«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауызында періштелер түнеген Қаратау жауқазыны

Қауызында періштелер түнеген  Қаратау жауқазыны
Автор
Өлкемізге көгілдір көктем келіп, табиғат дүр сілкініп, түкті кілемдей құлпырып сала берді. Еліміздің және шетелдік басылымдар Қазақстан аумағы жылқының, қызғалдақтың, алманың отаны екенін жарыса жазып жатыр. Оған еш талас жоқ. Өйткені, бірнеше шетелдік ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол деректердің растығы дәлелденді. Қазақ даласына, Алатау мен Қаратау өңірлеріне көктем айларында көрік беріп тұрған қызғалдақ жайлы айтпау мүмкін емес. Қызғалдақ жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Иранға, одан Түркияға, әрі қарай қыр асып Еуропа елдеріне, одан Голландияға жеткізіліп, олар ғасырлар бойы күтіп, баптап, селекция арқылы қызғалдақтың ондаған кейбір мәліметтер бойынша 3 мыңнан астам түрін өсіріп, сол Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін үлкен табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің түбі, яғни отаны Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.

Жауқазынға қатысты ел ортасында небір аңыз бар, әфсаналар да аз емес. Осы жауқазынды қызғалдақ гүлі жердің бетінде қашан және қалай пайда болды екен? «Әлмисақтан жеткен аңыздарға сенсек, Шырынға ғашық болып, жалған сөзге сеніп, сүйгеніне қосыла алмай жартасқа соғылып өлген Фархадтың басынан аққан қанынан өсіп шыққан деседі. Әфсана әфсанамен, ал ғалымдар жабайы жауқазындар Солтүстік Ираннан бастап, Памир тауларынан асып, Тянь-Шаньға дейін салтанат құрғанын айтады. Осы 10 15 миллион жылда жауқазын жылжып отырып Испаниядан Мароккаға дейін жайқалған. Ал Иран аңыздарында жауқазын айдаһардан аққан қаннан өсіп шыққан деседі.

Ағылшындардың көне ертегілерінде жауқазын қауызына періштелер түнейтіні әлі күнге дейін айтылады. Парсы әдебиетінде «дюльбаш» деген атауға ие гүл тюрбан дейтін Шығыс бас киімінің үлгісін еске салмай ма?! Кейбір наным сенімдерде сары жауқазынның қауызында байлық пен бақыт жасырынып отырады-мыс», деп жазады журналист Айнаш Есали («Егемен Қазақстан», 28.06.2017). Ал шындығына барсақ, қызғалдақтың отаны – Қазақстан, оның шын мекені қазаққа ата тіреу болған киелі Қаратау өңірі.

Қызғалдақтың тарихы әріде жатыр. Біздің жыл санауымызға дейінгі III-VII ғасырларда сасанид дәуіріндегі күміс ыдыстардың бетінде қызғалдақтың суреті бедерленген. Бір қызығы қытай императорының мүрдесінен табылған шекпеннен түрлі қызғалдақ кескіндерінің өрнектерін кездестіресіз. Босфор маңайындағы Топ-Кану сұлтан-дығындағы бас сарайдың аумағында «Қызғалдақ бағы» әсем гүлдерімен келушілердің көз жауын алған. Сүлейман патшаның бағында әр көктем сайын жарты миллионнан астам қызғалдақ ерекше әспетпен жайқалып, алқызыл бояуымен тамсантқан. Қызғалдақ бағында ХVI ғасырдың басында гүлдерді будандастыру арқылы 300-ден аса түрін өмірге әкелген.

ІІІ Ахмед патшаның билік жүргізген кезінде қызметшілер қызғалдақ егіп, оны күтіп, баптауды өздеріне сәнге айналдырған. Суретшілер жыр кітаптары мен альбомдарды көркемдегенде қырмызы қызғалдақтарды көп пайдаланғандары да содан шығар. Түрік жылнамашылары Осман мемлекетінің тарихында ғасырдың басын «Қызғалдақ дәуірі» деп атады. Австрия императоры Фердинандтың Константинопольдегі елшісі Огьер Гислан де Бусбек қызғалдақ ұрығын Еуропаға алып келді. 1554 жылы қызғалдақ ұрықтарын сатып алып, дәрілік өсімдіктер бағының директоры, ботаник, бағбан Каролюс Клузиус деген есіммен көбірек танылған Барль дель Эклюге тапсырған. Зерек бағбан оны егіп, таңдай қақтырар көрікті гүлдердің бүкіл Еуропаға таралуына жол ашты.

Огьер Гислан де Бусбек араға уақыт салып барып, 1554 жылы қолда қалған ұрықтарын неміс қаласы Аугсбургке жіберген. Ол жерде швейцариялық ботаник және дәрігер К.Геснер таңғажайып гүлге ғылыми сипаттама беріп, сирек кездесетін әсемдік үлгісі ретінде қағазға түсірді. Сөйтіп, қызғалдақ Австрияны ғана емес, бірте-бірте Германияны, Францияны, Англияны әдемі әспетімен, нәзік сұлулығымен жаулап алды. Ал, ХVII ғасырдың басында Бранденбург курфюристі Фридрих-Вильгелм қызғалдақтың түрлі сорттарының коллекциясынан альбом жасап дәрігердің еңбегін өзгелерге мақтан тұта көрсететін болды.

Францияда ХIV Людовик билік жүргізген кезеңде патша сарайындағы бекзадалар ауладағы қызғалдақтардың қымбат деген ең әдемі түрлерінен үзіп алып, үстеріндегі киімдеріне тағып әспеттейтін. Оның өзі үлкен мәртебе саналған. Король зергерлері осы үрдісті дөп басып, әшекей бұйымдарына, сырға, жүзіктерге өрнектей бастады. Шарбақтардың шойын құймаларына таңбаланды, ыдыс-аяқтарға әшекейленді.

Белгілі кісілер үйлерін мереке күндері қызғалдақпен сәндеп отырды. Қызғалдақтың Голландияға жетуі веналық бағбан К.Клузиус 1593 жылы Лейден қаласындағы университеттің әйгілі Ботаникалық бағына қызметке шақырылуынан басталды. Өзі білгір ботаник әрі бағбан Венадан жолға шыққанда ұқыптап салып алған ерекше гүлдің ұрықтарын университет бағына сол жылы күзде егіп, келер көктемді күткен, ерте көктемде жыл сайын жап-жасыл болып жататын әдемі бақ қып қызыл гүлдерге толып кетті. Көз жауын алған қызғалдақтарға таңырқай қараған жергілікті жұрт ізгілік нұрын сепкен әдемі көріністен шаттық көргендей сүйсінді. Бағбан өзіне деген ықыластың артқанына масаттанып, алдағы көктемде басқа будан тұқымдарын егуді мақсат тұтты.

Бөгде топырақты бөтенсіп жатырқамайтынына деген сеніммен ерекше тер төге құлшыныспен кірісті. ХVII ғасырдың басында бүкіл Голландияда қызғалдақ егу ісі сәнге айналып жүре берді. Кімнің бақуат екені бағындағы қызғалдақ түрлерімен есептелінді. Әсіресе, бұл екпін 1634-1637 жылдары өзінің шырқау биігіне жетті.

Жаңа түрлерінің бағасы бұрынғыдан да құбылып шарықтай түскен. Сол кезеңдерде бұл гүлге деген ықыластың ерекшелігін оның ұрықтарына деген ерекше қызығушылықты өздері тұратын үйлерге айырбастауға барды, сол үшін де артық жерлерін тапсырды, қоймадағы астығын беріп жіберді. Қызғалдақтың Семпер Аугуста сортының бір түйір ұрығы 3500 гульденге сатылды. Тек 12 түрінің ғана сатылуы елдің ықыласын ерекше аударып, қолдары жетпегендері сандарын соғып, кәдімгідей өкініштерін білдірді. Ұрықтың бағасы өскені сонша, басқа бір түріне жалбарынышпен 4500 гульден ұсынып тұрып, айтқан бағасына қиналып көнбеген сәтте бергісі келмеген бағбанға аты мен арбасын қоса сыйлап жібергендер болды.

Сирек сорттарының ұрықтары салмағына қарай бағалы металдармен теңесті. Елдегі қызғалдаққа деген дүмпудің өзіндік ескерткішіндей болып үйге ілінген тақта бүгінге дейін Амстердам мұражайында сақталып отыр. Бұл тақтада қаланың бір көшесіндегі екі тас үйдің 1634 жылы қызғалдақтың үш тал жуашығына сатып алынғаны туралы мәтін жазылғаны еріксіз езу тартқызады. Кейіннен Голландия үкіметі ел арасындағы саудагерлікті тоқтату мақсатында қызғалдақ тұқымына тұрақты баға белгілеген арнайы жарлық шығарды. 1637 жылы ақпанда тұңғыш рет қызғалдақтың ресми каталогын басып таратты.

...1673 жылы 15 мамырда таңертең Гаарлемде шаһардың барлық бағбандар қоғамы, бағбандар мен гүл өсірушілер, бүкіл тұрғындар Ратуша алаңына жиналған. Алаңға ентелей ағылған халықты гаарлемдік бағбандар қоғамының президенті М.Ван-Синтес бастап келе жатты. Үстінде қара-көкшіл барқыт пен қызғалдақ түстес жібек киім, қолында үлкен гүл шоғы. Оның соңынан бетіне әдемі аппақ матадан жапқыш жамылған зембіл көтерген топ, зембіл үстінде әспетті құмыраға салынған қызғалдақ.

Бүкіл мерекенің алтын діңгегі болған – қызғалдақ, Құдай-ау, қара түсті жалғыз қызғалдақ. Жұртшылық аса құрметтеп алдарына салып келе жатқан М.Ван-Синтестің киімінің түсінен айнымайтынын айтыңыз. Қасында былғары қалтаның ішінде қара қызғалдақты будандастырып шығарғаны үшін бағбандар қоғамының президентіне салтанатты жағдайда тапсырылатын 100000 гульден алтын – Гаарлем қаласының сыйлығы болатын. Принц Оранский жиналғандар алдында ерекше ықыласпен сөз сөйлеп, адам айтса сенгісіз ғажайыптың куәсі болып тұрғаны өздеріне айрықша мәртебе екенін, осы елеулі оқиғаның иесі қара қызғалдақты өмірге әкелген алтын қолды бағбанға аты-жөні, қызметі жазылған жарғақ тапсырып, қала басшылығы тағайындаған қомақты қаржылай сыйлық ұсынған. Соңы мерекелік салтанатқа ұласқан. Гаарлемдегі қызғалдақ күні осылай ерекше жағдайда аталып өтетін болған.

Ботаник ғалымдардың жорамалы бойынша қызғалдақтың жаратылған алғашқы отаны Орта Азия деп саналады. Сол жерден ол Оңтүстік Еуропаға және Жерорта теңізінің африкалық жағалауына тарағанын мәлімдейді. Табиғи қызғалдақтың ең қалың өсетін жері Орта Азияның шөлді аймақтары мен таулы аудандары, далалар мен құмдауыт және тастақты шөлдер болып келеді. Бұл өңірде, әсіресе, тау етегіндегі шашылған тастар арасында беткейлердің жоғарғы, орта және төменгі бөліктеріндегі гипсті, құмдауыт, сазды топырақты жерлерде өседі. Қаратау бөктерінің бәрі дерлік осы сипатқа толықтай сай келетіндіктен ерте көктемде қырмызы қызғалдақтарға толып, құлпырып көз жауын алатыны содан да шығар. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында өсетін жабайы қызғал дақтар дың 83 түрі бар болса, соның 63 түрі Орта Азияға тән екен. Көптеген ортаазиялық түрі жоғары сәндік, сонымен қатар селекциялық тәжірибеде кеңінен пайдаланылады. Кейбірі қазіргі сорттардың негізін құрайды.

Бүгінгі күні гүл базарларында сатылатын голландиялық қызғалдақтардан да тау қызғалдағының айрықшаланып тұратыны осыдан болар Итальян саяхатшысы Плано Карпини Лионнан Қарақорымға дейінгі сапарында 1246 жылы мамыр айында Қаратаудың етегі арқылы Түркістанның тұсынан өтеді. Сол кезде қираған шаһарларды, қорғандарды көріп өкініш білдіреді.

Шаңырағынан шуақ түскен, кереге уықтарымен әдемі әспеттелген қазақтың киіз үйіне тамсанады. Бұл – жылдың гүл жарған көк майса мезгілінде сұлу табиғаттың керім көрінісіне таңдай қаққан саяхатшы серіктерімен Қаратаудың қырмызы қызғалдақтарының ұрығына қызығып өздерімен бірге ала кетуі де мүмкін ау. Онда алыс Еуропаға кейбір ғалымдар айтып жүргеніндей Түркия жерінен 1559 жылы емес, одан аттай үш ғасыр бұрын Қаратау өңірінен жеткізілген деуге келіңкірейді. Себебі, бұл өңірдің көз жауын алар қызғалдақтары саяхатшының назарын өзіне аудармауы мүмкін емес.

Табиғи қалпында-ақ Қаратаудың қырмызы қызғалдақтары будандастырудың, бағбанның аялы алақандарының жемісін көрген голландиялық қызғалдақтардан бояу әспетімен, көрік сымбатымен алаулап ерекшеленіп тұрады.

Неміс саяхатшысы Александр Гумбольдт 1929 жылы Қазақстанға жасаған саяхаты негізінде жазған «Табиғат көріністері» кітабында: «Азия жазығының ең көңіл аударатын бөлігіне мал өсіретін халық орналасқан, дала гүлқайыр, қызғалдаққа, ақ гүл жарған қызғыштау аласа ағашқа толы…» деп жазады.

Еуропаның мың түрге бөленген қызғалдағының ортасынан келсе де дала қызғалдағына айрықша көңіл аударғанына назар салып көріңізші…» (Сапарбай Парманқұлов, «Егемен Қазақстан», 23 наурыз 2015 ж.).

Біздің өңірмен шекаралас-көрші Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылынан таяқ тастар жерде Қаратаудың күнгей бетінде Шұбайқызыл деген (бұрындары жергілікті тұрғындар «Красная горька» деп атап кеткен бұл төбешікке белгілі жазушы Мархабат Байғұт осындай әдемі ат берген екен) көз тартар шағын төбешік бар. Жылда сәуір айының соңы мен мамыр айының басында әлгі төбе бір-бірімен жарыса өскен қырмызы қызыл қызғалдақтармен көмкеріліп, көздің жауын алады. Тіпті қызғалдақтардың арасынан аяқ басуға орын таппай қиналатын кездер болады. Осы кезде «Қызғалдақтар фестивалі» өтіп, көптеген өңірдің суретшілері табиғаттың сол сәттегі әсем сұлулығын полотноға түсіруге асығады.

Біздің облыстың Жуалы ауданының Қошқарата өңіріндегі, Қаратау қаласының батыс жағындағы тау сілемдері мен Сарысу ауданының Көсегенің Көкжоны алқабын да жайқалып өскен қырмызы қызғалдақтар мекені десек артық айтқанымыз емес. Табиғат сыйлаған, бірімен-бірі жарыса өскен көз тартар қызғалдақтардың әсемдігін, олардың лүп еткен ерке тау самалына жеңіл діріл қаққан сәтін көріп, оларға деген сүйінішің арта түседі. Бірақ базбіреулер «жер менікі» деп табиғат көрінісіне еш мән бермей қызғалдақты даланы, белдерді соқамен аяусыз жыртып, егін сеуіп тастағанын көріп қынжыласың.

Соған қарамай, себілген егінмен, жоңышқамен жарысып өсіп жатқан қызғалдақтардың құдіретіне таң қаласың. Біздің өлкеде – Қаратау бойында өсетін Грейг және Кауфман қызғалдақтары мемлекеттік қорыққа алынып, «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сондықтан оларға аянышпен қарап, табиғат аясында сақталып қалуларына бар мүмкіншілігімізді жасауымыз керек. Әсемдікті жойып жіберу оңай, ал сақтап қалу – міндет! Міне, сол қызылды, сары түсті көз жауын алатын әсем қызғалдақтар Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында жыл сайын сәуір-мамыр айларында жайқалып, тау самалына тербетіліп тұрғанын көрген жан ерекше көркем сұлулыққа сүйсіне қарап тұрып тебіренетіні рас. Қызғалдықтың әлем бойынша 3 мыңнан аса түрі бар екенін біз жоғарыда айттық. Оның 39 түрі біздің елде өседі. Республикалық «Қызыл кітапқа» оның 18 түрі енгізілгенін біреу білсе, біреу білмейді. Соған қарамай, жыл өткен сайын даламызда көзге қуаныш сыйлайтын қызғалдақтар селдіреп, азайып бара жатқандай ма, қалай? Жанашырлық керек-ақ...

Есте болатын жайт, ерекше қорғаудағы қызғалдақтарды жұлу қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 339-бабы 1-тармағында өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою іс-әрекеті үшін әртүрлі жаза түрлері, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қызғалдақты жұлған адамға 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады.

...Міне, тағы да Қаратаудың қыраттары мен белдері қызғалдақтарға оранды. Саяхатшылар, тіпті шетелдіктер де қызғалдақ гүлдерін қызықтауға арнайы біздің өңірге келеді. Ерекше атап өтер жайт, қызғалдақтың көпшілік сұрпы – жабайы тұқым. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде дала жауһарының Кауфман, Регель және Грейг түрлері кең таралған. Соңғысы тіпті қызғалдақтар патшасы деп те аталып кеткен. Грейг қызғалдағы – лалагүл тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік. 1868 жылы Грейг қызғалдағы (Тulipa greigii Regel) Алтай қызғалдақ түрлерінің біріне жатқызылып, Алтай жауқазыны (Tulipa altaica) деп аталып келген.

Кейіннен 1873 жылы ботаник Эдуард Людвигович Регель Қаратау тауларында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл гүлді Ресей бағбандары қауымдастығының президенті Самуел Алексеевич Грейгтің құрметіне Грейг қызғалдағы деп атаған. 1887 жылы Голландияда қызғалдақтар көрмесінде гүлдің осы түрі бірінші сыныпты сұрып дипломын жеңіп алған екен.

Халық арасында сол кездерде қызғалдаққа деген қызығушылық жоғары болып, бір дана пиязшығының құны ат арба құнымен бірдей бағаланған. Сәуір айының басында гүлдеп, маусым айына дейін жайқалып тұратын бұл дала гүлі көздің жауын алады. Табиғаттың ажарын ашып, жайқалып өсіп тұрған біздің өңірдің Грейг гүлі, қызғалдақ өсірудің шеберлері деп танылған голландиялықтардың өзін таңқалдырады екен. Табиғатқа аянышпен қарап, оның әсем көрінісін көзіміздің қарашығындай сақтай білейік! Табиғаттың сыйын келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар