«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл жемісті жобаға 5 миллиард теңге бөлінеді

Биыл жемісті жобаға 5 миллиард теңге бөлінеді
Автор
Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» мен «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиынға «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова төрағалық етті.

Кеңес отырысына Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев және басқарма басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек, «КазАгроФинанс» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрғали Сейтбеков және «AGROCREDIT» аграрлық несие корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрдаулет Тілеубаев қатысты. Бұдан бөлек кеңес мүшелері, аумақтық филиалдардың төрағалары және аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Аталмыш кеңестің күн тәртібінде «Ауыл аманаты» жобасының өңірде атқарылу барысы қаралды. Атап айтар болсақ, өңірден пилоттық негізде бастау алған аталмыш жоба қазіргі таңда республикамыздың барлық облыстарында жүзеге асырылуда. Күні кеше кеңес мүшелерінің жобаның Меркі ауданында жүзеге асырылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кәсіп ашқан азаматтар мен кооперативтің жұмысымен танысуы осыған дәлел болса керек. Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндау үшін алғашқы сөз партияның облыстық филиалы жанындағы «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиевке берілді.

Халық қалаулысы Меркі ауданында жобаның іске асырылуы оң нәтиже беріп жатқандығын, алайда кемшіліктері де жоқ еместігін айтты. Жобаның Меркі ауданында іске асырылуы бойынша аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбайұлы нақты тоқталып өтті. Жалпы, аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 7 ауылдық округ қатысса, Сұрат, Ақермен, Ақтоған, Ақарал, Жаңатоған, Кеңес және Тәтті ауылдық округтерінің шағын кәсіптері де қолдау тапқан.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жетістіктер мен кемшіліктер туралы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек баяндама жасады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Болатұлы аталған жоба бойынша іске асырылып жатқан бірқатар өндіріс орындарының қызметіне тоқталды.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы қайтарылған қаражат есебінен қаржыландыру мақсатында жобаның бесінші бағыты бойынша (тұрғындардың өз кәсібін ашуы) 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін 6,6 миллиард теңге сомасына 724 жоба қабылданып, оның 3,2 миллиард теңге сомасына 422 жоба қаржыландырылған. Мал бағытынан басқа жобаларды қаржыландыруға, яғни ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуға басымдық беріліп, қазіргі таңда жылыжай құрылысына – 205,5 миллион теңге сомасына 28 жоба, өз кәсібін ашуға (мал шаруашылығынан басқа) 3 миллиард теңге сомасына 394 жоба қаржыландырылды.

Ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды, олар: тігін цехы, сұлулық салоны, наубайхана, құмды блок кірпіші, өз-өзіне қызмет көрсететін жуу, сүт цехы, балабақша ашу және тағы басқалар. Аудандармен бұл бағыттағы жұмысты жандандыру әрі қарай да жалғасатын болады. 2025 жылға «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржыға 700-ден аса жобаны несиелендіру көзделген.

Amanat партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Өңірлік даму» мен «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі кеңестердің бірлескен отырысындағы күн тәртібіне қойылған мәселе толығымен қаралды.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар