«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәкеннің күнделігінде һәм соғыстың тарихында аты қалған

Сәкеннің күнделігінде һәм соғыстың тарихында аты қалған
Автор
Биыл адамзат тарихындағы ең ауыр да тағдырлы оқиғалардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толуы. 1945 жылдың 9 мамыры – әділет пен ерліктің үстемдік құрған күні ретінде тарихта қалды. Бұл күн – сан мыңдаған боздақтың жанымен келген бейбіт таң. Сондықтан да Жеңіс күні – әрбір отбасына ортақ мереке, жүрекке жақын, тағдырлы күн. Біздің облысымыздан да талай азамат Отан қорғау жолында ерлік көрсетті. Олардың есімдері – аудандық және облыстық мұрағаттар мен ескерткіш тақталарда алтын әріппен жазулы. Бүгінгі ұрпақ үшін олардың ерлігі – тәуелсіздіктің іргетасы, рухани мұра. Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз, қоғам қайраткері, шежірелі қария Баяділ Оспанқұлов. Оның өмірі ерлік пен қайсарлықтың, ізгілік пен адамгершіліктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Осыған орай, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Баяділ қарияның өмір тарихымен бөлісуді жөн көрдік.

Баяділ қарияның жастық шағы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің, ауыр жылдардың қыспағында өтті. Бірақ ол қиындықтарға мойымады, керісінше, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, ол әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралады. 1945-1946 жылдары Жапониямен болған соғысқа да қатысады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін лейтенант шеніне дейін көтерілді. Бірақ соғыстың салдары оның денсаулығына әсер етпей қоймайды.

Жарақат алып, елге оралған соң, коммунистік партияның мүшесі ретінде қоғамға қызмет етуге бел буды. 1976 жылдың күзі. Ұланбел ауылы күзгі тыныштыққа оранып, табиғаттың салқын лебі ауыл үстіне қона бастаған. Бұл күн ауыл үшін елеулі еді. Алыстан, Алматыдан белгілі әдебиет зерттеушісі, профессор, Сәкен Сейфуллиннің өмірін зерттеуге өмірін арнаған Тұрсынбек Кәкішев арнайы сапармен келіп жетті.

Тұрсынбек ағаның мақсаты айқын болатын. Ол қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, Кеңес өкіметі кезіндегі күрескер, ақын, ұстаз, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин туралы ел аузында сақталған тірі естеліктерді жинауға бел буған. Архивтерден іздеген деректердің соңында жүріп, Сүйіндік батыр есімді көнекөз қарияға жолы түскен. Сүйіндік атаның үйі қарапайым болса да, ішінен төгіліп тұрған жылылық бар еді. Екі ақсақал шай үстінде әңгіме-дүкен құрып отыр.

Тұрсынбек аға байыппен сөз бастады:

– Ата, архивтен бір дерек кездестірдім. 1919 жылы Сәкен Сейфуллинді Әулиеатаға алып бара жатқан сапарларыңызда қастарыңызда Бәйәділ есімді бір бала болған екен. Сол баланың тағдыры не болды екен деп келдім... Сүйіндік қария сәл жымиып:– Е, ол бала бүгінде қария болды ғой. Аман-есен, осы ауылда тұрады. Тілі де, санасы да орнында. Шақыртайын ба? – деді.

– Әрине, – деді профессор бірден. – Сөйлессем деген едім. Мен оның атын Сәкеннің өз қолжазбасынан оқыдым. Көп ұзамай, есіктен босаға аттап, қара сақалды, еңселі, түрі нұрлы қария ішке енді. Бұл – Бәйәділ болатын. Үй ішіне ерекше тыныштық орнады. Екі зиялы адам – бірі ғылым адамы, бірі тағдыр куәгері – уақытқа тікелей куәлік етуге отырғандай еді...

– Сәкен Сейфуллиннің өз қолымен жазған күнделігінде мынандай жолдар бар: «Шу бойынан Әулиеатаға аттанар сәтімде, көзіме бір бала түсті. Жасы тоғыз шамасында. Қағылез, отты, албырт. Сұрастырып білсем, ата анасынан ерте айырылған, ағайындарының қолында жүр екен. Аты – Бәйәділ. Мен ол баланы тастап кетуге қимай, туыстарына түсіндіріп, өзіммен бірге алып кеттім. Мен оны оқуға алып кеттім, әйтпесе бұл жерде қалып қояр еді. «Бұл бала жанып тұрған шоқ, бұдан бір нәрсе шығады», – деп...»

