
Мұнан соң, «Таза Қазақстан – тарих пен табиғаттың үндестігі: Жамбыл облысы аумағындағы тарихи нысандарды қорғау мен туризмді дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің қызметкері Ғалымжан Махан, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысы Азамат Жолаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және аудан әкімдері, салалық ведомстволардың өкілдері, зиялы қауым, жастар ұйымдары және студенттер қатысты. Басқосуда ең әуелі сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы жалпы адамзат баласы үшін тегін, тарихын білу ұлы мұрат екенін, сондықтан да Ақыртас сияқты алып кешендердің тарихын тану әсіресе, жастар үшін тағылымды іс екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дәріптеу – еліміздің маңызды басымдығы екенін үнемі айтып келеді. Президент жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет», – деді. Сондай-ақ Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жамбыл облысындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас сынды ескерткіштердің сақталуы мен инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Жалпы, Жамбыл облысының аумағында 3 480 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 30-ы республикалық дәрежедегі нысан болса, 708 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Өңірде осы нысандардың қорғалуы мен дамытуға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен, әлі де болса шешімін таппай отырған бірқатар мәселелер бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Келесі кезекте «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Мергенбай көптеген тарихи нысандардың мемлекеттік актісі жоқ болғандықтан, олардың қоршау аймағын белгілеу мен қажетті құжаттарды әзірлеуде қиындықтар туындайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол өз сөзінде кейбір тарихи орындарда ақпараттық тақтайшалардың бүлінуі, олардың маңында қоқыстардың көптеп жиналуы – өзекті проблемаға айналғанын да жасырмады. Осы себепті, ол аудан әкімдіктері бұл мәселеге айрықша назар аударуын сұрады.
Ал тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев «Ақыртас кешені – көне мәдениеттің озық үлгісі. Бұл тасқа жасырылған тарих. Тарихты білу, оны қадірлеу әрдайым елдіктің көрінісі болмақ», – деп өз ойымен бөлісті.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда облысымызда үш негізгі бағытта атап айтқанда, қала құрылысы мен сәулет ескерткіші, монумент ескерткіштері және археологиялық ескерткіштер бар екенін жеткізді. Жиында тарихи мұралар төңірегіндегі өзге де мәселелер талқыланып, нақты шешу жолдары ұсынылды. Шара соңында Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы дайындаған «Әулиеата аңыздары» атты жинақ кітабы көпшілікке таныстырылды.
Айта кетейік, Ақыртас сарай кешені туралы зерттеулер көп. Сонымен қатар ғалымдар да бұл туралы түрлі пікірлер айтады. Мәселен, П.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген пікір білдірген. Ал археолог Т.Басеновтың жазуына қарағанда, Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі болуы мүмкін.
Ақыртас VIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастаған болуы мүмкін деген де болжамдар бар. Иә, тарих тағылымын тану да ұлт рухын көтеретін дүние. Ендеше, тасын түртсең тарихынан сыр шертетін Тараз топырағындағы Ақыртас сынды көптеген тарихи кешендерге қамқорлық таныту – бүгінгі ұрпақтың қастерлі міндеті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тұрғындардың қауіпсіздігі тұрақты назарда
- Бүгін, 01:24
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді