
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың айтуынша, ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Атап айтар болсақ, күні кеше Сейілбек пен Қожағаппар елді мекендері таза ауыз су жүйесіне қосылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде аудандағы 44 ауылдың 22-сі таза ауыз су жүйесіне қосылған. Өткен жылы аудан көлемінде Ақтөбе және Тұрымқұл елді мекені тіршілік нәрімен қамтылды. Жүйелі жұмыс биыл да жалғасын тауып отыр. Кеше екі ауылда құрылысы аяқталған қос нысан пайдалануға беріліп, Сейілбек пен Қожағаппар елді мекендері таза ауыз су желісіне қосылып отыр. Мәселен, 256 тұрғыны бар Сейілбек ауылындағы нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын «Пырақ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ал Берікқара ауылдық округі құрамындағы Қожағаппар елді мекенінде 42 отбасы бар. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарына жауапты «Темир Строй-Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз міндетін толықтай орындап шықты, – дейді аудан басшысы.
Қос елді мекендегі таза ауыз су құбырының пайдалану іс-шарасына халық көп жиналды. Ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев ортақтасып, ізгі тілектерін білдірді. Ал өз кезегінде ауыл қариялары тұрғындар атынан ризашылығын жеткізіп, салтанатты жағдайда жаңа нысанның лентасын қиды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Туризм арқылы Жуалының табиғатын таныстырамыз
- 6 мамыр, 2025
Қызылқайнарда мәдениет үйі ел игілігіне берілді
- 6 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді