
Әкесінің ұйғаруымен 10 жыл Бұхара медресесінде білім алған діни сауаттың иесі Қойгелді батыр елге оралған соң, әзірет атанып кетеді. Ел басына күн туған заманда сәлдесін дулығамен, шапанын сауытпен, тасбиғын найзамен алмастырған батыр баба елдің еркіндігі жолында жорық жасады.
«Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген ел аузындағы елеулі сөзден-ақ Қойгелді батырдың ел үшін бағасының қандай екенін білуге болады. Баба рухына тағзым ретінде 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде жасөспірімдер арасында қазақша күрес спорт түрінен турнир өткізіп келеді.
2023 жылдан бері бұл бәсеке республикалық турнир ретінде жалғасын тапты. Жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен жиналатын 20-25 команда арасында өтетін бұл турнир 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында өткізіліп, биыл да жалауын көтерді. Турнирді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, балуандарға сәттілік тіледі.
– Қолбасшы Қойгелді Сартұлы – қазақ халқының тарихында батырлығымен қалған дара тұлға. Оның ерлігі жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде зор маңызға ие. Еліміздің барлық аймағынан 400 балуанның басын қосқан республикалық жарыс биыл үшінші мәрте жалауын көтеріп отыр. Осы республикалық турнир талай дарынды балалардың бағын ашатыны анық. Болашақ әлем, Олимпиада чемпиондары осы балғындардың арасынан шыға берсін. Әр балуанға жеңіс, жігер тілеймін! – деді ол.
Мұнан соң КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Марат Жақит, экономика ғылымдарының докторы, академик Әзімхан Сатыбалдин, медицина ғылымдарының докторы Тілеухан Әбілдаев жарыс жолына сәттілік тіледі. Мұнан соң жарыс басталып кетті. Бұл турнирге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және 11 облыстан үздік жас балуандар қатысып, өзара шын мықтыны анықтады. Атап айтқанда, 46 килограмм салмақта шымкенттік Мұхаметдин Алауетдинге қарсылас шақ келмеді. Ол шешуші белдесуде қаратаулық Ерасыл Райымбекті ұтты.
Финалда 50 килограмда тараздық Абусайднұр Сатмаханнан басым түскен қостанайлық Сұлтан Төлепов чемпион атанды. 55 килограмда Алматы қаласынан келген Нұрбол Нұрқожа финалда қызылордалық балуаннан айласын асырды. 60 килограмда түркістандық Қайырке Тұрғынбек таластық Жасұлан Раханнан басым түссе, 65 килограмның финалында қаратаулық қос балуан Темірлан Нұрлан мен Ақниет Сәбитбек белдесті. Темірлан Нұрлан басымдық танытты.
Осы салмақта таластық Бекзат Жаңабай қола жүлде жолында астаналық Марғұлан Талғатқа ұпай санымен ғана жол бергенін айта кетсек. 70 килограмда түркістандық Бақтыбай Мергенбай, 76 килограмда Әлижан Жаңбырбай, 82 килограмда керекулік Теміртас Файзулла жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. 82 килограмнан жоғары салмақта түркістандық Нұралы Мақұлбек чемпион атанды. Ол финалда тараздық Әділкерей Мейірқұлдан басым түсті.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, дипломмен марапатталды. Бұл турнирде чемпион атанғандарға спорт шеберлігінен үміткер дәрежесі берілді.
«Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Осындай аламандар талай үздік баланың бағын ашады. Осындай турнирге қатысу арқылы жамбылдық балғындар да өздерін шыңдай түседі. Мұндай жарыстың берері көп», дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Танкебаев.
Іс-шара соңында қолбасшы Қойгелді Сартұлының рухына Құран бағышталды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Тәжірибе алмасып, мәселелер талқыланды
- 3 мамыр, 2025
Әдеп нормаларын бұзған бірде-бір дерек тіркелген жоқ
- 3 мамыр, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді