«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңісті жақындатқан әндер әуеледі

Жеңісті жақындатқан әндер әуеледі
Ашық дереккөз
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс туы желбіресін» атты облыстық әндер байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Гала-концерт «Ардагерлер орталығының» хор тобының орындауындағы «Жеңіс күні» әнімен ашылды.

Осыдан кейін мерекелік кешті облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ашып, ардагерлерді алда келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытынды гала-концертке қатысып отырған облысымыздың түкпір түкпірінен келген ардагер ұйымдарының өнерпаздарына сәттілік тіледі.

Бұл іс-шараға Тараз қаласындағы ардагерлер ұйымдары жоғары дайындықпен келгендерін көрсетті. Мәселен, кеш барысында Жамбыл ауданының «Ақ әжелер» ансамблі «Соғыстан қайтқан солдаттар», сарысулық ардагерлер «Катюша», жуалылықтар «Бауыржан туралы ән», Т.Рысқұловтан келген ардагерлер «Жас қазақ» әндерін мәнеріне келтіре орындап шықты. Ал Қордай ауданының ардагерлері «Бухенвальдский набат» әнін тебірене орындап шықса, мойынқұмдықтардың орындауындағы «Ах, Самара городок» әні көптің қошеметіне ие болды.

Шу ауданы мен басқа да шығармашылық орталықтардың орындауындағы хор, вокал, би мен ән көрермен жүрегінен орын алды. Сонымен «Жеңіс туы желбіресін» атты облыстық байқаудың қорытындысында бес номинация бойынша барлық командалар жеке-жеке орындарға ие болып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Тіпті өнерпаз ардагерлерді дайындап, сахнаға алып шыққан ұйымдастырушылардың да еңбектері ескеріліп марапатталды. Сөйтіп, айтулы байқауда достық жеңіп, бірде-бір ардагерлер ұйымының еңбегі ескерусіз қалып қоймады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар