«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеатада әлі де 70 дәрігер жетіспейді

Әулиеатада әлі де 70 дәрігер жетіспейді
Ашық дереккөз
Кейінгі уақыттары облыстың медициналық қызметіне қатысты бірқатар мәселелер көрініс беруде. Жекеменшік процедуралық кабинеттердің заңсыз істерінің салдарынан адам өлімінің орын алуы, ана мен бала өлімі ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Осындай жағдайларға себеп болған кемшіліктерді түзету ісі қолға алынып, жақында облыста медицина бойынша қоғамдық кеңес құрылғанын жазған болатынбыз. Ал, Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында брифинг өтті.

Онда облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевпен бірге Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов, «Жаңару» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев те мәлімдеме жасады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың айтуынша, облыста 70 дәрігер тапшы.

– Облыстағы мемлекеттік ұйымдардағы дәрігерлер тапшылығы 2024 жылдың қорытындысымен 70 бірлік болды. Оның 22-сі қалаға, 48-і ауылға қажет. Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінді. Жергілікті атқарушы органның грантымен жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 51 білімгер, резидентурада 84 дәрігер оқиды. Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып (резидентура), оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 62 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Өткен жылы өңірге 90 жас маман келді, 24 жас маман қалада, 66 жас маман аудандарда қызмет етуде. Өткен жылы денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 15 297,3 миллион теңге қарастырылды. Облыс халқының саны 1 221 439 мың адамды құрады. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес 1 172 113 адамға 392 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді, – деген Ерік Тілләбекұлы алдағы уақытқа көзделіп отырған жоспарларды да атап өтті.

Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов облыстағы «емшара кабинеттері» қызметінің заңдылығын зерделеу топтары анықтаған заңсыздықтарға тоқталды. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерін тағайындауда тамыр-таныстық, сыбайластық орын алатынын, ондайды болдырмау үшін басқарма нендей шараларды қолданатынын сұрадық.

– Бас дәрігерді тағайындау байқау кеңесіне берілген. Денсаулық сақтау басқармасы тек ұйымдастыруға көмектеседі. Әр емдеу мекемелерінің өз байқау кеңестері бар, оның құрамына қоғамдық кеңес мүшелері және түрлі сала өкілдері кіргізілген. Алдын ала конкурс баспасөз беттерінде жарияланады, оған заң аясындағы талаптарға сай келетін үміткерлер қатысады. Үміткерлер санына шектеу қойылмайды. Ал, байқау кеңестерінің үміткерлермен жүргізетін сұхбаттары әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп тұрады. Ол жерде тамыр-таныстыққа, сыбайластыққа жол берілмейді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.

Жақында ғана ана мен бала өлімі орын алған Шу ауданының бас дәрігері жұмыстан шеттетілген, неге босатылмағаны туралы сауалымызға Ерік Мұсабаев болған жағдайға байланысты арнайы комиссия жан-жақты зерделеу жүргізіп жатқанын, соның шешімі шыққанға дейін бас дәрігер уақытша қызметінен шеттетілгенін айтты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар