«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл имамдарына автокөлік мінгізді

Ауыл имамдарына автокөлік мінгізді
Автор
Қазіргі таңда әр ауылда имандылық ордасы саналатын күмбезді мешіттер бар. Сол имандылық ордасына сирек болса да ауыл тұрғындары барып, құлшылығын жасап, ғибратты сөз тыңдап жүр. Жалпы, ауыл халқы үшін мешіт имамының орны бөлек. Әр тұрғынның ауыл имамына деген құрметі жоғары. Себебі қазақ ілімі бар адамды сыйлаған. Қай кезде де жастығына қарамай ілімі жоғары адам төрге шыққан.

Сондай сыйлы кісінің қатарында Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының имамы Бақытжан Әлімбеков те бар. Ол аталған ауылға 18 жылдан астам уақыттан бері имам болып, асыл дініміздің насихатталуы, тұрғындардың ізгі істерге ұмтылуы жөнінде игі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Ауыл жастарының діни сауатын ашудан уақыты мен білімін аяған емес. Алдына сауалмен барған жамағатты жылы қабылдап, жауабын беріп, қанаттандырып жібереді. Ауыл халқы имамның еңбегіне өте риза. Ал аталған аудандағы Қарақыстақ ауылының имамы Қайсар Сұлтановтың да талай жылғы тәжірибесі бар. Ол үлкен ауылға имандылықтың алтын шұғыласын шашып келе жатыр.

Осы жағдайларды ескерген Көкдөнен ауылының тумасы, танымал кәсіпкер, «Cotton» дүкендер желісінің иесі Жақсылық Әміртаев жақында сауапты іс жасады. Ол ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының алдында ұзақ жыл сіңірген еңбегі үшін имам Бақытжан Әлімбековке темір тұлпар мінгізді. Жақсылық Әміртаев дәл осындай автокөлікті Қарақыстақ ауылының имамы Қайсар Сұлтановқа да тарту етті.

– Менің бұл ісім атымды шығару, себепсіз дүние шашу емес. Бақытжан Әлімбеков пен Қайсар Сұлтановтың имандылықтың жолында сіңіріп отырған еңбектері үлкен. Осы көліктерді игіліктеріне мінсін. Мешіт – имандылық ордасы. Ауылымыздың да, көрші ауылдың мешіттері де жамағатқа есігін айқара ашып, жұмыс істей берсін. Әр ауылда күмбезі көкпен таласқан мешіт болуы керек. Мешіт имамдарын сыйлау – үлкен сауапты іс. Себебі ауылды тәрбиелейтін – имамдар. Сондықтан сый жасағанның артығы жоқ. Ауылдың ажары ашылып, мәртебесі биіктей берсін, – деді Жақсылық Әміртаев.

Осындай игі ісі үшін ауыл халқы да кәсіпкерге алғысын айтты.

 

Ердос САҚПАНҚҰЛОВ

Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты.

Ұқсас жаңалықтар