– Міне, сол баланың тағдыры мені қызықтырды. Іздеп жүріп сізді таптым. Естуімше, Әулиеатадағы балалар үйінде тәрбиеленіпсіз, кейін Қызылордада оқып, Самарқан университетіне түскен екенсіз. Кейін Ақтөбеде білім басқармасын басқарған екенсіз. Бұл рас па? Бәйәділ қария көзін төмен салып, біраз үнсіз отырды. Көңіл пернесін дәл басқан бұл сұрақ жүрек түбіндегі жылдарды оята бастағандай.

– Иә, рас... – деді ол ақырын. – Бірақ ол жылдар жеңіл болған жоқ... менің өмірім өте қиын болды. Мен Сәкеннің туысы деп қудаландым. Түрмеге түсіп, ауыр азаптарды бастан өткердім. Мойындамадым, «жетіммін» деп жазылған құжатым ғана мені аман алып қалды, – деді ол. Оның даусы қатты толқыды, ал көздері көп нәрсені айтып, қатты күңгірттеніп кетті.

– Ақмолада мен екі рет түрмеге түсіп, бір жылға жуық отырдым. Екі рет те «Сәкенді танымаймын, мен жетіммін» деп ақталып, түрмеден шықтым, – деп сөзін жалғастырды Бәйәділ қария.

Өзінің басынан өткерген қиындықтары мен күрес жолын айтып, ол әрі қарай былай деді:

– Кейін Ақтөбеге ауысып, білім саласында қызмет еттім. Бірақ ол жақта да тыныштық болмады. Қудалау басталды, амал жоқ, Қостанайға кеттім. Сол жерде мектеп мұғалімі болып еңбек етіп, өмірлік жарымды жолықтырдым, отбасын құрдым. Бірақ менің артымнан келе жатқан алып қашпа сөздер мен күдік бұл жақта да қыр соңымнан қалмады. Ақыры, қазақтардан мүлде алшақ кетпек болып, әйелімнің ата-анасын, балдызым мен қайнымды алып, Ташкентке көшіп кеттім, – деді.

Қарияның сөзін тыңдаған профессор одан әрі:

– Ташкентке барған соң, көп ұзамай соғыс басталды ғой? – деп сұрады.

– Иә, соғыс басталды, мені әскерге шақырып, оқыған білімімді ескеріп кіші офицерлер курсына қабылдады. Сол жерде партияға өтіп, 1942 жылы лейтенант шенін алып, майданға аттандым. Үшінші Беларусь майданында шайқастым. Беларуссия, одан кейін Прибалтика жерлерін азат етуге қатыстым. Соғыста рота командирі қаза тауып, мені рота командирі етіп тағайындады. Оған дейін аға лейтенант болдым. 1945 жылы Кёнигсберг қаласында Жеңіс күнін қарсы алдық. Кейін біздің дивизия Қиыр Шығысқа – жапондарға қарсы соғысқа жіберілді. Қытай жерін жапондардан азат етуге қатыстым. Соғыстан 1946 жылы елге оралдым, – деп ауыр да азапты жылдарды еске алды қария.

Балалық шағын Әулиеатадағы балалар үйінде өткізіп, алғаш білім нәрімен сонда сусындаған қария, тағдырдың түрлі сындарына мойымай, рухани ізденіс жолына түседі. Өмірінің ерте кезеңінде-ақ білімге деген ынтызарлық бойын билеп, Шымкент маңындағы әйгілі Шаян медресесіне жол тартады. Бұл медреседе ол діни ілімнің терең сырларын меңгеріп, білімнің биігіне қарай нық қадам басады. Медресені аяқтаған соң, зайырлы білімге де ден қойып, Қызылорда қаласындағы төрт жылдық мектепте оқып, заманауи ғылым негіздерін үйренеді. Ал бұл оқу оның алдағы үлкен сапарына жол ашады.

Білімге деген құштарлығы оны көне мәдениет пен ғылым ордасы – Самарқан шаһарына жетелейді. Сол жерде ол жоғары білім алып, тек дін саласында емес, қоғамдық ой мен ағартушылық бағытында да терең із қалдыруға ұмтылады.

Архив құжаттарын зерттеген профессор, сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев Баяділ қарияға:

– Сіз – Әулиеата өңірінде алғашқылардың бірі болып жоғары білім алған жан екенсіз ғой, – деп құрмет білдіріп, бас иіп тұрып, ризашылығын жеткізген екен. 1946 жылы соғыстан жараланып, лейтенант шенінде взвод пен рота командирі болған Баяділ Оспанкұлов елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдары Ташкентте тұрады.

