«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерлік рухын жаңғыртқан эстафета

Ерлік рухын жаңғыртқан эстафета
Автор
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан мен Қырғызстан арасында тарихи және символикалық маңызы зор Жеңіс эстафетасы өтті. Брест қамалынан бастау алған эстафетаның оты Алматы облысынан Жамбыл облысына табысталып, Қырғыз Республикасына салтанатты түрде тапсырылды. Бұл іс-шара біздің елдеріміздің бірлігі мен ортақ тарихына, халқымыздың ерлігі мен батырлығына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Эстафета тобына жетекшілік еткен Қазақстан Республикасынан подполковник Р.Нұрбек пен Қырғыз Республикасынан полковник А.Сабиров аталған шараның мән-маңызын терең түсініп, бірлікті, патриотизмді паш етті. Олар әрбір қадамымен бұл іс шараның мақсаты халықтар арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту екендігін айқындады. Жеңіс эстафетасы – бұл тек символдық шара емес. Ол Ұлы Отан соғысындағы ұлы ерлікті есте сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында маңызды рөл атқарады.

Эстафета Жамбыл облысы арқылы жүріп өтіп, Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы шекараны байланыстырып, екі елдің ортақ тарихы мен екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің жалғасып келе жатқан мұрасын бейнеледі.

Салтанатты шарада ҚР ҰҚК шекара қызметі облыстық департаментінің орынбасары, полковник Саят Шубаев «Бұл эстафета – Жеңіс рухын жаңғыртудың ғана емес, жас ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеудің маңызды бір кезеңі. Бұл іс-шара бізге соғыс жылдарының батырларын ұмытпай, олардың ерлігін құрметтеуге үйретеді», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, жиынға Қордай ауданы әкімдігінің өкілдері қатысып, Жеңіс эстафетасына қолдау білдіріп, осындай маңызды іс-шараның ел бірлігі мен патриоттық тәрбие үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Эстафета мен оның жүріп өткен жолы біздің екі халықтың арасындағы мәңгілік достық пен ынтымақтастықтың символы ретінде сақталады.

Бұл шара тек соғыс батырларын еске алу ғана емес, келешек ұрпаққа тарихи сабақ және бейбітшілік жолында бірігіп әрекет етудің мәні мен мағынасын ұқтыру болып табылады. Жеңіс эстафетасы – біздің өткенімізді, бүгінімізді және болашағымызды біріктіретін, халықтарымыздың мәңгілік мұрасын жалғастыратын қасиетті жол.

 

Аслан ЖЕКСЕНБИН,

ҰҚК Шекара қызметі

Жамбыл – ШҚД капитаны.

Ұқсас жаңалықтар