«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әкім Ұртайұлы Тарази

Әкім Ұртайұлы Тарази
Ашық дереккөз
Қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази ағамыздың қазасын барша ел азаматтары секілді жамбылдықтар да күйзеліспен қабылдады. Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, әр шығармасы арқылы ұлт жады мен болмысын жаңғыртып, өмірдің өрелі биігіне көтерілген атпал азаматтың дүниеден озуы – орны толмас ауыр қаза. Дара тұлғаның өмірлік серігі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова апайымызға, ұл-қыздарына, жақын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Әкім Ұртайұлы артына өшпес рухани мол мұра, мәңгілік өлмес ескерткіш қалдырды. Қаламынан туған рухани бай мұра – ел есінде мәңгі сақталары анық. Әулиеата жұрты үшін Әкім ағамыздың орны ерекше. Осы қасиетті топырақта алғаш білім нәрімен сусындап, үлкен өмірдің белесіне өрлеген ол Жамбыл жерін әрдайым жүрек төрінде ұстап өтті. Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпағы мен туған-туыстарына ұзақ ғұмыр тілейміз. облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, облыстық қоғамдық кеңес, облыстық ардагерлер кеңесі.

Қолтаңбасы қайталанбас қалам иесі еді

Әкім ағаның қазасы – қазақ халқы үшін ауыр қаза. Ол қазіргі қазақ әдебиетінің аса ірі өкілдерінің бірі еді. Өз дәуірінде оның тұстастары азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы мен тың игеру туралы тақырыптарды қаузап жүргенде Әкім Тарази тыңнан түрен салып «Құйрықты жұлдызымен» жарқ етті. Олай дейтініміз, шығармада Кеңес ауылдарының тіршілігі, ондағы адамдардың психологиясы мен мінез-құлқы тұңғыш рет терең суреттеліп, бейнеленді. Сондықтан аталмыш туынды Сәбит Мұқановтың «Сырдариясынан», Ғабиден Мұстафиннің «Миллионері» мен «Шығанағынан» құрылым мен композициясы жағынан өзгеше, бір саты жоғары тұрған дүние деуімізге болады. Міне, Әкім ағаның осылай тың сипатта басталған шығармашылығы оның соңғы романы «Жазаға» дейін жалғасып, үнемі жаңалықтар әкеліп отырды.

Кеңес дәуірінде өзін-өзі өлтіріп, Кеңес өкіметінің адамдары отырған кеңсені өртеп жіберуге оқталған кейіпкерді тек Ә.Тарази шығармасынан ғана аңғаруға болады. Сол секілді «Жаза» романында да адам баласының ерекше психологиясы төл әдебиетімізде тұңғыш Әкім аға шығармашылығында көрініс тапты. Міне, сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы қайталанбас қалам иесі болып қала бермек.

Әкім Тарази өмірден, әдебиеттен тиесілі сыбағасын алғанымен, жазушы шығармалары әлі де өзінің лайықты бағасын алған жоқ. Оған келер ұрпақ өз бағасын берер. Қазақ аман болса, Ә.Тарази шығармалары да мәңгі жасай береді деп сенемін.

 

Елен ӘЛІМЖАН

жазушы-драматург,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Асқар таудай ағамыз еді

– Жігіттер, өлген адамдардан қорықпаңдар, олар сендерге ештеңе істемейді. Қорықсаңдар, тірі адамдардан қорқыңдар, олардан бәленің бәрін күтуге болады, – деп еді сонда. Адам деген бала кезінде көрген-білгенін ұмытпайды ғой. Бір күні ауылдың шетіндегі клубтан «Арман-атаман» деген киноны көрдім. О кезде фильмнің атын ғана білеміз. Ал режиссері кім, сценарийін кім жазды, тіпті, актерлерінде де шаруамыз жоқ. Ең бастысы, кино қызық болса болды. «Қызық» деген ұғымымыз да «қызық». Соғыс, атыс-шабыс, ұрлық-қарлық, сосын... күлкілі нәрселер біз – балалар үшін «қызықтың» көкесі болып келеді. Содан ба, көбіне ГДР-дің ДЕФА (DEFA) киностудясы шығарған үндістер туралы киносын көбірек көргіміз келеді. Бірақ сол күні киномеханик көкеміз Келдібек «Арман-атаман» деген қазақ киносын көрсетті. Одан бері қаншама жыл өтті. Көбісін ұмытыппын.

Есімде қалғаны Арман мен Теміртон деген бала. «Теміртон» деген атқа таңғалғаным да әлі есте. Сонымен қойшы, Африка еліне барамыз деген балалар туралы фильм мәңгі есімде қалды. Қызығы бұл да емес, кейін қолыма «Арман атаман» деген кітапша түсті. Бас алмай оқып шықтым. Кітаптың мұқабасына үңілсем «Әкім Тарази» деп тұр екен. Міне, менің Әкім ағаммен алғашқы танысуым осылай басталды. Содан мен де журналист, жазушы болуды армандап КазМУ-ге оқуға түсіп, одан кейін облыстық газетте жұмыс істеп жүрген жиырма бестен асқан кезім болатын. Бір күні редакцияның алдындағы фонтанға бардым. О кезде күндердің күнінде «су бұрқақ» деген сөздің пайда болатынын ойламақ тұрмақ, түсімде де көрмейтінмін. Барсам, бір скамейкада томпиып Әкім аға отыр.

Суретінен танып алғам ғой. Өйткені Әкім аға повестері мен әңгімелерін жариялағанда үнемі ақ водолазка киіп түскен суретін салатын. «Арман-атаманнан» кейін де көптеген повестері мен әңгімелерін оқығам. Әсіресе, қыз бен жігіттің таныса салып, үйленуге шешім қабылдайтын диалогтармен басталатын повесі әлі есімде. Сонымен... Барып сәлем бердім деп пе едім. Әкім ағам сәлемімді алды.

Бір нүктеге басын бір жағына қисайта қарап, ойланып отыратын әдеті бар екен. Алматыдан келген атақты жазушыға бірінші рет сәлем беруім. Құр сәлемдесе салмай, баяғыдағы бала көңілімде қалып кеткен «Арман-атаман» туралы айтқым кеп:– Аға, сіздің «Арман-атаманыңыз» бала кезімде маған қатты ұнады, – дедім.

Бетіме байыппен қарап алып:

– Рахмет, – деді де:

– Қайда жұмыс істейсің? – деп сұрады.

– Міне, мына «Еңбек туы» газетінде. Тілшімін.

– Ә, жақсы екен онда. Үлкен журналист, жазушы бол, айналайын! Сосын жымиды. Мен өзімнің балалар туралы кітаптарды жақсы көретінімді айтып жатқам бұл кезде. Кейін білдім, ағамыз облысқа шығармашылық іс-сапармен келген екен де, облыстық газет редакциясының қасындағы «Жамбыл» қонақ үйіне аялдапты. Бұл, шамамен, 1987 жыл ма екен, дәл қазір есімде жоқ. Бұл кездесуім енді тоқсаныншы жылдардың Ұлы Жеңіске – 80 жыл бірінші жартысында болған.

Бір күні редакциядағы басшымыздың бірі Бақтияр Әбілдаев ағамыз:

– Жігіттер, Әкім ағаларыңның жақын туысы қайтыс болыпты. Барып көңіл айтайық. Қаза болған жерде жастардың қол күшінің көмегі де керек, оны да ұмытпайық, – деді. Микроаудандардың бірі екен. Аулаға киіз үй тігіп, мәйітті содан шығару туралы сөз боп жатты. Молда да жүр.

Бір жігіт әңгіме үстінде мәйіттен қорқатынын айтып қалып еді, Әкім аға:

– Жігіттер, өлген адамдардан қорықпаңдар, олар сендерге ештеңе істемейді. Қорықсаңдар, тірі адамдардан қорқыңдар, олардан бәленің бәрін күтуге болады, – деді. Әкім ағаның бұл сөзі де менің есімде мәңгіге қап қойды. Сосын жұмыс істеп жүрген жігіттерді көтермелеп, мақтап «ой, сайдың тасындай екен бәрі де», «өңшең келбетті, келісті екен» деп жігерлендіріп отыратын әдеті бар екен. Бұл – «Арман-атаман» кітабы арқылы бала кездегі «таныстығымды» қоссам, Әкім ағамды үшінші рет көруім. Сосын.. Шерағаның сексен жылдық мерейтойына келгенде көрдім.

Сахнаға шығып Шерағаң туралы бүй деген сонда Әкім аға.

– Тоқсаныншы жылдардың соңын ала АҚШ қа жолымыз түсті. Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі – Эмпайр-Стейт Билдингтің (мұнараның атын орыс тілінде «Дом Имперского Штата» деп аударуға болады) ұшар басына шығарды. Сол зау биіктен төмен қараған мен төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдап бара жатқан тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» Шерхан Мұртаза да көрсін деген оймен:– Шераға, мына жерге келіп төмен қараңызшы, көшенің шетіндегі жолмен кетіп бара жатқан адамдар тасбақалардан айнымай қалады екен, – деп қасыма шақырдым. Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт-Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек.

Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен бірі таласқан неше түрлі ғимараттарыңнан да асқақ Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағам сонда:

– Әй, Әкім, көрсең өзің көре бер, мен пенделердің тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді. Мен адамдардың кеудесін керіп, өр мінезімен оқшауланып, әрқашан қасқайып, тік жүргенін көргім келеді, – деп, әдемі қалжыңымен бірге өзінің өмірлік ұстанымын да білдіргендей болды. Сонда... сахнадағы сөз сөйлеп тұрған жазушыға қарап отырып Шерағаң туралы ақиқатты ішіне бүкпеген Әкім ағам да ер екен деп ойлап ем. Басқалар болса мұндай мадаққа сараң ғой. Сосын..

– Мен Шерхан Мұртазадан бір жас кіші болсам да үнемі «Шераға» деп құрмет тұтамын. Шераға алдымда мұз жарғыш кемедей өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүрсе, мен кішкентай қайықтай ылғи сол кеменің ығында жүремін, – деуі де азаматтық үлкен сөз болды. Асқар шыңдай ағасына деген ол сөзден Әкім аға биіктей түспесе, кішірейіп қалған жоқ, әрине.

 Бүгін міне, сол асқар таудай болған Әкім ағамыз туралы суық хабарды оқып отырмын. Жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын, Әкім аға! Алдыңызда мұзжарғыш кемедей үнемі жол бастап жүретін Шерағаңыз жұмақтың төрінен бір орын дайындап қойған шығар.

Бақұл болыңыз!

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

жазушы, журналист. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Ұқсас жаңалықтар