«Енді мен халық жауы емеспін, соғыста қан кешіп, коммунист болып оралдым, мені қудаламас» деген үмітпен, Ташкентке өзімен бірге еріп келген қайын атасы, енесі, қайнысы мен балдызына: – Енді сіздерді Қостанайға апарып, елге қосамын, – дейді.

Алайда жолға жиналып жатқанда қайын атасы сырқаттанып, Ташкентте дүние салады. Марқұмды арулап жерлеген соң, Баяділ қария отбасы мүшелерімен бірге Ресейдің Троицк қаласы арқылы Қостанайға жолға шығады. Ол уақытта жол жүру өте қиын еді. 1947 жылы Қостанайға жеткенде оның тұңғыш ұлы дүние есігін ашады.

Арада екі жыл өткен соң, Баяділ қария қайын жұртына:

– Мен сіздерді елге аман-есен жеткіздім. Енді өз ағайын-туыстарымды табуым керек, – деп жолға жиналады. Алайда туған-туыстарын табу оңай болмады. Арада 30 жылдай уақыт өтті. Бұл – ашаршылық, қуғын-сүргін, колхоздастыру сынды халық басына ауыр күндер түскен заман болатын.

Бірақ Баяділ ақсақал:

– Не болса да, Сүйіндік батырды табуым керек. Егер біреу білсе – сол кісі біледі, – деп бала шағасын Қостанайда қалдырып, жалғыз өзі жолға шығады. Көп іздегеннен кейін 1956 жылы Сүйіндік ата туралы «Меркіде тұрады» деген хабар жетеді. Баяділ қария бала-шағасын алып, Меркіге бір жылдан кейін жетеді. Осы аралықта екі ұлы – Серік пен Амангелді дүниеге келеді.

Алайда Меркіге келгенде Сүйіндік ата ол жақта болмай шығады. Жергілікті тұрғындардан ол кісінің қуғынға ұшырап, Түрікменстанға қоныс аударғанын естиді. Содан Баяділ қария сол өңірдегі «Қазақстан» колхозына сельсовет төрағасы болып жұмысқа орналасып, кейіннен мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Бір күні Сүйіндік атаның Ұланбелге қайта оралғанын естіп, туған жеріне, Ұланбел ауылына аттанады. Араға 41 жыл салып, туып-өскен топырағына қайта табан тигізеді. Сол жерде Сүйіндік ағасымен табысып, ағайын-туыстарымен қауышады. Бұл кездесуден кейін барлық қызметін тастап, отбасымен бірге Ұланбелге көшіп келеді.

Бірде мен әкейден:

– Ақмоладағы қызметіңізді неге жалғастырмадыңыз? – деп сұрағанымда, қария:

– Ағайындарымды сағындым. Не болса да, солардың ортасында болғым келді, – деп жауап берген еді.

Ұланбелге келген соң, бала-шағасы көбейіп, әкей:

– Менің кезеңім өтті.

Енді балаларымды оқытып, білім алып беруім керек, – деп мал шаруашылығымен айналысып, зейнет жасына дейін еңбек еткен. Өмірінің соңына дейін туған жері – Мойынқұм өңірі, Ұланбел ауылын «кіндік қаным тамған қасиетті мекен» деп ерекше қадірлеп өтті.

2004 жылы Тараз қаласында 93 жасқа қараған шағында, ұрпақтарының алдында дүниеден озды. Артында 6 ұл, 2 қыз, немере-шөберелері қалды. Бұл естелік қарияның өмір жолынан сыр шертеді. Оның тағдыры, әрине, тек өз басының ғана емес, Қазақстан халқының тарихының, қиындықтары мен қуанышының бейнесі. Ол өзінің жас кезінде Сәкен Сейфуллинмен бірге жүріп, ел тәуелсіздігі үшін күреске қатысып, кейінгі өмірінде көптеген қиындықтарды жеңе отырып, нағыз ерлік жолын жүріп өтті.  Оның өмірі мен тағдыры бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Қайран шежірелі қария, ұрпаққа өмір сүруге деген күшті сабақ беріп, сол бір тағдырдың тар жолынан ешқашан қайтпай, ұрпағына ерліктің ұлы үлгісін қалдырды.

 

Гүлайым ОСПАНҚҰЛОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.

Астана

Ұқсас жаңалықтар