«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар қауіпсіздігі - басты назарда

Балалар қауіпсіздігі - басты назарда
Автор
Қазіргі таңда балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі. Соның ішінде өрт қауіпсіздігі – ата-аналар мен тәрбиешілердің, мұғалімдер мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өрт – аяқ астынан орын алатын апат. Сондықтан өрттің алдын алу шараларын бала кезден үйрету – олардың өмірін сақтап қалудың тиімді жолы.

Балалар көбіне өрттің қауіптілігін толық түсіне бермейді. Олар сіріңке, оттық, тоқ көздері сияқты заттарды ойыншық ретінде қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін балаға өрттің қандай қауіпті апат екенін түсінікті тілмен жеткізу қажет. Әрбір ата-ана баласына өрт қауіпсіздігі ережелерін, мысалы, сіріңке мен оттықты ұстамау, электр құралдарын ересектердің рұқсатынсыз қоспау, пеш немесе газ плитасынан алыс жүру, от шыққан жағдайда бірден үлкендерге хабар беру немесе «101» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін үйретуге міндетті.

Бүгінде облыста «Балалар қауіпсіздігі – басты мақсатымыз!» республикалық акциясы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Меркі ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері И.Трубицын атындағы мектеп гимназияның оқушыларына өрт қауіпсіздігі мен шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау тәртіптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балаларды өрт сөндіру автокөлігі, өрт сөндіру жарақтары мен киімдері және авариялық құтқару құрал жабдықтарымен таныстырды.

Осындай құтқарушылардың оқушылармен жүздесуі Жамбыл ауданында да ұйымдастырылып, республикалық акция аясында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп пен аудандық шығармашылық орталығының оқушыларымен профилактикалық іс-шаралар өткізді. Кездесу барысында мамандар балаларға өрт қауіпсіздігі және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты айтып берді. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде өрт оқиғалары мен суға байланысты қайғылы жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылды.

Құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндірді. Осындай іс шаралар оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары да акция аясында облыс орталығындағы №31 бөбекжай-бақша тәрбиеленушілерімен ашық сабақ өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларға күнделікті өмірде қауіпсіздік негіздерін үйрету және құтқарушы мамандығына деген құрмет қалыптастыру. Достық қарым-қатынаста әрі ойын түрінде өткізілген сабақ бүлдіршіндердің маңызды ақпараттарды жеңіл қабылдауына мүмкіндік берді.

Құтқарушылар балаларға отпен ойнаудың қауіптілігі, үйде жалғыз қалғанда не істеу қажеттігі, жаз мезгілінде су айдындарында өздерін қалай ұстауға тиісті екені және төтенше жағдайда кімге хабарласу керектігі туралы айтты. Қалалық құтқарушылар балабақша бүлдіршіндері үшін осындай қызықты әрі маңызды сабақтар ұйымдастыруды алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Мұндай кездесулер балалардың қауіпсіздік ережелерін үйренуіне ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметкерлеріне деген сенімін нығайтуға, ерте жастан жауапкершілік пен құрметті бойға сіңіруге үлкен үлес қосады. Балалардың қауіпсіздігі – жуалылық құтқарушылардың да басты назарында.

Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері республикалық акция аясында ауданның білім ошақтарында түсіндіру-насихаттық жұмыстар жүргізуді жалғастыруда. Жақында 160-тай оқушы мен мұғалім қатысқан осындай іс шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп пен Мыңбұлақ ауылындағы №2 орта мектепте ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың өрт қауіпсіздігі және жаз мезгілі қарсаңында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы білім деңгейін арттыру.

Сонымен қатар балаларға Мәлiк Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу мүмкіндігі туралы ақпараттар берілді. Жасөспірімдерге құтқарушы мамандығының маңыздылығы, оқу шарттары және болашақтағы мансаптық мүмкіндіктері түсіндірілді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Ұқсас жаңалықтар