
Мыңдаған алаяқтық сайт бұғатталды
Жақында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдаған Мемлекет басшысы халықтың қаржылық сауатын арттыру мәселесіне назар аударғаны белгілі. Қабылдауда Президентке агенттік қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған міндеттері таныстырылды.
Мемлекет басшысына 300 қылмыстық істі тергеп тексеру аяқталғаны жөнінде баяндаған агенттік төрағасы зардап шеккен азаматтарға 20 миллиард теңгеге жуық өтемақы қайтарылғанын жеткізді. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың 2,2 миллиард теңге болатын криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстары бұғатталып, ұйымдасқан 6 қылмыстық топ жойылған. Олардың бірі – трансұлттық топ. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда 23 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді.
Жанат Элиманов азаматтарды қаржы алаяқтарынан қорғау, қарыз жүктемесін азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Заңсыз жұмыс істеген шағын қаржы ұйымдарының желісі анықталды. Олардан 327 мың азамат зардап шеккен, келтірілген залал мөлшері 30 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге 24 қаржы пирамидасы жойылды. Алдын алу мақсатында алаяқтық схемаларды таратқан 5,6 мың сайт бұғатталып, 22 мыңнан астам мүшесі бар 30 топтық чат пен аккаунт жабылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жастарды қылмыстық схемаларға тартудың алдын алу үшін жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар жөнінде ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2,8 мың оқу орнындағы 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізілген. Мұндай жұмыстар 100 жоғары оқу орнында жүргізіліп, 100 мыңнан астам студентті қамтыған.
Мемлекет басшысы экономикалық құқық бұзушылықтың алдын алуды, көлеңкелі айналымның үлесін азайтуды, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыруды, сондай ақ халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды.
Ашық салық жүйесі елдің инвестициялық әлеуетін күшейтеді
Өткен аптада Шымкент қаласына барған жұмыс сапарында жұртшылық алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында қызу талқыланып жатқан салық реформасы жайындағы ойымен бөліскен болатын.
«Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше, ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Ал 16 сәуірде Президентке Салық кодексі бойынша жұмыс қалай жүріп жатқаны баяндалды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қоғамда резонанс тудырған жаңа Салық кодексінің жобасын депутаттардың қалай талқылап жатқанын айтып беріп, оның бірінші оқылымының қорытындыларын баяндады.
Жаңа Салық кодексінің жаңалығы неде?
9 сәуірде Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Онда қосылған құн салығының шекті мөлшері ұсынылып, әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешім қабылданды. Сан түрлі саланы қамтитын өте өзекті заң жобасындағы өзгертулерді рет-ретімен тарқатар болсақ, қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Оның шегі 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленбек. Ұзақ әрі қызу талқыдан кейін Үкімет пен депутаттар ортақ мәмілеге келді. Бірақ құн салығының бюджет үшін құны қымбат болғалы тұр.
«Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 миллиард теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Бірақ қаржы қаншалықты қажет болса да, Үкімет бірқатар салаға жеңілдік беріп отыр. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Оның мөлшерлемесі 10 пайыз болуы мүмкін», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, егер салық қойылатын болса, онда біз қалтамыздан шығарып отырған ем шаралардың өзі 10 пайызға қымбаттайды. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы келесі жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Жалпы, салық, төлем және алымдар қысқартылады. Салық жеңілдіктері оңтайланып, сомасы 1,3 триллион теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр.
Парламент Мәжілісінің тағы бір депутаты Берік Бейсенғалиев:
«16 пайыз құн салығы, бұрын 12 пайыз болды. Көбісі есептеп жатыр, бұл неге көтерілді дейді. Енді көрші елдерді алатын болсақ, Ресейде, Беларусь елдерінде 20 пайыз, Еуропа елдеріне келетін болсақ, Францияда – 45. Ең төмен ҚҚС пайызы Люксембургта – 17 пайыз. Бізде қазір 16 пайыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін бәрі де қаз-қалпында сақталады. Яғни, 70 пайыз жеңілдік қалады. Ал өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20 пайыз мөлшерлемесі бойынша салық салынады. Арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі», – деді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың мәліметінше, қазіргі таңда 40-қа жуық түрі бар бизнес бойынша тыйым салынады. Қалғандарына рұқсат етіледі деген қағида. Сонда рұқсат етілетін түрлері көп болады. Қазір бұл санат тізімі талқылануда. Қосымша шешім қабылданады. Орта және шағын бизнеске арналған салық режимі енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады.
Кіріс лимиті қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Ал корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалды, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығы өседі. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл көліктерге, кеме мен ұшақтарға акциздер енгізу жоспарланып отыр.
– Әрине әлі де шұғыл шешімді қажет ететін көптеген мәселе бар. Екінші оқылымға дейін бізде уақыт бар. Әсіресе әлеуметтік саладағы мәселелер бойынша бүгін ашық айтылды. Оларды екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге Жұмыс тобында қарастырамыз. Бір мәселе анық. Түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуы тиіс, – деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов. Келесі жылдан бастап жаңа тұрғын үйлердегі шаршы метрдің бағасы жоғары болуы мүмкін. Егер Салық кодексіне өзгерістер енгізілсе, тұрғын үйдің бағасына қосымша құн салығының да әсері болады. «ҚҚС-қа байланысты бағаның өсуі болады. Өкінішке қарай, тұрғын үйге 100 пайыз ҚҚС енгізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, құрылысын 2025 жылдың 2 қаңтарында бастаған құрылыс компаниялары да ҚҚС төлеуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл дегеніміз, жаңа кодекс қабылданғаннан кейін олар қосымша 12 пайыз салық төлеуге тиіс болады. Осы факторлар негізінде тұрғын үй бағасының өсуі сөзсіз», – дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Еске салсақ, бұл Салық кодексінің бірінші оқылымы. Жаңа Салық кодексі Қазақстанда 2026 жылы күшіне енеді. Қазір қоғамда ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен оның бизнеске және қарапайым азаматтарға әсері туралы қызу талқылау жүріп жатыр. Мемлекет кәсіпкерлер үшін Қазақстанда өңдеу өнеркәсібімен айналысуды барынша тиімді етуді көздейді. Яғни, өндіріс ашып, отандық шикізаттан дайын тауар жасап, оны экспорттайтын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріледі. Олар қосымша құн салығынан толық босатылады.
2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейді. Өндіріс иелері үшін Қазақстанда жұмыс істеу тиімді болмақ. Импортқа тәуелді кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған. Осылайша мемлекет импортты бизнес үшін тиімсіз ету арқылы отандық өндірісті ынталандырмақ.
Банк жүйесі дамудың жаңа кезеңіне бет алды
Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктер туралы» жаңа заңның жобасын талқылауды жалғастыруда. Талқылауға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қаржыгерлер қауымдастығының, екінші деңгейдегі банктердің, тиісті министрліктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары тартылған.
Айта кетсек, жаңа заңнама Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберінде әзірленуде. Заң банк секторының орнықтылығын нығайтуға, инновацияларды дамытуға ықпал етуге және экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банктердің рөлін арттыруды ынталандыруға арналған. Осыған орай Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова 1995 жылы қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» заң қайта қарауды қажет еткенін атап өткен болатын.
«Банктердің бизнес модельдеріндегі айтарлықтай өзгерістер, цифрлық сервистердің таралуы, жаңа қатысушылардың пайда болуы және тұтынушылық күтулердің өзгеруі нормативтік базаны терең және жан жақты жаңғыртуды талап етеді. Жаңа заң осы өзгерістерді ескереді және ағымдағы жағдайларда банк секторының орнықты дамуы үшін негіз болады», – деп атап өтті Агенттік басшысы.
Бүгінгі күні банк секторы қаржы нарығының ең ірі сегменті болып табылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша сектор активтері 19,7 пайызға өсіп, 61,6 триллион теңгеге жеткен. Жалпы соңғы 5 жылда сектор активтерінің орташа жылдық өсімі 18 пайызды құраған. Банктердің депозиттік базасының құрылымында оң өзгерістер орын алды, оның екі есе тұрақты өсуі байқалады (2020 жылдан бастап), бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растайды. Соңғы жылдары Агенттік банк секторында бірқатар негізгі реформаларды жүзеге асырды. Бұл қадамдар теңдестірілген және заманауи реттеуші ортаны қалыптастыруға ықпал етті. Агенттік банк жүйесі дамудың жаңа кезеңіне кіргенін мәлімдеді.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу тәуекелдерді бағалаудың дәлдігін арттыруға, кредиттік скорингтерді жақсартуға, деректерді қорғауды және алаяқтыққа қарсы тетіктерді күшейтуге жаңа мүмкіндіктер береді. Жаңа заң жобасын, қаржы секторының өзгеруін және реттеудегі жаңа үрдістерді ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп дайындады.
«Банктер туралы» жаңа заң жобасы жеті негізгі бағытты қамтиды. Олар: лицензия түрлері және жаңа қатысушыларды реттеу, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу, қаржы технологиясы және инновациялар, банктік реттеуді жетілдіру, исламдық банкинг, кредиттеуді дамыту. Агенттік мінез-құлықтық қадағалау жүйесін енгізуді де бастады. Бұл жаңалық банктер туралы жаңа заң жобасында көзделген. Мақсат – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыру. Не өзгереді?
Агенттік тәуекелдер анықталған жағдайда қаржылық өнімдерді сатуды тоқтата алады, жауапты несиелеу қағидаттары енгізіледі, клиенттерді ақпараттандыру талаптары күшейтіледі, агенттер мен қызметкерлердің әрекеттері үшін жауапкершілік артады. Жаңа қадағалау жүйесі халықаралық стандарттарға (G20) сай келеді және тұтынушы мүддесін қорғауға бағытталған. Сондай-ақ Агенттік банктердегі корпоративтік басқару стандарттарын күшейтеді. Тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс блоктарының басшыларына қойылатын талаптар енгізіледі, тәжірибе, білім, мінсіз бедел, тәуелсіз директорлардың рөлі артады. Олар шешімдердің теңгерімділігін бақылап, клиенттердің мүдделерін қорғайды, жаңа тәсілдер әкімшілік жүктемені арттырмайды, бірақ банк секторының тұрақтылығын арттырады.
Агенттік проблемалық банктерді реттеу жүйесін реформалауды бастады. Бұл өзгерістер банктер туралы жаңа заң жобасында қарастырылған. Үш сатылы модель енгізіледі: күшейтілген қадағалау, тұрақтылықты қалпына келтіру. Реттеу. Банктер қалпына келтіру жоспарларын әзірлеуге міндетті болады, мемлекеттік қолдау тек ерекше жағдайларда ғана көрсетіледі, жүйелік маңызы бар банктер жеткілікті қаржылық тұрақтылық қорына ие болуы тиіс, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты бөлінеді. Қазақстанда дәстүрлі банктер «ислам терезелерін» аша алады.
Агенттік әзірлеген банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасында дәстүрлі банктерге «ислам терезесі» форматы арқылы исламдық банктік қызметтер көрсету мүмкіндігі көзделген. Бұл нені білдіреді? Банктер негізгі жұмыс моделін өзгертпей-ақ шариғат қағидаларына сай қызмет көрсете алады. Барлық исламдық операциялар банктің негізгі қызметінен бөлек жүргізіледі, «ислам терезелерінің» басшыларына исламдық қаржы құқығы саласында біліктілік талап етіледі. Сондай-ақ Қазақстанда банктік лицензияның жаңа түрі енгізіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы базалық лицензияны енгізуді көздейді. Бұл шешім жаңа банктердің нарыққа шығу шарттарын жеңілдетіп, бәсекелестікті арттырады, экономиканы несиелеудің дамуына қолдау көрсетпек. Жаңа заң жобасын тұжырымдамалық түрде қолдайтын сарапшылар банктердің тәуекел деңгейіне байланысты пропорционалды реттеу қағидатын заңнамалық тұрғыдан бекітуді, квазимемлекеттік сектордың екінші деңгейдегі банктермен бәсекелестігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдауды, микро-және макропруденциялық реттеуді бөлуді, сондай-ақ төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа тетігін бүкіл қаржы секторына қатысты қолдануды ұсынуда.
Банктер туралы жаңа заңның әзірленуіне байланысты сарапшы Ф.Карагусов басқа заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді, атап айтқанда, қаржы нарығына қатысушылардың мүліктік құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Азаматтық кодекс пен банк заңнамасы нормаларының арақатынасын қайта қарауды ұсынады. Агенттіктің мәліметінше, жаңа заң жобасы осы сәуір айында жалпыға бірдей талқылауға ұсынылады, ал тамызда оны Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланып отыр.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді