
Естуімізше, Наталья Васильевнаның тағдыры бір кітапқа жүк боларлықтай шым-шытырық екен. Сонау Иваано Франкоовск жерінде дүниеге келгенімен дәм-тұзы біздің байтақ даланың кішкентай ғана ауылынан бұйырыпты. Біздің сыртқы есіктен кірген дыбысымызды ести сала ішкі бөлмеден «Мен мұндамын, төрлетіңдер» деген әжейдің дауысы шықты. Жайдарлы дауысынан аналық мейірімнің лебі еседі. Ақсары өңді, орамалының астынан сарғылт ақ шашы, сүйір мұрын, көк көзі мүлдем қазаққа ұқсамаса да біздің елдің салтымен төрін ұсынып, шайдың қамына кіріспек болды. Біз де жұмыс барысымен келгенімізді айтып, шай емес, сұхбат беруін сұрадық.
– Көріп тұрсыңдар, мен Қазақ-Украинмын, – деп бастады сөзін. Алдымен аты-жөнін сұрағанымызда тегін айтуға тосыла берді.
– Тегім қайын атамның аты, оны қалай атаймын, сен айтшы, – деп бізбен бірге еріп барған ауылдық әкімдіктің қызметкеріне қарады. Сөйтсек, бұл кісі Қарағаева Наталья Васильевна екен, ал өзінің тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі – Кондрат.
– Ақ босаға аттап, келін болып енген әулетім – қазақтың шаңырағы. Қазақтарда келін қайын ата-енесінің, тұтас қайынжұртының есімін атамайды. Мұны «Ат тергеу» дейді.
Жолдасыммен некелескенде тегімді осы әулетке өзгерткенмін. Сондықтан ешбір жерде тегімді айтпаймын, құжат бойынша баратын жерлеріме де қасыма тегімді айтып беретін біреуді ертіп жүремін. Келін ата-енесінің, қайын жұртындағылардың есімін атаса, сыйламағандығы болып есептеледі. Ал мені өз қыздарындай жақсы көріп, басқаларға үлгі еткен бұл елімді қатты құрметтеймін. Шүкір, бүгінде осы әулетпен өсіп-өніп отырмын, 5 ұл, 5 қыздан тараған 23 немеремнен 30-40 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Расында, мен маңдайының бағы бес елі анамын, – деп Жаратқанға шүкірлігін айтты.
Мұндағы жұрт Наташа апа деп атап кеткен әжей бала күнінен еңбекке араласып өскен. Себебі олардың балалық шағы колхоздың ауыр жұмысымен, ашаршылықтың бейнетімен тұспа-тұс келген. Таң қараңғысынан қас қарайғанша егістік алқабында еңбек етсе де жарытымды жалақы ала алмаған.
Әбден қиналған анасы ауылдас сіңлісімен ақылдаса келе қазақ даласында тың игеру жұмысы басталып жатқанын елден естіп, сонда барып, күнелтуге тоқтайды. Сол шешіммен Қазақстанға қоныс аударады. Сол кезде осы Қарақат ауылының алқаптары егіндікке игеріліп жатқан екен. Жұмысшыларға берілетін жалақы да жаман емес. Анасына еріп келген Наташа сонда небәрі 17 жасар жеткіншек қыз еді.
– Анам өте еңбекқор болатын. Өз туған жерімізде колхоздың жұмысын тегін атқарды. Күнкөріс қиындап кеткен соң Қазақстандағы тың игеруге көп жұрт кетіп жатқанын естіп, бір ауылдан екі келіншек бірге келді. Біз кішкентаймыз, ештеңенің байыбына барып, ұқпасақ та қолымыздан келгенінше көмектесіп жүреміз. Әбден еңбекке ысылып қалғанбыз ғой, осында келгенде адам басына 5-6 гектардан жер алдық. Тәулігіне 2-3 сағат ғана ұйықтап, күндіз-түні тынбай еңбектендік. Жұмысқа деген құштарлығымызды, адалдығымызды көрген колхоз басшылығы бізге жақсы жалақы төледі әрі алқапта еңбек еткендерге жиын-терінде тегін бидай, құмшекер беретін. Егіндік жиналып бітер шақта анамның әпкесі дүние салып, туған жерге қайтуына тура келді. Мені алқаптағы міндетімізді толық аяқтап, еңбекақымызды түгел алып, содан соң келерсің деп кеткен болатын. Дәл сол жылы әскерден келген Арғынбек мені сырттай көріп, ұнатып жүрген екен. Бір күні ойламаған жерден мені алып қашып, үйіне келін етіп түсірді. Ата-енем мені қатты жақсы көрді. Атам «Нашата» деп атайтын. Ал маған енем «Әтіркүл» деп қазақша ат қойды. Ол уақытта тәтті түгілі ауылдағы әрбір үй дайындайтын құрт та қазіргідей көп бола бермейтін. Атам мен енем қолдарына түскен тәттілерін, құртты маған беретін. Солай еркелетіп, қазақ халқының барлық тұрмыс-салтын үйретті. Екі келіндері болса да менің қолымда қалды. Енем марқұм басқа балалары өз үйлеріне шақырғанда «Мен Әтіркүлімнің қолында өлемін, ешқайда бармаймын» дейтін.
Бұл кісілердің ешқайсысы орысша білмейді, тек қаланың маңайында тұратын абысыным ғана аздап сөйлейтін, сол кейде арамызда аудармашы болып, тілдесіп жүріп, қазақшаны таза білетін болып шықтым. Үй шаруасымен қоса, колхоздың егіндік жұмысына да барып, үлгеретінмін. Басшылық менің жұмыс істеген алқабымның таза, тиянақты болып шығатынын айтып, мақтайтын. Кей кісілер алқаптың жұмысына балаларымен барады.
Қанша дегенмен бала емес пе, шала қалдырып кетеді, соларға мені үлгі ететін. Ал үйде 25 адам бірге тұрдық, қайынсіңілілерім бар, қайныларым, олардың балалары, бәріміз бір шаңырақта өмір сүрдік. Ойлаңызшы, 25 адамға күнде үш мезгіл ас-ауқатын дайындап, ыдыстарын, кір-қоңын жуып, түнде қамыр илеп, таңалагеуімнен тұрып, табақ-табақ нан пісіремін. Ауыл сыртындағы таудың етегінен су тасимыз. Тіпті, өзім тамақтануға уақытым болмайтын. Соның бәріне де көндік, шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Солай еңбектене жүріп, кейін депутат та болдым, – деген Наташа әжей сағымға айналған шақтарды тебіреніспен еске алды.
Әңгімелесіп болып, үйінен шығарымызда Наталья Васильевна қолынан дәм татырмай жібермейтінін айтып, нағыз қазақы қонақжайлылықты көрсетті. Жұмысты алға тартып, орнымыздан тұрғанымызда «Тым болмаса нан ауыз тиіп кетіңдер» деп, қазір көп айтыла бермейтін халқымыздың мейірбандығын тағы аңғартты. Нан ауыз тиіп, енді есікке бұрыла бергенімізде «Қуыс үйден құр қол шықпайды» деп қолымызға тәттілерін ұстатты. Расымен де әжейге Наташа деп, емес, енесі қойған Әтіркүл есімі жарасатындай. Жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін Әтіркүл әжеймен біз қимай қоштастық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Интерактивті сабақтың берері мол
- 15 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді