
Аталған байқауға Тараз қаласынан және барлық аудандардан бойына өнер қонған 14 үміткер қатысып бақ сынады. Байқауды мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары және жыршы термешілер орталығы» мекемесінің директоры Ахметжан Өзбеков ашып, аталған өнердің құндылығы жөнінде ой қозғады.
«Жыршылық өнер қазақ халқы үшін өте қастерлі. Ертеректе біздің Әулиеата өңірінің тарихында да таңнан таңға жыр айтатын өнер шеберлері болған. Қазіргі таңда жыршылық өнерді дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Бұл қадамдар өз жемісін алдағы уақытта беретін болады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Қазақ халқы ерекше бағалаған жыршылар байқауына мәдениет саласының үздіктері Айгүл Мақашева, Айтмұханбет Исақов, Маралбек Бабақұлов секілді ұлттық өнер шеберлері қара қылды қақ жарып, қазылық жасады. Айтыс ақыны Дидар Апбасов іс-шараны кестелі сөзбен өрнектеп, әдемі жүргізіп отырды. Алғаш болып таластық Бақтияр Сейітқұл өнер көрсетіп, «Жамбылдың арнауы» шығармасын сәтті орындаса, тараздық ең жас қатысушы Мансұр Әлішев те көпшіліктің алғысына бөленді. Ол Ақтанбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп...» шығармасын жұртшылық назарына ұсынды. Жамбыл ауданының үкілі үміті Жақсылық Қалтешов Сүгірдің «Мұхамедке үмбет болғандар» атты жырын бірнеше әуенге салып, кең тыныспен орындап берді.
Қордайлық Алдаберен Жолдасбаев «Ертарғын» жырын, меркілік Мұқағали Балтабай Қашаған Күржіманұлының жырларын шамаларына қарай орындап шықты. Тараздық Ернар Орынбасардың бірнеше мақамға еркін ауысып, «Алпамыс» жырынан үзіндісін шебер орындауы барша көпшілікті сүйсінтті. Тараздық Рауан Әбілқасовтың қобыз аспабымен шығуын байқауға қатысудағы ерекшелігінің бірі деп қабылдадық.
Өз кезегінде Жамбыл ауданының қатысушысы Мұхтар Қонарбаев айтыстағы ұстазы Еркебұлан Қайназаровтың «Не жақсы, не жаман?» атты жырын орындап, елдің ықыласына бөленді. Байқаудың ең жасы үлкен қатысушысы тараздық Ахмет Әлиев Наурызбек жыраудың «Әуелі сөзді сөйлейін» атты толғауын «тірілтті».
Мұрын жыраудың жырынан халыққа сыбаға ұсынған Жамбыл ауданының өкілі Нұрлыбек Құрмановтың өнеріне де көпшілік ықыласпен қол соқты. Қалың көрерменге дәстүрлі әнші ретінде есімі жақсы таныс Мерей Әбуова жыр орындау байқауында да өзінің бағын сынап көрді. Жамбыл ауданының үміткері Сәрсен Әбілқайырдың өнері де көпшілік көңілінен шыққаны анық.
Байқау соңында қазылар алқасының мүшелері өздерінің сын-ескертпе, пікірлерін айтты. Алғаш өткізіліп жатқан сайыс болған соң, орындаушылар тарапынан да кемшіліктер кезікті. Дегенмен барлық қатысушының ынтасы мен ықыласы, жыршылық өнерге деген құрметі қуантты. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға (жеңімпаз) Тараз қаласынан Ернар Орынбасар лайық деп танылды. Жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданынан қатысқан Жақсылық Қалтешов иеленсе, үшінші орынды тараздық Рүстем Малдыбаев пен Рауан Әбілқасов қанжығалады.
Жамбыл ауданынан қатысқан Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Мерей Әбуова арнайы жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом және қаржылай сыйлықтар берілді.
«Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса...», – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, қатысушылар да қаржылай сыйлыққа ие болды.
Мұндай өнер жарысы басқа да жас өнерпаздардың ықыласын оятып, ынтасын арттыруы мүмкін. Аталған байқау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді