«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңісті жанкешті еңбекпен жетелеген

Жеңісті жанкешті еңбекпен жетелеген
Автор
Ақылбек Көшекбаевтың өмірбаяны, еңбектегі ерлік істері еліміздің тарихымен тығыз байланысты. Ол өзі туралы былай дейді: «Алғашқыда өмірім қарапайым болатын. 1928 жылы Талдықорған облысында дүниеге келдім. Жанұямызда 5 бала болатын, оның үшеуі әкем Көшекбаймен бір жылда 1932 жылы дүние салды. Ол өте қиын жылдар еді. Төрт жасымда әкемнен айырылдым. Қалғанымыз шешем Сағын және үлкен әпкем Нұрсалимен күріш алқабында жұмыс істедік». Тізеден су, лай кешіп, шаң жұтып, ауыр жұмыс істегеніне қарамастан, Мұқаншы орта мектебін өте жақсыға бітіріп шықты. Елімізге сұрапыл соғыс көп қайғы мен қиыншылықтар әкелді. Ақылбек Көшекбаев Ұлы Отан соғысының тыл еңбек ардагері. Ол миллиондаған жасөспірімдер сияқты оқуымен қатар күріш алқабында тынымсыз еңбек етті.

Таңның атысымен ол басқалармен егістікті арамшөптерден тазалап, егіс алқаптарына кетпен, күректермен су жіберіп, егістікті малдан күзетіп жүрді. Бірде күріш қоймасында өрт шықты. Ол қапталған күріштерді қауіпсіз жерге таси бастады. Өрт шалған жерде 25-30 қаптай күріш қалып қойды. Соғыс кезінде адамдарға 30 қап күріш алтыннан да қымбат еді.

Сол оқиға туралы Ақылбек Көшекбаев былай деп еске алады:

«Өлсем де, бәрін алып шығамын», – деп өзіме серт бердім. Есімді жисам, денемнің бәрі ауырып, тұла бойымды күйік шалғанын білдім. Қасымда ауылдастарым, бригадир тұр екен. Бригадир: «Алтыным, Ақылбекжан, сен нағыз батыр екенсің. Сен күрішті ғана емес, біздің өмірімізді құтқарып қалдың», – деп жылап тұр. Жергілікті фельдшер Ақылбектің күйігі өте ауыр болғандықтан аман қалуы екі талай деген. Шешесі Сағын қайғыдан қан жұтып: «Тағдыр үлкен балаларым мен күйеуімнен ажыратты. Енді асыраушы балам Ақылбегімнен айырылсам, шыдай алмаспын», – деп қатты қайғырды.

Оның өмірін Владивостоктан жер аударылып келген кәрістер құтқарып қалды.

Кейін Сағын апай олар туралы сүйсініп айтып отыратын:

«Әлі есімде, Валя Ким апай үйге кіріп, «Сағын апай, мен қайтсем де ұлыңды ажалдан алып қаламын. Біз Қиыр Шығыстан Қазақстанға ауыр жолмен жеткенде, сен және жерлестерің бізді жылы шыраймен қарсы алып, өз балаларыңның аузынан жырып, бізге соңғы нандарыңды бөліп бергендеріңді қалай ұмытайын? Сендер бізге туыстан да артықсыңдар», – деді.

Балық майын емдік шөп тұнбаларымен қосып, күніге баланың күйік жерлеріне жағып тұрды. Сөйтіп, кәріс ағайындар өмір бойы туыс-бауырдай болып кетті. Сағын апай, балалар және ауыл тұрғындары бригадасы 1,2 гектарға күріш өсіріп, соғыс кезінде 5-6 тонна күріш жинап отырды. Әрине, ол кезде техникасыз, қолмен күріш алқабын өңдеу оңай болған жоқ.

Соқаларға бұқа, ат жегіп жер жыртқан. Жас Ақылбек, оның достары Хокчин Ким, Ахмед Шыныбаев, Сергей Давыдов, Славик Плонский және басқа да жасөспірімдер күріш алқабын күтті, колхоз малын бақты, бие, сиыр сауды. Сонымен қатар әйелдер, қыздармен бірігіп, көп ұлтты елдімекенінде «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» ұранымен аянбай еңбек етті. Ұлттар арасындағы достық, біріккен еңбек, татулық, мейірімділік, ауызбіршілік арқасында еліміз Ұлы Жеңіске жетті.

Колхоз басқармасы соғыстан кейін Ақылбек Көшекбаевқа Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне жолдама берді. Студент кезінде ақ оның Қазақстан тарихына деген ғылыми қызығушылығы артып, еліміздің тарихын зерттеуге теңдесі жоқ үлкен үлес қосты Ол «Отечественная история» студенттік газетінде редактордың көмекшісі, студенттер арасында факультет дәріскері, ғылыми экспедициялар, халқымыздың жауынгерлік және еңбекті даңқты жерлеріне жорықтар, Алматы және Мәскеудің мемлекеттік мұрағаттарындағы зерттеу жұмыстары – бәрі туған жердің тарихына деген махаббатын оятқан күнделікті қызметі еді. Ол еңбек жолын 1950 жылы Жамбыл ауданындағы Аса ауылында Молотов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастады.

Биік білімдарлық, кең мәдениеттілік, ұйымдастырушылық қабілеті оны осы мектептің директоры дәрежесіне дейін көтереді, сонымен бірге Жамбыл аудандық халықтық білім беру бөліміне штаттан тыс аға қызметкер болып сайлануына мүмкіндік береді.

1953 жылы ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мутипа Зулхашевамен шаңырақ көтерді. 1954 жылы жұбайымен бірге Байзақ ауданының «Жамбыл» қызылша кеңшарына ауыстырылады. Яғни, осы кеңшар аумағында орналасқан жұмысшы жастардың кешкі орта мектебінің директоры болып тағайындалады.

1958 жылы аталған аудандағы Крупская атындағы 8 жылдық мектептің директоры қызметіне жіберілген. Сарқылмас күш-жігер, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті оған бір мезетте аудандық тарих пәні мұғалімдерінің ғылыми әдістемелік семинарына басшылық етуге де көмектесті. Осы жылдары ол тарих, философия, мәдениеттану және құқық танудан бірнеше әдістемелік кешендер жасап шығарды.

1958 жылы оны дәріскерлер аппаратының штаттан тыс жетекшісі етіп тағайындайды. Мұнда ол өзін республикалық буынның керемет насихатшысы ретінде танытты. Ақылбек Көшекбайұлының көрегендігінің арқасында ауданның әлеуметтік цикл мұғалімдері мен оларға ғылыми-әдістемелік жұмыста практикалық көмек көрсетіп келген еліміздің ең мықты тарихшы-ғалымдары арасында өзара тығыз байланыс орнады. Оның басшылығы мен нұсқауы бойынша ұйымдастырылған көптеген ғылыми конференциялар, семинарлар аудандағы көп мектептерде тарих пәнін оқыту сапасы мен әлеуметтік мәдениет дәрежесінің жоғарылауына себеп болды.

Ол 7 жыл бойы басқарған Крупская атындағы 8 жылдық мектеп аудандық, облыстық көлемде алғашқы орындарды иеленді, мадақ грамоталарымен, жанды әуенді аспаптардың толық жиынтығымен, республикалық жарыстардың жеңімпазы белгілерімен бірнеше рет марапатталды.

1965 жылы ол Гоголь атындағы орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылған. Бұл жұмысты да алға жетеледі. Ал 1966 жылы оны облыстық саяси оқу ағарту үйінің жанындағы тарих және құқықтану бойынша ғылыми кеңестің мүшесі етіп сайлануы – жылдар бойы жинаған тәжірибесінің жемісі.

Мұнда ол 40 жыл бойы республикалық буынның насихатшысы болды. Ол жалпыадамзаттық құндылықтың дамуына, көпұлтты мемлекетіміздің құқықтық қоғамының демократиялануы мен даму принциптеріне үлкен көңіл бөлінген 50-ден аса ғылыми, оқу әдістемелік жұмыстардың авторы. Әсіресе, оның облыстық «Aq jol» және «Знамя труда» газеттерінде, қалалық «Жамбыл – Тараз», «Шит», аудандық «Ауыл жаңалығы» газеттерінде жарық көрген туған өлкенің даму тарихы жайындағы, мысалы, «Біздің тарихи өлке – Қазақстан мақтанышы», «Аңыздар», «Ауылға бет бұрайық», «Ежелгі Тараз – Төменгі Барсхан» сияқты ғылыми-танымдық мақалаларды жазды.

Ақылбек Көшекбайұлы әрбір адам өзінің шығу тегін білуі тиіс деп санайды, сондықтан да жастардың қоршаған әлем туралы ілімге келуіне, олардың отандық тарихқа, заңға деген құрметін ояту мақсатында, саяси сауатты, ұлтжанды азаматтардың қалыптасуы үшін, олардың қоғамның әлеуметтік-мәдени және экономикалық даму заңдылықтарымен танысуына көп көңіл бөлді.

Ақылбек Көшекбайұлы еңбексүйгіштігі, өз отбасына деген адалдығы мен қарапайымдылығы, сыпайылығы, жоғары адамгершілігімен ерекшеленеді. Оның 5 баласы, 8 немересі бар. Аудан тұрғындары оны Байзақ ауданы, Талас ауылының ардақтысы, ауылшаруашылық және педагогикалық еңбектің ардагері санайды.

Ақылбек Көшекбайұлы 50 жылдан аса уақыт халықтық оқу ағарту ісіне қызмет етіп келеді. Зейнеткерлікке шықса да ол ұстаздық қызметін тоқтатқан емес, жас ұстаздарға көмектеседі, өз ауданына қарасты Қостөбе ауылдық округіндегі жастармен тығыз байланыста, ауыл, аудан, облыстың қоғамдық өміріне де белсене ат салысуда. Оның есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты республикалық кітапқа енді. (Алматы «Дәуір» 2007 жыл). Тарих та, халықтың жадымен тыныс алып, өмір сүреді...

Тарихшы-құқықтанушы, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, Байзақ ауданы, Талас ауылының құрметтісі – Ақылбек Көшекбайұлы сияқты азаматтардың ерен еңбегінің арқасында тыныс алып, өмір сүреді.

 

Ферменбай ДЖУАНЫШЕВ,

Байзақ аудандық ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар