
«Керман деген жұрт соғыс ашыпты. Қырық бірге шейінгілердің бәрін соғысқа әкететін бопты» деген хабар Нұрдың құлағына да жеткен. Ол кезде Нұрдың жасы отыз сегізде. Әкесі мен анасынан кішкентайынан айырылған Нұрдың көрмеген қорлығы жоқ еді. Некәлай патша итаршыларының қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығына да, сол патшаны тақтан құлатқан он жетінші жылғы төңкеріске де, бай бағыландардың малын, үй-жайын тартып алған «кәмпеске» зұлматына да, сол «кәмпескенің» салдарынан болған 1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы «ақ сөңке» ашаршылыққа да, 1937 жылғы қазақ арыстарының басын жалмаған қуғын-сүргініне де куә болды.
Сай-сүйегі сырқырады. Содан ба, «Керман соғысына» шақыру қағазы келгенде үрейленген жоқ. «Асан Қайғы қашып құтыла алмаған ажал тап келсе, Шерәлінің жалғызы екен деп маңдайымнан сипар дейсің бе, пешенеме жазғанын көрем де» деді де, ағайындарына хош-хошын айтып, қан майданға аттанып кете барды.
«Ауылдан ұзап шықтым» дегенде ескі Әулиеата қаласының базары мен көшелерінен басқаны көрмеген қазақтың қара жігіті Мәскеуден асып, Украин майданы жауынгерлердің ортасына топ ете түсті. Мың тоғыз жүз қырық екінің көктемінде әскерге шақырылған жауынгер бір жарым жылдан соң, 1943 жылдың қазан, желтоқсан айларында плацдармды кеңейту мақсатындағы Пятихатскі, Знаменскі операцияларына қатысты. Ол Днепр өзенінің оң жағалауындағы Кременчугтен Днепропетровскіге дейінгі жер болатын. Орыс әскері командирлерінің «На право!», «На лево!», «Стой!» деген ең қарапайым бұйрықтарының өзін түсінбей, талай бозым өліп кетті ғой. Несін айтасың, жеңіс оңай келмейді екен, қазіргі соғыста қолданып жүрген сөзбен айтсақ «пушечное мясо» дегеннің дәл өзі болған да қойған. Негізгі салмақ 2-ші Украин майданындағы жауынгерлерге түсті. Көп қырылған да солар.
Өйткені неміс басқыншылары оңай жау емес. Мұздай қаруланған. Олар да қасық қандары қалғанша соғысады. Кинода ғой оларды ақымақ қып қоятыны, әйтпесе нағыз бәленің өзі. Неміс басқыншыларына қарсы сондай қан-қасап ұрыстың бірінде дәл қасына түскен снарядтың жарықшақтары денесін қасқыр тартқандай жұлмалап кетті...
Есін жиғанда жауырыны мен иығының, арқасының сау тамтығы жоқ. Оқтың орны үңірейіп тұр. Қолы да кемтар боп қалыпты. Госпитальдің кереуетінде аяқ-қолы мен басы таңулы шалқасынан жатыр. Медсестралар «Рядовой Нур Шералиев, вы в рубашке родились» деп орысша шүлдірлеп қояды. Одан түсінгені Құдай қағып, бір ажалдан аман қалыпты. Қасындағы қанды көйлек достары Нұрға қызыға қарайды. Өйткені снаряд жарықшақтары сойқандап кеткен дене жарақаттары Нұрға енді соғысуға болмайтынын, көп ұзамай еліне қайтатынынан хабар беріп тұрған.
Ә, айтпақшы, Нұр қансырап, ес-түссіз жатқанда «бұл енді адам болмайдыға» санаған командирі «Қатардағы жауынгер Нұр Шералиев Днепр өзенінен өту кезіндегі ұрыста неміс-фашистерінің оғынан ерлікпен қаза тапты» деп штабқа хабарлап қойыпты. Содан не керек, туған ауылы Шаруашылыққа сол «қара қағазбен» бірге жетті ғой Нұрекең. Артында қалған жары Патшакүл ертелі- кеш егін орағында жүріп ол қағаздан бейхабар болған. Төраға да «қара қағазды» кеңседегі сейфіне тығып тастапты. О кезде ауыл басқармасының төрағасы «қара қағаз» алған үйдің адамдары жылап-сықтап жұмысқа шықпай қояды деп әлгі «аты жаман» қағазды тығып қояды екен.
Бұл да сол соғыс сойқаны тұсындағы тыл өмірінің ащы шындығының бірі. Ауылға келген соң Нұр бір күн де жатпастан жұмысқа жегілді. Таңның атысы, күннің батысы далада. Шөп шабу, егін суғару – бойы екі метрге жуық Нұрға бұйым құрлы емес. Шаруашылықтың басқарма төрағасы көп ұзамай Нұрдың еңбекқор екенін, оның үстіне әскер көрген сауатты екенін ескеріп, ферма меңгерушісі етіп тағайындады. Ол кезде ауылда бидай, арпа, сұлыдан бөлек, мақта, күріш, тары да егетін.
Қай жұмыстың да жайын жақсы білетін ол осының барлығының басы-қасында болды. Көзін тауып, дөңгелетіп әкетті. Кейін шағын ауылдар ірілендіріліп, совхоздар құрыла бастаған тұста бір орталыққа жиналып, үлкен ауыл болып қоныстанды. Бірақ елдің бәрі үйренісіп қалған бұрынғы ауылынан көшкісі келмейді. Бала кезінен үйренісіп қалған ауылын Нұр да қимайды. Бірақ басшы болған соң соңынан елді ерту керек. Дұрыс іске сендіру керек. Сосын өзі бас боп Шаруашылықтан А.А.Жданов бөлімшесіне (қазіргі аты Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров атындағы ауыл) Қызылғұрттарын ертіп көшіп келген.
Бірліктен – Сарыүйсіндер, Алғабастан – Ошақтылар көштің басын бұрды. Кейін Бостандық совхозынан бұлар қоныстанған А.А.Жданов атындағы ауыл да өз алдына совхоз боп бөлініп шықты. Сол кезде Бостандық пен Ждановтың ортасындағы Қазақбай арығын қазуға Нұрекең белсене қатысты. Өйткені жастар жетіліп, совхозға сауатты басшылар келген соң Нұр ақсақал екі қолға бір күрек деп, кетпенді серік етті. Содан зейнет демалысына шыққанша қолынан кетпені түскен жоқ. – Техниканың тапшы кезі, үлкен оман арықты жұмысшылар кетпенмен қазатын. Жетен деген жездем
«Менің қайын атамның кетпенмен лақтырған топырағы он метр жерге барып түсетін» деп мақтанып отыратын. Ұзақ жыл мұрап болғанын, ауылдағы жер мен шаруа жағдайын жақсы білетінін естіген Ерман Үдербаев деген совхоз директоры да әкеме кеп, ақыл-кеңес сұрап тұратын, – дейді баласы Әбубәкір.
Сосын:
– «Неміс-фашистері айлакер болды» дейтін әкем. Мұсылман елдерінен шақырылған жауынгерлер намаз оқып отырған кезде қасақана шабуыл жасап, қырып кететін. Жауырынынан жараланып келді. Оқтың ізі үңірейіп тұратын, – дейді.
Нұрдың үлкен ұлы Лесбек Шерәлі – Талас ауданындағы А.А.Жданов атындағы совхозда мұғалім, одан кейін Қаратау қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы мектепте көп жыл директор болды. Көптеген талантты шәкірттер тәрбиеледі. Сол жерден зейнетке шықты. Нұр ақсақалдың одан кейінгі Әбдірахым деген баласы кеңес өкіметі тұсында совхоздағы құрылыс бөлімшесінде он саусағынан өнері тамған ағаш ұстасы болды. Әбубәкірі де құрылыс жұмыстарымен айналысты. Нұрекеңнің қыздары да үйлі-баранды болды. Жетілді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай Нұрдың сол ұл- қыздары әкелері Нұр тұрған қара шаңырақтың қабырғасына жақында:
«Бұл үйде соғыс және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері НҰР ШЕРӘЛІҰЛЫ ақсақал тұрды» деген жазуы бар тақта орнатты. Әке әруағына бағыштап Құран оқытты, ас берді. Елі мен халқы, ұл-қыздары мен ұрпағы аманда ардагер ата-бабалар есімі ешқашан ұмытылмайды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
жазушы, журналист.
Сәду Шәкіров ауылы,
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді