«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәт деген есімнің де өз сыры бар

Сәт деген есімнің де өз сыры бар
Автор
Өткен жылы еліміздің қадірменді азаматы, Қазақстанның қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы және бұрынғы Қорғаныс министрі Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевқа ел Президентінің Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы беріліп, оған қоса Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордендерімен марапатталуын жұртшылық қуанышпен қабылдағаны белгілі.

Еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізген сындарлы кезеңде С.Тоқпақбаев жан аямай еңбек етіп, жас мемлекетіміздің іргесі қаланып, негізі қалыптасуына қажырлы үлес қосты, алдыңғы сапта жүріп, елге ақылшы аға, жолбасшы бола білді. Ал, тәлімгер заңгер ретінде Ата Заңымыздың аяғынан тік тұруына, қалыптасуына қосқан орасан еңбектері өз алдына бір төбе. Өз басым заңгер ретінде Сәт Бесімбайұлын үлгі тұтып өстім, өз замандас, әріптестеріме де жарығын төккен ықпалын жақсы білемін десем, артық айтпаспын.

Таяуда Сәт ағамыздың «Жаным садаға» деп аталатын ғұмырнамалық-мемуарлық кітабын үлкен толғаныспен оқып шықтым. Кітаптың өмірбаяндық тарауы «Тағдырым-темірқазығым» деп аталған екен. Осы атауларының өзінен ағамыздың асқан талғампаздығы, тағылымының биіктігі танылып тұрғандай. Назарымды бірден аударғаны – ағамызға «Сәт» есімінің берілу себебі болды. Әкесі Бесімбай ақсақал жүрегі жарылардай қуанып, жарық дүние есігін ашқан ұлына кездейсоқ есім бергісі келмей, ауыл аймағына, төңірегіне әулиедей қадірлі болған, ілгері уақытта жұртына болыс болған Сәт деген кісінің есімін лайық көріпті.

Әлгі болыс асқан сақы, жомарттығымен аты шыққан екен, дархандығы сондай, қорасы түске дейін малға толса, қас қарайғанша, сол малынан жалғыз атынан басқа түгі де қалмайды екен, қолма-қол мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге таратып жіберетін көрінеді. Осындай атақ-даңқы шыққан соң, халық есігінің алдын босатпаған.

Ел-жұртының сый-құрметіне бөленген сол кісіні халқы өнеге тұтқан. Міне, ағамыздың Сәт аталуының осындай ғажайып сыры бар екен. Әкесі Бесімбай ақсақалдың өзі де тап осындай ұлағатымен сый-құрметке бөленген жан болған, жұрты ол кісінің де істерін аңыз қылып айтқан. Еңбектен қашпаған, ауыр демей, алыс-қиян демей, Түрксіб теміржолын салысушылардың бірі болған жан екен. Ал, енді Сәт ағамыздың сол аяулы ата-анасы туралы жазғандарын толқымай оқу мүмкін емес.

Үзінді келтірейік: «Ата-анамның жаңаша оқуы шамалы, ликбезді бітірген ғана кісілер. Соған қарамастан, өмірден тоқығандары көп еді. Өмірдің мектебін бітірген жандар. Әкем аса сабырлы, төзімді кісі болатын. Бір-ақ рет сөз айтады, айтқанда да кесіп айтады, сөзінде тұрады, жұртқа берген уәдесін орындайтын жан еді.

...Анам аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, жүрген жеріне гүл бітетін, аса мейірімді, жанары жылы, дастарханға қолы өте берекелі жан болатын жарықтық». Осындай өнегелі жандардан туған, тәлім тәрбиесін алған перзент қалайша биік мақсат мұрат көздемесін?!

Ол кісілер жалғыз ұлы Сәтті халық мұраларын сүюге, кітап оқуға тәрбиелеп өсіріпті. Сірә, өзіміз шықпаған белеске көтерілсе деген пәк арман-тілектері жүректерінде жатса керек. Сол өнегемен өскен бала кішкене кезінен жыр-қиссалар оқуға құмар болып өседі. Мұны байқаған үлкендер осы шаңыраққа жиналып, оған жыр оқытатын көрінеді.

«Жыршы бала» атағы шыққан, шаршаған, қажыған үлкендердің махаббатына бөленген. «Үлкендер назар жығып, арқамнан қаққан соң, өз-өзімнен арқаланып, шабыттанып шыға келемін. Батырлар жырын бірінен соң бірін қуана-қуана дауыстап оқимын. Үлкендер бірде көзіне жас алып, ендігіде күңірене сілкініп, үнемі елітіп, түннің ортасынан ауғанын білмей қалушы еді. Осының өзі маған зор қуаныш сыйлайтын. Бейне, әлгі жерде, өз жанымнан шығарғандай, дауысымды соза түсіп, әр сөзді әсерлендіре, әр бере төгілдіріп, жұртты желпіндіріп тастауға құлшынамын...».

Міне, осы бір жолдардан Сәт ағамыздың тамыры тереңде жатқан ұлағат көздерін айқын ажыратып тануға болар. Кітаптың ұрпаққа берер өнеге-тағылымды қырларын тауысып жеткізу мүмкін емес, толып жатыр. Әкесімен бақұлдасар шақтағы көрініс, екеуінің сол сәттегі әңгімесін жүрегім езіле оқып, қатты әсерленіп, тебіренгенімді қалайша айтпай кетуге болар. Артында қалып бара жатқан жалғыз ұлына, әкесін қимай жылап отырған баласына айтқан сөзіне жан-дүниеңмен толқымау мүмкін болмас.

«...Ал, енді о дүниеде өмір бар екенін білесің. Өліден тірінің бір саны артық. Егер о дүние жаман болса, сол адамдардың ең болмаса біреуі қайтып келмес пе еді. Сен менің жалғыз «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді. Әкесін ешкім жанына байлап жүрмейді ғой. Дегенмен де, әкенің жоқшысы болу – жарық дүниедегі ең иманды шаруа, ізгілікті іс, ізбасарлық деп білемін...».

Міне, осындай тағылымы тұнып тұрған, ізгілікке толы туындыны қалайша толқымай оқырсың?!

2013 жылы Маңғыстау облыстық сотының төрағасы болып жүргенде Сәт ағамызбен серіктесіп, әулие Бекет атаның басына барып, Құран оқытып едік. Ешқандай уақытпен, мезгілімен өлшенбейтін осындай қымбат шақтар өміріңде өшпестей болып таңбаланып қалады ғой. Бір ауыз ыстық лебізіңізді ағаның ініге деген айнымас адал ілтипатындай қабылдап едім. Осыдан кейін арамызда белгілі бір дәрежеде жақын сыйластық орнап, тонның ішкі бауындай араласпасақ та, кездескен сайын жылыұшырап тұратын, етене пікір бөлісетіндей рухани қарым-қатынас орнағанына өз басым разымын.

Ағамыздың біздей ініге ілтипат танытуында биік адамгершілігі мен мәдениеттілігі жататынын іштей сезіп, бағалап жүремін. Ол кісінің ағалық ықыласынан, қасиетті тегінен, ата-анасынан жұққан қарапайымдылық пен ізгілік іздерін аңдағандай болып, ол кісіге деген құрметім арта түсуде. Айтарым көп болса да шектеуге тура келер.

Мына бір жыр шумақтары ардақты асыл ағама айтар көкейдегі көп сөзімнің түйіні болып танылып, қабылданар:

Аты да бөлек, заты да бөлек, Сәт ағам,

Абыройлы асқар атағынан от алам.

Осыншама даңқыңыз асып шыққанда,

Жан ағатай, қалайша үнсіз жата алам?!

Сәт ағам менің, сәтті күндердің бастауы,

Мен үшін тұлға – шыңдардың биік асқары.

Жаныңыздан жойқын қуат алам, күш алам,

Жүрсем де, сізден, жырақтап, кейде, тысқары.

Сәт ағам менің, сәттілік сапар нышаны,

Әрдайым ашық, ініге дархан құшағы.

Қуанышыңызға ортақпын дейін жан ағам,

Өзіңізге қарай жүрегім алып ұшады!

 

Досжан ӘМІР

 ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

Ұқсас жаңалықтар