«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызғалдақ – табыс пен берекеге бастай бергей

Қызғалдақ – табыс пен берекеге бастай бергей
Ақәділ Рысмахан, Юрий Ким
Көктем келе салысымен, Ұлы даланың әрбір сайы мен қырқасы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше сұлулыққа бөленетіні ақиқат. Әсіресе сәуір мен мамыр айларында ел-жұрт самал желмен дірілдей құлпырған қызыл, сары, ақ, алқызыл қызғалдақтарды көруге асығады. Кешегі сенбіде қойнауы құтқа толы қарт Қаратаудың бөктерінде кезекті рет «Қызғалдақ мұрасы» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып, жұртшылық қыр мен сайға сән берген көздің жауын алар қып-қызыл қызғалдақтарды көзбен көруге мүмкіндік алды. Бұл күні Талас ауданындағы Есейхан ауылының қойнауы тек қана облыс тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Германия, Украина, Қырғызстан, Нидерланд, Ресей, Қытай, Түркия және Үндістаннан келген қонақтарға да толды. Фестивальге экожүйе мамандары, ЮНЕСКО өкілдері, консулдық және дипломатиялық корпус мүшелері, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бес мыңға жуық адамның басын біріктірген ауқымды іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашты.

– Бүгін біз қазақ даласының көркіне айналған, көктемнің шуағын, табиғаттың жаңаруын паш ететін қызғалдаққа арналған фестивальде бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізде туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар екенін, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болатындығын айтқан болатын. Осы іс-шара өңір туризмін дамытудағы ауқымды жоба десек қателеспейміз. Қызғалдақ – жай ғана гүл емес, ол – біздің ұлттық болмысымыздың, тарихымыздың, табиғатымыздың ажырамас бөлігі. Сан ғасырлар бұрын Еуразияның дәл төрінен, осы қасиетті қазақ жерінен бастау алған қызғалдақтың әлемді шарлап, Голландияға дейін жеткені – баршамызға белгілі тарихи шындық. Бұл біздің табиғи байлығымыздың, туған өлкеміздің сұлулығының дәлелі. Бүгінгі фестиваль гүл мерекесі ғана емес, бірлік пен достықтың, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, рухани жаңғырудың белгісі. Табиғатты аялау – болашаққа деген аманат екенін естен шығармайық, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жалпы, елімізде қызғалдақтың 41 түрі өссе, оның 18-і Жамбыл жерінде кездеседі. Осылайша, біздің өңір жауқазын түрінің әр алуандығы бойынша аймақтар арасында көш бастап тұр. Сонымен қатар қызғалдақ сортының патшасы Грейг қызғалдағының тарихи отаны Әулиеата жері саналады. Сонымен, фестивальдегі ерекше жаңалықтың бірі – жамбылдық 100 қолөнерші 200 шаршы метрлік киіз басып, Қазақстанның рекордтар кітабына енуі.

Бұл күні жамбылдық қолөнершілер 200 шаршы метрлік киіз басып, үш айлық еңбектерінің нәтижесін таныстырды. Фестивальде Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабының сертификаты салтанатты түрде табысталды. Шараға қатысушылар, оның ішінде шетелдік қонақтар да қолөнершілердің еңбегіне жоғары баға беріп, зор ықыласпен қабылдады. Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған.

Айта кетейік, КИНЭС рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков кітапқа енген қолөнершілердің киізін халықаралық «Әулие-Ата» әуежайына табыс етті.

– Қазақ халқы үшін киіздің орны айрықша. Ақпан айының ортасында өңірдегі бес қолөнершілер ассоциацияның 100 мүшесі бірігіп, бұл іске жұмылды. Шығармашылық топ күн-түн демей еңбек етіп, қызғалдақ бейнесі бедерленген бірегей бұйымды жасап шығарды. Киіздегі өрнектерді белгілі дизайнер Айдархан Қалиев таңдады, – дейді «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Құндызбаева.

Сондай-ақ осынау іс-шара аясында ұлттық өнер мен салт-дәстүрге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт түрлері, сән көрсетілімі мен гала концерт көпшілік назарына ұсынылды.

Алматылық шаңқобызшы Дана Ордабекқызының айтуынша, қызғалдақ алқабында өткен фестиваль оған ерекше әсер қалдырған.

«Бұл фестивальге үшінші рет қатысып отырмын, бірақ әр жолы жаңа әсер, жаңа шабыт сыйлайды. Менің шаңқобызымды біраз уақыт бұрын сахалық қонақтар сыйлаған болатын. Ол мен үшін өте құнды, мен аспапты енді ғана меңгеріп жүрмін. Бұл өнерді бірден игеру қиын. Бірақ бүгінгі өнерім қонақтардың көңілінен шыққан тәрізді. Қаратау бөктерінде шаңқобызда ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Шаңқобыздың үні табиғатпен үндесіп, қазақтың терең мәдениетінің бір бөлшегін тыңдармандарға жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай фестивальдер ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мен болашақ ұрпаққа жеткізу үшін аса маңызды», – деді ол.

Ал 10-сынып оқушысы Әлмерек Қадырбай фестивальдің арқасында табиғат пен өнерді ұштастырғанын қуанышпен жеткізді. Сөзінше, ол қызғалдақтдар мекенінде домбыра тарту – оны тылсым әлемге жетелегендей әсер қалдырған.

«Домбыраның үні менің жүрегіме жақын. Осы жерде Құрманғазының «Балбырауын» және Әбдімомын атамыздың «Ерке сылқым» күйлерін орындадым. Табиғат аясында, қызғалдақтар құшағында домбыра шерте отырып терең ойға баттым. Мектепте домбыраға көп уақыт бөлемін, сондықтан осындай үлкен шараға қатысу – менің өнерімді көрсету үшін жақсы мүмкіндік. Болашақта домбыра арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытуға өз үлесімді қосқым келеді», – деп пікірін білдірді мектеп оқушысы.

Иә, Қаратау баурайында өткен «Қызғалдақ мұра» фестивалі – тек мереке емес, туған жер табиғатына деген терең тағзымның, ұлт мұрасын ұлықтаудың айқын көрінісі болғаны рас. Талас топырағында өткен бұл рухани мәдени шара табиғат пен дәстүр, ғылым мен өнер тоғысқан ерекше бір алаңға айнала білді.

Әлем назарын аударған фестиваль – Жамбыл жұртының табиғатты аялауға, ұлт құндылығын сақтауға деген шынайы ниетінің белгісі екені рас. Бұл бастама тек аймақтың емес, тұтас қазақ даласының мақтанышына айналып, келешекке жалғасар игі дәстүрдің негізін қалары сөзсіз.

Марсели ПИЧНА, нидерландық «HBM» компаниясының менеджері: – Қызғалдақтар фестивалі өте жақсы өтті. Бұл шара тек мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын танытатын ерекше мүмкіндік болды. Мен фестиваль кезінде қазақтың шапанын киіп жүрдім. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Қазақ халқының өнері мен дәстүрлері терең әсер қалдырды. Ал қызғалдақтың осы өңірден шыққаны туралы білгенде ерекше таңдандым. Әрбір қатысушы бұл шараның мән-маңызын түсініп, оның көркемдік құндылығын жоғары бағалады. Мұндай фестивальдер осы өңірдің мәдени мұрасын әлемге танытуда маңызды рөл атқарады. Қызғалдақтар дәл осы өңірлерден әлемге таралған. XVI ғасырдың басында алғаш Түркияға, кейін Австрияға, одан әрі Нидерландыға жетіп, бүгінде Голландия елінің символына айналып, миллиардтаған табыс әкелетін салаға жол ашқан. Қазіргі мәдени қызғалдақтардың арғы тегі қайдан шыққанын зерттеген ғалымдардың пікірі осыған саяды. Ғалымдар өсімдіктің отаны – Қазақстан екенін дәлелдеді.

Анзор ГАСАЕВ, танымал саяхатшы блогер: – Мен Қазақстанның табиғатын сүйемін, тауларда жиі блогтар түсіремін. Қызғалдақтар фестивалі өте жоғары деңгейде өтті. Мерекеде табиғаттың әсемдігі мен қазақтың мәдениеті айқын көрініс тапқан. Осының барлығы фестивальдің жалпы атмосферасын арттыра түсті. Ауқымды шара бізді болашақта осындай мықты, сапалы өткізілетін мерекелерге ынталандырды. Мұндай фестивальдер Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге таныту үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Грейг қызғалдағы – Жамбылдың символы болуға лайық.

Марцели ПЕХНА, Holland bulb market компаниясының менеджері:  – Мен осы фестивальге арнайы Голландиядан келіп, шараны көзбен көргеніме, біздің елдің басты символдарының біріне айналған қызғалдақ гүлдерінің шынайы түп отанына ат басын бұрғаныма қуаныштымын. Шараның бірінші күнінде жан-жақтан келген ғалымдармен кездесіп, табиғи құндылықтың келешегі туралы кеңінен талқыланды. Ол басқосуда өз тарапымнан қызғалдақтың шығу тарихына тоқталып, Голландия еліне келуі мен қазіргі таңда жаһандық гүл нарығындағы сұраныстар туралы баяндама жасадым. Шараның екінші күні қазақтың кең даласындағы қызғалдақтардың ошағымен таныстым, шыны керек, тарихи деректермен таныс болғаныммен бәрібір көзбен көргендей болмайды екен. Сондықтан мұндай шараны дәстүрге айналдырып, алдағы уақытта әлем туристерінің назарын осы өңірге аударуға болады. Мен үшін Әулиеата жері ұмытылмастай әсерге бөледі.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар