қаласында жаңадан жасақталып жатқан 105-ші атты әскер дивизиясының Жамбыл свеклосовхозында орналасқан, 101 ші атты әскер полкінің станковой пулеметчиктер эскадронына қабылдандық. Мен осы полктің кіші командирлер даярлайтын мектебінде оқып, «сержант» деген атақ алып шықтым.

Содан, пулеметшілер бөлімінің Әскери командирі болдым. Осы Дивизия-полкпен 1942 жылы 8 тамызда Жамбыл қаласынан эшелонға мініп батысқа қарай соғысқа аттандық. Горький қаласының төңірегіндегі ормандардың ішінде қабылдап алып, барлығымызды сапқа тұрғызып, полк полкке бөлді. Мен 374-ші танкіге қарсы- жойғыш 76 миллиметрлік зеңбіректі артиллерия полкіне қабылдандым. Мені командир орудия етіп қойды. Содан екі айдай жаттыққаннан кейін соғысқа аттандырды. Бұл уақытта біздің армиялар соғыспен батыстан шегініп келе жатқан уақыт еді.

Біз Донец деген өзеннің бергі шығыс жағалауынан зеңбіректерімізді тура нысаналап атуға дайындап қойдық та, қорғаныс жасап жаттық. Біз тұрған өзеннің арғы жағында Чугиев деген қала тұрды. Бұл жерде қорғаныста тұрып, арғы жақтағы немістердің бізге қарай атқан зеңбірек, пулемет ұяларын атқылап, үндерін өшіріп отырдық. Осы жерден бізді түнделетіп көшіріп (ауыстырып) төменгі Солтүстік Донец өзені жаққа алып барды. Бұл жер Орел Курскіге жақын жер екен, біздің полк 38-ші Дивизия, 57-ші Армия Степной фронтқа жатады екен.

Бұл жерлерде немістердің атысу үшін арнайы жасаған орындарын атқылап, үндерін өшіріп отырдық. Бізге берілген командованияның тапсырмасын бұлжытпай өз уақытында орындағанымыз үшін, немістердің бірнеше атысу үшін арнайы жасаған орындарын дәл тауып, тас-талқанын шығарғанымыз үшін маған бірінші «Қызыл жұлдыз» орденін берді.

Біздің әскерлер Орел-Курскі шабуылына дайындық жасап, сол жерде неміс солдаттарының бетін қайтарып, шабуылға шықты. Сонымен шабуылға біздер де шығып, шегінген немістерді өкшелей қудық. Бұл шабуылда немістердің танкілерін, адам күштерін қуа, жоя отырып, Харьков қаласының Харьков трактор зауытының түбінде бірінші рет ауыздан ауыр жарақат алдым. Бұл 1943 жылдың 15 тамыз айы еді. Осы жарақатпен мені Ереванға апарып емдеп, жазып шығарды. Одан шыққан соң, 1943 жылы 28-ші желтоқсанында Ново-Черкасскі деген қалада, 28-ші ЗСД-ның 35-ші ЗСП-не келіп, сол жерде госпитальдан жазылып шыққан солдаттарды жаттықтырдық. Адамдар толғаннан кейін эшелонға мінгізіп, Қырым өлкесіне алып келді. Бұл 1944 жылғы 6 ақпан еді. Біз эшелоннан түсе сала, 267-ші СКД-ның 846-шы СКП-не келдік. Бұл 4-ші Украин фронтының 51-ші Армиясы еді. Мұнда мен 45 миллиметрлік батальондық зеңбірекшілердің командирі болдым.

Содан батпақты Сиваш деген өзеннен немістерді қуа өтіп, Жанкой деген қалаға жетпей, қорғаныс шебін жасап жаттық. Немістерді қуа отырып Жанкой, Симферополь қалаларын босатып, уақытша Сапун-гора тауының етегінен қорғаныс құрып, ұстап жаттық. Сапун-гораға жақындағанда немістердің самолеттері бізге қарша боратып бомба тастады.

Немістердің бомбаны үсті-үстіне жаудыруынан біздің взводымыздың командирі және штабымыздың бастығы осы жерде қаза тапты. Сапун-гораны алу үшін басып алу (штурмовой) отряды құрылды. Оларды қалай жылдам басып алу керектігіне жаттықтырды.

Қырым операциясына басшылық ету үшін жоғарғы ставкадан жолдас Ворошилов келіп, қорғаныста тұрған солдаттарды аралап көріп кетті. Шабуыл басталардың алдында бізге жеке-жеке міндеттер қойылды, ататын нысандарымызды белгілеп берді. Зеңбірек дайындығының белгісі басталған кезде, біз өз нысанымызды атып, немістерді бас көтертпей тастадық. Содан Сапун-гораны атой салып шабуыл жасаудың арқасында, тау басына қызыл жалау ілінді.

Біз зеңбіректерімізді жаяу сүйреп, тау басына шығардық. Онда бомба түскен шұңқыр бар екен, сол жерге зеңбіректерімізді орналастырдық. Біз орналасқан жерден сегіз жүз метрдей жерден жол өтеді екен, сол жолмен немістердің қашып келе жатқан автомашиналарын тура нысаналап атып, үш автомашинасын талқандадық. Оны немістер көріп, түтін тұман жасап, бізге қарай тура нысаналап зенит зеңбіректерін шығарды, оны біз одан бұрын атып зақымдап, зеңбірекшілер тобын талқан еттік. Сөйтіп, бізге қарай шығарған зенит зеңбіректері соғыс алаңында қалды. Содан ары қарай шабуыл өзінің өрісін алды. Біздің артымыздан бізге жаңадан дивизия мен полктер қосылып, немістерді өкшелей қуып келе жатқанда, біздерге қарай немістер «Тигр» танкісін шығарды. Ол жотаға, бізге қарай шыққанда, зеңбіректерді атуға дайындап, атып, оны кейін қайтардық. Содан Севастополь қаласын босаттық. Неміс солдаттарының көбі Қара теңізге түсіп өздерінің өліміне ұшырады.

Осымен Қырымдағы соғыс аяқталды. Біздерді біразырақ демалдырып, ес жинау үшін Қырымның Бахшасарайына алып келді. Осы Қырым операциясына қатысып, ерлік көрсетіп, немістердің автомашиналары мен артиллериясын талқандап жойғанымыз үшін, маған 2-ші рет «Қызыл жұлдыз» орденін тапсырды. Енді бізді осы дивизия – полкпен 1-ші Прибалтика фронтына ауыстырды.

Бұл Литва жері еді. Бұл фронтқа 600 шақырым жаяу жер жүріп жеттік, сол бойы соғысқа кірісіп, Литва жерін азат ете бастадық. Шяулай қаласын босаттық. Сол қалада қоршауда қалған немістерді тұтқынға алдық. Литва жерлерін немістерден босатып, Шяулай қаласын босатып, немістерді тұтқынға түсіргеніміз үшін мені «За отвагу» деген медалімен марапаттады. Біз Шяулай қаласының батысына шабуыл жасап, 60 шақырым кеткенімізде немістер бізді қоршауға аламыз деп, Шяулай қаласына қарсы шабуыл жасап, қаланы біресе олар, біресе біздікі алып, кескілескен ұрыста ақыры біздікі жеңіп шығып, оларды батысқа қарай ығыстырып тастадық.

Біз орналасқан жерге немістер қарша боратып оқты артиллериядан, минометтен атқылаған уақытта минаның жарықшағы маған тиіп, екінші рет жарадар болдым. Бұл жарақат екі аяқтан болды. Мен өзімше жүріп санчастқа бара алмайтын болдым. Менің зеңбіректер тобымда денелі, мінез-құлқы жақсы Анатолий Карпенко деген украин баласы бар еді. Сол командир взводтан рұқсат сұрап, мені санчастқа жеткізетін болды. Осы Карпенко мені санчастқа өзінің арқасына көтеріп алып барды. Бұған мен көп қарыздармын, бірақта ол осы уақытта өлі ме, жоқ тірі ме, ол жағы маған белгісіз.

Бұл оқиға 1944 жылдың 27 тамызында Литва жерінде болған еді. Бұдан жазылып, 1945 жылы 27 ақпанда 124-КСД-ның 406 КСП-на келдім. Бұл енді 3-ші Беларус фронтының 39-шы Армиясы еді. Бұл дивизия-полкпен Шығыс Пруссияның жерінде шабуыл жасап, бірнеше елді мекендерді босатып, Кенигсберг қаласын жаудан азат еттік. Мені осы жеңіс үшін «Отечественной войны 1 степени» орденімен наградтады. Сонымен Шығыс Пруссияда немістерді қуып шығып жеңіске жеттік. Мен жеңіс күнін осы Шығыс Пруссия жерінде қарсы алдым.

Біз осында біраз демалғаннан кейін, осы Дивизия-полкпен 1945 жылы 29 июнь күні эшелонға түсіп, шығысқа қарай аттандық. Жолда бірнеше күндер жүріп, Моңғолия Республикасының Чойбалсан деген қаласына барып эшелоннан түстік, себебі ары қарай тар жолды рельс (узкоколейка) екен, біздің вагондар оған сыймады, сонымен бізді бір өзеннің бойына апарып демалдырды. Ендігі жол Моңғолия арқылы Манчжурия (Жапония) еді. Бізге жаяу Моңғолияның шөлдаласы Гобимен жүруге тура келді. Біздердің дивизия мен полктерімізге, толықтыру үшін 1927 жылы туған жастарды берді. Моңғолияның шөл даласында су жоқ, сулы құдыққа жету үшін 56-60 шақырым жер жүру керек.

Моңғолия шөл даласының өте ыстықтығынан түс кезінде жүруге солдаттардың шамасы жетпей жатты, үстіміздегі киген гимнастерка көйлектеріміз терден іріп жыртылды. Сонда да күндіз түні 500 шақырымдай жол жүріп, Манчжурияның қатты ағысты Халкин гол деген өзенінен өтіп, Жапонияның таңдаулы Квантун армиясымен соғысқа кірістік. Алдымызда Кіші Хинган, Үлкен Хинган деген таулы, өзенді жерлері жатты. Осы жерлермен Жапонияның самурайларымен айқасып соғыстық. Бұл Забайкалский фронты еді.

Бұл соғыс 1945 жылы 8 тамызда басталып 2 қыркүйекте жеңіспен аяқталды. Біз бұл соғыста Манчжурияның Харбин деген қаласын босатып, шығыстағы Жапония милитаристер соғысын Чан Чун қаласында аяқтадық. Содан 1946 жылы 2 қаңтарда туған ауылға келдім. Келген бойда колхозда бухгалтерлік есеп, кейіннен кадр жұмысында үзбей істеп, 1982 жылы зейнетке шықтым. Бірнеше жыл колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы болдым. Еңбегі сіңген құрметті қолхозшы деген атақ берді. Мұның бәрі мінсіз қызмет үшін берілгендер.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар