
ӨҢІРДЕ ОРМАН ҚОРЫН ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Айтып келмейтін апаттан абай болайық
Бұл күндері өңірдегі орман қорын өрттен қорғау жұмыстары басталып кетті. Алдымен «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары туралы» облыс әкімінің қаулысы қабылданып, орман және дала өрттерімен байланысты төтенше жағдайларды жою кезінде уәкілетті органдардың басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Соған сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржолдар бойындағы минералды жолақтарды толығымен жырту жұмыстары қолға алынды.
Бүгінде облыста барлығы 377 елді мекен бар десек, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің 20 өрт сөндіру бөлімі өздерінің қызмет көрсету аумағына кіретін 106 елді мекенді қорғауды жүзеге асыратын болады. Қалған 271 елді мекенді қорғауды жергілікті атқарушы органдардың 36 өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Осыған байланысты 2021-2025 жылдары облыс аумағын дамыту жоспарына 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдерімен және бейімделген техникамен жарақтандырылған өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған жоспарға сәйкес облыс аумағында 22 өрт сөндіру бекеті құрылды. Бұл бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан. ТЖД бастығының орынбасары Ералы Нұрғалиұлының айтуынша, бұған дейін ауылдық округтерде 2128 мүшесі бар 165 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Табиғи және техногендік төтенше жағдайларды уақытылы жоюға дайын 20 өрт сөндіру бөлімі бар. Оқушыларды практикалық қауіпсіздік дағдыларына оқыту мақсатында білім беру мекемелерінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайда оқу орындарының ғимаратынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 928 түрлі оқу-жаттығу өткізіліп, оған 54 мыңнан аса адам қамтылған.
Биыл жазғы уақытта облыс аумағында 5 мемлекеттік сауықтыру лагері, 2 сенімгерлік басқаруға берілген лагерь және 5 жекеменшік лагерь, барлығы 12 сауықтыру лагері жұмысын бастайды. Олардың 7-інде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен білім бөлімі өкілдері бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына комиссиялық тексерулер жүргізді. Департамент жеке құрамының, полиция қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильдік топ құрылды.
– Өрт қаупі бар маусымның басталуына орай, орман шаруашылығы мекемелері тарапынан өртке қарсы техникалар мен құрал-жабдықтарды тексеру және олардың дайындығын қамтамасыз ету, өрт сөндіру жасақтарын оқу-тәжірибелік жаттығулардан өткізу, өрт сөндіру әдістемелерін меңгерту арқылы қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, өрттің алдын алу шараларын пысықтау, орман қоры аумағында патрульдік бақылауды күшейту қолға алынуда. Бұл шаралар орман алқаптарында өрттің алдын алу және оның таралу қаупін азайтуға бағытталған. Осы мақсатта орман қорындағы орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнарасы, 16 дана найзағай бұрғыш жұмыс жағдайына келтірілген. Өрт қауіпті аймақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылуда. Бірінші және екінші типтегі орман өртін сөндіру стансаларында 380 өрт жасақшысы құрылды. Орман өрт сөндіру стансалары 5 өрт сөндіру автокөлігімен, 15 кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігімен, 66 әртүрлі маркадағы трактор соқасымен және 15 дана жартылай тіркемелі үш тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистернамен жабдықталған. Орман қорын күзетуде 72 жеңіл автокөлік кезекшілік жасауда. Бұдан бөлек, бір «АН-2» ұшағы мен бір «AS-350» тікұшағы әуеден бақылайтын болады, – дейді департамент бастығының орынбасары Е.Ақылбеков.
Алдын алу жұмыстарының ауқымы кең
Облыстың мемлекеттік орман қорының және дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен алдын алу іс-шараларының жоспары әзірленді. Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдардың 1074 километрінде, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдардың 712 километрі және 840 километр теміржолдың 104 километр қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған орай қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша белсенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Облыс аумақтарына сағат сайын космо-мониторинг жүргізілуде.
Сәуір-қараша айлары аралығында мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 3,048 миллион гектар жерін ұшу арқылы күзету жұмыстары жүргізілмек. Дала өрттерін, сондай-ақ өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын болады. Бұл бағытта аудандық әкімдіктермен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жұмыстар атқарылған.
Атап айтқанда, облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардың 22 өрт сөндіру бекеті ашылды. Оның ішінде 13 бекет жыл бойында жұмыс істесе, 8 өрт сөндіру бекеті тек маусымдық, яғни жазғы өрт қауіпті кезеңде қызмет атқарады.
Сонымен қатар облыстың даму жоспарына сәйкес, биыл Сарысу ауданының Тоғызкент, Талас ауданының Үшарал және Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округтерінде қосымша 3 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Бұл бекеттерге облыстық департаменттің теңгерімінен 3 өрт сөндіру автоцистернасын беру қарастырылған. Сонымен қатар, облыстың ауылдық округтеріндегі 165 ерікті өртке қарсы құрылымның жарақтарында келісімшарт бойынша 229 соқалы трактор, 42 су тасығыш, 237 бейімделген техника, 88 мотопомпа, 48 аспалы өрт сөндіргіш, 2153 дана сапалақ және 1603 қоласты құралдары бар.
– Биыл ақпан-сәуір айларында төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан барлық ауылдық округтердегі ерікті өртке қарсы құрылымдардың жағдайына тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде аудан әкімдіктерінің тарапынан олардың материалдық-техникалық жарақталуы бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Департаменттің жеке құрамын қиын таулы жерлерге жеткізу үшін 10 жоғары өтімді техника, табиғи өртті сөндіру үшін 20 жоғары өтімді және 38 қалалық тиіптегі автоцистерналар, 1060 дана сапалақ, 11 дана «Иридиум» спутниктік терминалы, 4 ұшқышсыз ұшу аппараты, 29 тасымалды мотопомпа дайындалды. Бекітілген жоспарға сәйкес облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жасақтарының және ерікті өртке қарсы құрылымдардың табиғи дала және орман өрттерін сөндіру бойынша іс-әрекеттерін үйлестіру, өзара әрекеттестік сапасын арттыру мақсатында 24-25 сәуір күндері барлық аудандарда табиғи өрттерді сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу жаттығулар өткізу жоспарланып отыр, – деген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Әбдіразақов өткен жылы облыстың дала алқаптарында 209 гектар алаңда 45 жану оқиғасы және 20 мың 233,9 гектар алаңда 37 орман өрті орын алғанын, одан келген шығын 2 миллион 543 мың теңгені құрағанын айтты.
– Жалпы, табиғи өрттің алдын алу мен оған жол бермеу мақсатында аудан әкімдеріне бірқатар ұсыныстар жолданды. Мәселен, өрт қауіпті кезеңде мемлекеттік орман қорларына көлік құралдарының және жеке тұлғалардың келуіне шектеу жасау үшін рейдтік іс шараларды жүзеге асыру мақсатында орман қорғау мекемелері және ішкі істер органы қызметкерлері арасында бірлескен мобильді топтар құру, ауылдық округтер аумағында құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың мүшелерін толық көлемде арнайы киіммен, өртті сөндіруге қажетті қоласты (хлопушкалар), тыныс органдарын қорғау құралдарымен, байланыс құралдарымен, дала өрттерін сөндіруге арналған арнайы техникамен және жеке құрамды өрт орнына жеткізуге арналған техникамен жабдықтау, аудандарда жанар-жағармай, азық-түлік және дәрі дәрмек қорларын жасақтау, орман дала өрттері таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жасау, орман қорларының аумағымен шектескен жерлерде уақытылы өртке қарсы жырту жұмыстарын жүргізу, облыстық, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары және теміржол бойларында ені 4 метрден кем емес минералдандырылған жолақтар жырту және оны күту, орман массивтеріне жақын орналасқан елді мекендер айналасында өртке қарсы жолақтар жасауды назарға алу ұсынылды. Сонымен бірге олар шаруа қожалықтарының және басқа да ауыл шаруашылығы субъектілерінің егістік жерлерде, жайылымдарда егіннің және басқа да қалдықтарды және шөптесін өсімдіктерді бақылаусыз жағуына тыйым салуы, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруы, өрт техникасына су алу үшін қолдан жасалған және табиғи су қоймаларына алаңшалар (пирс) жасауы, сондай-ақ шаруашылық объектілерде және елді мекендердегі өрт гидранттарын жөндеуден өткізіп, жұмысқа жарамды жағдайға келтіруі, үгіт-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізуді жалғастыруы және автокөлік жолдары бойында өртке қарсы тақырыпта ескертпе стендтер орнатуы тиіс, – дейді Азат Бердібекұлы.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді