
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаттары, еліміздің бірқатар өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы және ветеринарлық саланың өкілдері аталған нысанды аралап көріп, типтік үлгідегі ғимаратқа оң бағасын берді.
Облыс басшысына және құрметті қонақтарға аталған саладағы жағдай туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев таныстырып, өңірдегі төрт түлік малдың амандығы жолында 1055 маман уақытпен санаспай еңбек етіп жатқанын, олар 85 қажетті ғимаратпен қамтылғанын, әлі де 75 ғимарат керектігін айтып өтті. Жыл сайын ветеринария саласына бөлінген қаражат көлемі де көбейіп келеді. Саланы қолдаудың маңыздылығын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жан-жақты айтып өтті.
– «Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл сөз ешқашан өзінің өзектілігін жойған емес. Мемлекет басшысы малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, оның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Себебі, мал шаруашылығын дамыту перспективалары мен оның экспорттық әлеуеті ветеринария саласына тікелей байланысты. Биыл осы саланы дамытуға 4,6 миллиард теңге бөлініп, өткен жылдан 9 пайызға артты. Жұмысшылардың жалақысы соңғы екі жылда 30 пайызға көбейді. Кейінгі үш жылда 17 биотермиялық шұңқыр құрылысы жүргізіліп, үшеуі жөндеуден өтті. Ескі ветеринариялық пункт ғимараттарының мәселесі 2025-2026 жылдары толығымен шешіледі. Бұл ретте бірыңғай жаңа типтік үлгідегі пункттердің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылға жоспарланған 40 типтік үлгідегі пункттің ішінен 20-сы демеушілер есебінен салынуда. Құны 600 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар биыл облыс бюджеті есебінен 50 автокөлік пен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгін сол автокөлік кілттерін табыстау үшін жиналып отырмыз. Жалпы, қызметтік көлікпен толық қамтамасыз ету мәселесі келер жылдың соңына дейін шешімін табады. Бұл шалғай елді мекендерде сапалы ветеринариялық қызмет көрсету мүмкіндігін арттырады. Осы орайда эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының адал еңбектері мен қызметке деген жауапкершілігі үшін алғысымды білдіргім келеді. Ветеринария саласын дамытуда атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін! – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс басшысы бірқатар қызметтік көліктердің кілтін тапсырды. Өңір басшысының қолынан алғаш болып Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің мал дәрігері Мақсат Тұрысов пен Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округінің бас мал дәрігері Руслан Жолсейітов көліктің кілтін алды.
«Мұндай жаңа «Нива» көліктері ветеринария саласына өте қажет. Жаңа қызметтік көлікке қолымыз жетіп қуанып тұрмыз. Бұл сала жұмысының жақсаруына ықпал етеді», – дейді Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің мал дәрігері Мақсат Мұсаханұлы.
Мұнан соң, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев облысымыздағы ветеринария саласының еңбек ардагерлері және ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық лабораториясы» облыстық филиалы Қордай аудандық ветеринариялық лабораториясының ветеринариялық санитары Гулжамал Карипкулова «Құрмет» орденімен марапатталса, бірқатар азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бірқатар лайықты азаматтарға аталған министрліктің Құрмет грамотасын табыс етті.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Туризм арқылы Жуалының табиғатын таныстырамыз
- 6 мамыр, 2025
Қызылқайнарда мәдениет үйі ел игілігіне берілді
- 6 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді