
Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары әзірлеген ерекше жоба – жасанды интеллектке негізделген интерактивті «ақылды капа» жүйке-бұлшықет қызметі бұзылған жандардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Арнайы сенсорлар мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы капа пайдаланушының еріксіз бұлшықет қозғалыстарын анықтап, сол арқылы арбасын басқаруға, сондай-ақ смартфон мен компьютерге пәрмен беруге мүмкіндік береді. Жоба авторлары – Қанат Тәжіхан мен Барысхан Қалдыбаев интерактивті капаны жасауға 2 жыл уақыт жұмсаған. Ол үшін алдымен оңалту орталықтарына барып, мүгедектігі бар жандарға не қажеттігін зерттеген. Құрылғы жақ-сүйекке киіледі. Мүгедектігі бар адам тіл арқылы немесе басын қимылдатып жұмыс істей береді. Мысалы, арбаны солға немесе оңға бағыттау үшін басын бұрса жеткілікті.
– Ерікті ретінде мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі балалармен жиі араласатынбыз. Тіпті бір баламен достасып та кеттік. Ол біздің ноутбук пен телефон қолданғанымызға таңғалып, зор қызығушылық танытатын. Бірақ ол денсаулығында кінәраты болғандықтан қолдарын емін-еркін қозғалта алмайтын еді. Осы сәттен бастап «Неге арнайы құрылғы ойлап таппасқа?» деген ой келді. Біз зерттей келе, көп жағдайда мұндай адамдарда тіл мен бастың қозғалысы сақталатынын байқадық. Осыдан кейін біз тіл мен бастың қозғалысы арқылы барлық гаджеттер мен электр арбаны басқаруға мүмкіндік беретін арнайы капа ойлап таптық. Анығын айтқанда, бұл жай ғана идея емес, нақты жұмыс істеп тұрған өнертабыс. Біз құрылғыға жасанды интеллект енгізіп, оны анағұрлым ақылды еттік. Оның басты ерекшелігі – тек әрекетке жауап беріп қоймай, пайдаланушының ниетін алдын ала сезіп, болжай алуы. Мәселен, адам төртбұрыш сызғысы келді делік, онда жүйе бұл ойды бірден танып, автоматты түрде қажетті сызбаны жасап береді. Ал курсор WhatsApp тағы батырмаға жақындаса, капа тура бағыттап, дәлдікті қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе адам мен техника арасындағы шекараны жояды, – дейді Қанат Тәжіхан.
Еске сала кетейік, өткен жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Қанат Тәжіхан бұған дейін де бірнеше жобаларымен көзге түскен еді.
Олардың қатарында The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелі де бар. Оның ерекшелігі сол, күн панелі жерге емес, су бетіне орнатылады. Панель су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни, буланудан, балдырлардың өсіп кетуінен сақтайды. Ал ең негізгісі, көп энергия өндіреді. Жас өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда қорғап шыққан.
Нәтижесі – өте жақсы. Жоба Азия елдері қатысатын «Ingenious project – 2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында, Францияның Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленген. Француздар тіпті, жас таланттың талабын көріп, өз елдеріне шақырту да жіберген болатын. Қанаттың өзі бұл жайында: «Жобамды өз елімде дамытқым келеді. Егер жобамды жүзеге асыруға демеуші тапсам, біз жасыл энергияны дамытып, толық энергия алып жатқан тұңғыш мемлекет болар едік. Францияға шақыртқанда бармаған себебім де сол» деген болатын.
Бүгінде оқушылардың құрылғысы халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасын алып отыр. Ол жақында ғана Ташкентте өткен AICA Awards халықаралық байқауында «Жасанды интеллектіге негізделген ең үздік стартап жобасы» атанған болатын. Айта кетейік, AICA Awards – Орталық Азияда жасанды интеллектке арналған тұңғыш халықаралық премия. Ол ұлы математик, алгебра негізін қалаушы әл-Хорезми есімімен аталады.
Жоба мақсаты – аймақты жаһандық AI хабқа айналдыру. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан ондаған жоба қатысқан еді. Байқауда отандық стартаптың инновациялық жобасы практикалық маңыздылығы және кең тарату әлеуеті үшін ерекше бағаланды. Команда байқаудың бірнеше кезеңінен өтіп, бес елдің венчурлік инвесторларынан және индустрия көшбасшыларынан құралған қазылар алқасының алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.
– Капаның жұмысы микрочипке негізделген. Яғни, ол жерде қажетті сенсорлар өзі капаның ішіне орналастырылған және ұзақ уақытқа шыдайтын аккумулятор арнайы байланыс жасақталған. Барлық «Bluetooth» немесе «Wi Fi» секілді модульдер алдын ала орнатылған. Соның арқасында біз өзіміздің микрочипті 17 миллиметрге дейін кішірейте алдық. Адам ағзасына зияны тимейтінін қадағалап, кейін бірге бастырып шығардық. Бізге халықаралық платформа қызығушылық танытып отыр. Бұл бүкіл мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін шешуге арналған арнайы платформа. Олар бізге келіп өніміміздің толық жұмыс жасағанына көз жеткізгісі келіп тұр. Өзіміздің зертханамызды ашып арнайы техникалық құрылғылар сатып алып мамандармен бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді Барысхан Қалдыбаев.
Айта кетейік, облыста 45 мыңнан аса психоневрологиялық ауытқуы бар адам тіркелген. Тараз қаласының өзінде 600-ден аса адам арбаға таңылған. Сондықтан мамандардың сөзінше, жоба жүзеге асса, құрылғы ерекше жандарға үлкен мүмкіндік береді.
– Арбаға таңылған адамға қолмен жұмыс жасау аса қажет екені белгілі. Әсіресе ерекше жандар арасында мойын омыртқасын жарақаттап, қолын қимылдата алмайтын жандар көп. Құрылғы сондай жандарға ыңғайлы дүние болмақ. Осы арқылы олар өз бетінше өмір сүріп, өзі қимылдап, өзі баратын жеріне барып, интернетпен жұмыс істеуге ғана емес, онлайн жалақы алуға, интернет арқылы тапсырыс қабылдап, үйде отырып табыс тапса болады. Бұл мүгедектігі бар жандарға өте үлкен мүмкіндік береді деп сенемін, – дейді «Мүгедек жастар қоғамы» бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева.
Қазіргі таңда жас өнертапқыштар өнертабысқа авторлық құқықты толықтай рәсімдеп алған. Енді тек демеуші тауып өндіріске шығаруды мақсат етіп отыр. Болашақта жоба жүзеге асса бұл жай ғана медицинадағы технологиялық жетістік емес, адам тағдырын өзгертуге бағытталған маңызды бастама болмақ.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Халықты ашаршылықтан аман алып қалған Аманов
- 29 мамыр, 2025
Батырдың ұрпағы болу - мақтаныш әрі жауапкершілік
- 29 мамыр, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді