
Жыл басында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының төрағалығы аясында атқарған жұмыстарын қорытындылаған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойының мәніне кеңірек тоқталғаны мәлім.
Президент:
«Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілуі керек. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігін есімізде мәңгі сақтап, мақтан тұту, құрметтеу – парызымыз. Айтулы мереке қарсаңында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ортақ мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз», – деп атап өтті.
Шын мәнінде, бұл – көпшілік айтып жүрген «тарихтан сабақ алу» деген оймен үндесетіндей. Қазіргі таңда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті, қан майдандағы жалпы халықтық ерлікті әркім өзіне телитін психология белең алып тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жеңіс – Кеңес одағына мүше болған ТМД елдеріне ортақ жеңіс.
Президентіміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында да ортақ жеңіс мәселесіне қатысты ойын айтып, Жеңістің 80 жылдығы ТМД елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда да:
«Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды», – дей келіп, төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін ашу үшін жүйелі жұмыстардың жасалатынын, мұрағат материалдарын мұқият зерттеу мақсатында Қазақстанның Еңбек ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік ететін «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы 56 том еңбекті жарыққа шығарғанын, оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Президент ақпан айында күштік құрылымдардың қызметкерлерін марапаттау кезінде Жеңіс мейрамын тойлау бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша отандасымызға көрсетілетін құрмет екенін айтты. Ал, жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Жеңіс күнін мерекелеу аясындағы іс шаралардың ең маңыздысы әскери шеру болатынын атап өткен еді. Елімізде соңғы рет мұндай іс-шара 2017 жылы ұйымдастырылыпты. Осыған орай, қазіргі күні елордамызда араға 8 жыл салып қайта оралған аламан шеруге қызу дайындық жүріп жатыр.
Жуырда Қорғаныс министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін Қырқыншы стансасындағы №68665 әскери бөлімге арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Онда Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал майор Мереке Көшекбаев қарсы алып, алдымен есептоптардың саптық жүрісі, әскери техникалардың шеруі мен әзірлік жұмыстарының барысы жайында толыққанды әңгімеледі. Оның айтуынша, Жеңістің 80 жылдығына арналған парадты дайындап, ұйымдастыру өзіне жүктелген.
– Елордамыздың бас алаңында өтетін салтанатты шеру – әскери саладағы ұрпақтар сабақтастығын, халқымыздың жауынгерлік ерлігі мен батырлық тарихын бейнелейтін игі дәстүр. Қазіргі таңда дайындық бекітілген жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл бұл іс-шараға 4 мыңнан аса әскери қызметші қатысады. Еліміздің барлық аймағындағы бөлімшелерден сарбаздар түгелдей осы жерге жиналып үлгерді. Оның ішінде 200-ден астамы – әйелдер. Парадқа бұған қоса 300-ден аса әскери техника мен 70-ке жуық авиация құралы қатысады, – деді генерал-майор.
Жалпы, парадқа дайындық үш кезеңмен жүзеге асырылмақ. Ең алдымен, есептоптардың жекелей дайындығы осы әскери бөлім аумағында жүзеге асырылады. Бұл жерде жаяу әскерлер мен техникалар шеруі пысықталып жатыр. Сонымен қатар, елордамыздың басқа аумағында авиация дайындығы да басталғанын тілге тиек ете кетейік. Ал, екінші кезең – индустриалдық қалашықта өтетін жалпы дайындық. Мұнда жаяу әскер мен техникалар, сондай-ақ авиация құралдарының біріккен әзірлігі тексеріледі. Үшінші кезең яғни, басты әрі кейінгі дайындық 3-5 мамыр күндері Астанадағы парад өтетін алаңда ұйымдастырылмақ.
Әскери парадтың өзі 7 мамырда өтетіні белгілі. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының айтуынша, №68665 әскери бөлім аумағында наурыз айының 1-нен елдің барлық аймағынан келетін әскери қызметшілерді орналастыру үшін далалық жағдайдағы әскери қалашық дайындау жұмысы қолға алынған.
«Қазір бұл жерде 288 далалық шатыр тігілген. Оның ішінде 103 шатырда 3,5 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Әр шатырда 35-36 адамнан бар. Қалған шатырларда асхана, монша, жуынатын бөлме, медициналық пункт, қару-жарақ қоймасы секілді өзге де қосалқы қажеттіліктерге арналған жерлер орналасқан», – деді М.Көшекбаев.
Осы ретте мұндағы әскери қызметкерлердің күн тәртібі жайында егжей-тегжейлі тоқтала кеткен жөн секілді. Таңертең ұйқыдан сағат 06:30 да тұрып, тамақтанған соң, сағат 09:00 мен 13:00 аралығында есептоптардың жалпы саппен жүру дайындығы өткізіледі.
Түскі астан кейін екі сағат бойы әр есептоптың жеке дайындықтары пысықталады. Кешкі 22:00-де ұйқыға жатады. Арасындағы бос уақыттарында түрлі зияткерлік ойындар ойнап, көңіл көтеруге жағдай қарастырылған. Үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Генерал-майордың айтуынша, шеруге қатысушыларды іріктеу кезінде әскери қызметкерлердің дене дайындығы мен денсаулық жағдайынан бастап, бойына дейін қатаң талаптар қойылған.
Парадтық есептоптардың негізін Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері құрағанымен, салтанатты шеруге Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамдары да қатысады.
Мереке Көшекбаевтың айтуынша, 7 мамырда салтанатты шеру үш бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, алдымен тарихи бөлімде еліміздің аумағында құрылған даңқты жауынгерлік құрылымдар таныстырылып, соғыс уақытындағы танымал техникалар көрсетіледі. Парадты әдеттегідей атақты Т-34 танкісі бастап шығып, оның артынан соғыс кезінде жеке құрамды тасымалдайтын жүк көліктері мен ЗИС-2 (калибрі 57 мм) зеңбіректері бар ЗИЛ-157, М-30 (калибрі 122 мм) гаубицалары бар ЗИЛ 157, сондай-ақ «Катюшалар» жүріп өтеді.
Бұл көліктің бәрі қазір әскери бөлім аумағына әкелінген. Парадтың екінші бөлімінде еліміздің заманауи Қарулы Күштерінің әлеуетін паш ететін көрініс көрсетіліп, есептоптар мен әскери техникалар шеруі болады. Қазіргі күні әскери бөлім аумағында парадқа қатысатын техникаларды бір түске бояу мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, үшінші бөлімде авиация күштері әуеден ұшып өтеді. Сонымен, 80 жылдыққа дайындық барысына қарап, Мемлекет басшысының да, бұқараның да тарихқа әділ баға беруді көздеп отырғанын байқауға болады.
Мемлекет басшысының Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты әр жиын сайын мән беруі, «Айбын» орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының, Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атау туралы бастама көтеруі, Талдықорғандағы әуе базасына әйгілі ұшқыш Сергей Луганскийдің атын беруді ұсынуы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова Жеңістің 80 жылдығына арналған бірлескен іс шаралар жоспарын бекітуі осы жылдың «Жеңіс жылы» боларын айғақтайды. Сондықтан да 1 418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың әр сәтінің ақиқатын аршып, Отан үшін отқа түсіп, құрбаны болған боздақтарға қатысты майданның ақтаңдақ беттерін ашу 80 жылдықтың басты мақсатына айналуы керек.
Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Дархан десе, дархан еді...
- Бүгін, 07:06
«Мені ешкім, ешқашан өзге ұлт өкілі деп бөлген емес»
- Бүгін, 06:13
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді