
Жақында біздің қолымызға Қамбарбек Қойшыбайұлының екі томдық таңдамалы шығармалары және «Қақтық қанат Құланнан...» атты кітабы түсті. Аталған томдықтарды парақтай отырып, ойға шомдық. Күнделікті күйбеңмен жүріп, айналамызға бір бұрылып қарамайтынымызды, маңайымызда ғұмыр кешіп жатқан асыл жандарды бағалап, олардың көкірегінде сайрап тұрған қазынаны ардақтай алмай, соңынан өкінетінімізді тағы да мойындадық. Қаламгердің екі томдығын іріктеп, алғысөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев екен.
Ол қаламгердің ішкі әлеміне бойлай кіріп, жүрегі елжіреп отырып жазыпты. Ол оқушы күнінде өзінің кеңшарда шөп жинау науқанына қатысқанын айта келіп, шөпші, механизатор ағалардың көздері ілінгенше ауыл тарихына қатысты ескі әңгімелерді айтатынын сөз етеді.
«Сол әңгімелердің кейбір сарындары есіме түскенде, әлі күнге дейін толқимын. Кей сарындардың қайбір жайларын есіме сақтай алмағаныма әжептеуір өкінемін. Кейін сол әңгімелерді айтушыларды арнайы іздегенде, ешқайсысын таба алмадым. Енді сондай әңгімелерді тыңдаған, естіген жандарды іздестірдім. Ары-бері ойланып толғанғанда Қамбар Қойшыбайұлы ағамды іздедім. Қамбар ағамның көргені де, білгені де көп, көңілге тоқығаны көп. Ел мен жер туралы жиған-тергені мол», – деп толғанады Жанғара ағамыз.
Одан әрі қарай:
«Қамбар ағамды жақсы біліп, жақын тұтуым ертеде басталды. Мектепте жоғары сыныпта қосымша кәсіби білім ала бастадық. Мектеп бітіргенде аттестатпен бірге «Механизатор животновод» деген куәлік берілетін болған. Ауыл шаруашылығы, оны механикаландыру, электрлендіру сияқты пәндерді оқимыз. Оның өндірістік тәжірибесі бар. Мұғаліміміз жүк машинасына салып жіберген. Содан дүлей құмның ортасынан бір ақ шықтым. Мемлекетке қаракөл елтірісін тапсыру ісі өрлеп тұрған кез. Құм ішіндегі бекетте қаракөл қойын қолдан ұрықтандырып жатқан бір қауым жұрт. Қамбар ағам осы жерде екен. Зоотехник. Жамбыл зооветеринарлық техникумының түлегі. Шыңғыс Айтматовты жақсы көреді. Шыңғыстың Жамбыл зооветеринарлық техникумында оқығанын, Жамбыл облысында зоотехник болғанын баяндайды.
Әулиеата мен Айтматовтар тарихын таратады. Шыңғыстың әкесі Төреқұл Айтматовтың да Әулиеатадағы орыс түзем мектебінде оқып, білім алғанын айтады. Шыңғыс Айтматов пен өзі оқыған техникумды, өз мамандығын мақтан тұтады. Мен қызығамын. Сол техникумда оқысам қайтер еді деп ойлаймын. Кей кеште кісілердің бастары қосылып, әңгіме айтылады. Менің ынта қойып тыңдайтыным – ескі әңгімелер.
...Қамбар ағаның менің қолымдағы қолжазбаларын жинақтап, таңдамалы шығармаларының екі томдығын дайындадым. Алла рахым етсін Қамбар Қойшыбайұлының рухына», – депті Жанғара Дәдебаев.
Алғысөзінің өзі осылай ауқымды жазылған томдықтың салмағы жоғары. Мұнда енгізілген мақала, очерк, ой-толғам, өлеңдердің көтерер жүгі қомақты. Қамбарбек Қойшыбайұлы қарт Қаратаудың бір сілеміндегі Тәңірқазған, Бөріқазған тұрақтарынан сыр іздеп, Көкталдағы таңбалы тастардың тарихына үңіледі. Тіпті таңбалы тастарды суретке түсіріп алып, кітабына жариялапты. Ерекше әсер еткен болуы керек. Кітаптың ішіндегі шығармалардың бәрі бағалы. Маған бәрінен де ерекше әсер еткені Шыңғыс Айтматов туралы «Болашақ жазушының жамбылдық курстастары» деген көлемді жазбасында таластықтар Досай Сенбековтың, Оспанәлі Иманәлиевтың, Қошқарбай Шилібековтың Шыңғыспен бірге оқығаны айтылған.
Шу ауданынан Жұман Сыздықов деген кісінің әйгілі Айтматовпен бірге оқығанын, оның бір баласы Мұрат Сыздықтың облыстық «Aq jol» газетінде ұзақ жыл аға тілші болып еңбек еткенін айта кеткеніміз жөн. Курстастарының берірек жылдарда да Шыңғыс Айтматовқа жазған хаттары беріліпті. Әсіресе, аңыз жазушыға Қошқарбай Шилібековтың жазған хаттары көп сақталған екен. Көптомдықтың екінші томдығы облыс журналистикасының ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының естелік мақаласымен ашылыпты.
Біз Баттал Жаңабайұлының естелігі арқылы Қамбарбек Қойшыбайұлының жас кезінде айтыс ақыны болғанынан да хабар білдік. Бұл кітапқа Талас ауданындағы «Ойық» кеңшарының ширек ғасыр уақыт директоры болған Әнуарбек Тәжімбетов жайлы «Ақтаңгер» атты жазбасы да еніпті. Сонымен қатар, суырып салма Пірқожа ақын мен шымшымасы бар Шыныбай жайлы зерттеулері де елге ерекше әсер беретіні анық. Театр актерлері Гүлжан Әспетова мен Мәкен Райысқанова туралы кең көлемді мақалалары ел назарын аударады.
Сонымен қатар, басқа да басылымдарда Жанғара Дәдебаевтың «Менің Қамбар ағам» эссесі, Тұрсынхан Толқынбайұлының «Қара өлеңге піріндей сыйынатын қаламгер», Әскербек Құйқабайұлының «Қаламдас жайлы толғаныс» атты көлемді мақалаларынан да Қойшыбайұлының биік азаматтық келбетін көруге болады.
Осы тұста Қамбарбек Қойшыбайұлының 1994 жылы мәслихат ең алғаш құрылғанда Талас аудандық мәслихатының депутаты және мәслихаттағы тексеру комиссиясының төрағасы болғанын айта кеткен жөн. Одан ертеректе Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде жауапты хатшы, Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде бас редактор, республикалық «Салық тәртібі» газетінде тілші қызметтерін жемісті атқарды. Бір сөзбен айтқанда, Қамбарбек Қойшыбайұлының қолынан 60 жыл бойы қасиетті қаламы түскен жоқ. Ол отбасына да көңіл бөліп, асыл жары екеуі ұл-қыздар тәрбиелеп, немере мен шөбере сүйді. Қамбарбек ағаның жылы жүрегі облыстағы барлық кейінгі толқын журналистердің үмітін үкілеп тұрар еді. Ол кісі туралы үзеңгілес інілері Көсемәлі Сәттібайұлы мен Баймаханбет Ахмет те жылы лебіз айтуға, жақсы жазба жазуға қашанда әзір.
Бұл Қамбарбек ағаның жүрегінің тазалығын, ісіне аса жауапты екенін көрсетеді. Аяулы ардагер журналистің өмірден озғанына да бір жыл толған екен. 1-мамыр ол кісінің өмірге келген күні. Көзі тірі болғанда 81 жасқа толатын еді. Аяулы ағаның жаны жаннатта, топырағы торқа болғай! Бастысы, ол кісінің жазған шығармалары, ғажайып жазбалары елдің жүрегінде ұзақ уақыт жасай беретіні.
Қаратөбе
Қаратөбе – қарт қоныс, қара нарым!
Төңкерілдің төсінде сардаламның.
Ойдағы ел мен тоғысар қырдағы елдің,
Жалғастырдың көпірдей араларын.
Қаратөбе – қарт тарих, қара нарым!
Көрдің көзін жеті ата-бабалардың.
Өтті сенде әкелер ойлап қамын,
Қара қазан, баланың сары қарын.
Қаратөбе не дейсің, қара нарым!?
Көмейіңнен шыққандай зарлы сарын.
Жер қайысқан өр рухты қалың қолдың,
Сақтап келдің кеудеңе сарындарын.
Қаратөбе, киелі қара нарым!
Бердің сарқып бойдағы барлық нәрін.
Ел қайғысын көргенде шөге түстің...
Көз алдыңнан өткіздің бәрін-бәрін.
Сарыдаланың төсінде Қаратөбе,
Шалынады алыстан дара төбе.
Жотаң жатыр бас жағы өркештеніп,
Қара бура қалғандай шөге-шөге.
Шоқтығысың далиған даланың кең,
Алып жатқан алапты алып та сен.
Өңірдегі еңселі жер биігі,
Аманбысың, армысың, Қаратөбем!
Саумал бұлақ, сырбаз самал
Дәмі балдай, мөп-мөлдір, саумал бұлақ,
Сылдыр-сылдыр сырғиды таудан құлап.
Еңкеу-еңкеу еңіске ендіркелей,
Асыр салып ойнайды аунап-қунап.
Сылқ-сылқ күліп тап-таза бұла тұма,
Жағалауы оранған гүл лағылға.
Бауыр жаза төменге құлдилайды,
Самал желін даланың ұнатты ма?
Сылдыр қаққан баурайда жылға тұма,
Еркін желін етектің ұнатты ма?
Бұлақ үні әйткенмен керімсалдың,
Мезгілінде жетпеді құлағына.
Сағым қуған даланың сері желі,
Алақанмен аялар бетегені.
Бет алысы – тау емес, алыс қиян,
Жүріп кетті түрді де етек-жеңді.
Сырбаз самал осылай кете берді,
Сері желік алысқа жетеледі.
Екі көзі төрт болып жатқан күтіп,
Қашан-қашан жылғаға беттер енді?!
Қоғылдың құйғаны
Асау өзен бой бермей тасығанда,
Ала қашар алты сай, алты арна.
Қан тамырдай таралып тарам-тарам,
Қосылады Таласқа жалғыз саға.
Бастау алған сол сайлар Жиембеттен,
Кілт бұрыла тайқиды қия беттен.
Су жайылып аймаққа ұлан-асыр,
Керегінше жерге нәр жия берген.
Су көлкіген көктемде иен екен,
Жазға салым тоғайы шиендеген.
Егін салып бабалар дән жинады,
Атақоныс шынында «үйек» екен.
Аққан судан жойқын күш жоқ қой мықты,
Алты өзек өзенге лап қойыпты.
Содан шығар, «Қоғылдың құйғаны» деп,
Атам қазақ бұл жерге ат қойыпты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дархан десе, дархан еді...
- 1 мамыр, 2025
«Мені ешкім, ешқашан өзге ұлт өкілі деп бөлген емес»
- 1 мамыр, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді