
Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғызқара» (Алматы: «Нұрлы әлем», 2024 жыл) романының бас қаһарманы – қазақ әдебиетінде детектив жанрының тұңғышы және оны белгілі бір биік деңгейге жеткізген жазушы Кемел Тоқаев. Автор деректі роман жазуға келу жолын да ашық баяндайды. Бала кезінде шытырман оқиғалы шығармасын құмарта оқыса, кейін «Еңбек туы» газетінде тілші болып жүргенінде, Кемел ағаның алғаш еңбек жолын осы газетте бастағанын біліп таңғалады.
Журналистік, жазушылық қызығушылық ә дегенде осылай басталған. «Жалпы, өнер адамдарында, оның ішінде қаламгерлерде «шығармашылық қанағатсыздық» деген ерекше бір қасиет болады. Бір жазғанына тоқмейілсіп, тоқтап қалғысы келмейді. Ізденген үстіне іздене түседі. Сондықтан, Кемел Тоқаевтың алғашқы еңбек жолы мен оның қазақ кинорецензиясындағы тұңғыштардың бірі екендігі туралы кітап жазып шығарғаннан кейін, осы тағдырлы тұлғаның бала кездегі бастан кешкен өмірі, жауыңның басына тілемейтін қасіретті тағдыры, соғыстағы жанкешті ерлігі, майданнан келген соң өзі таңдаған шығармашылық жолындағы көрген қиындығы, «билікке қолайсыз қаламгер» ретінде қуғынға түсуі туралы мен жазбасам, кім жазады деп ойладым. Балалық шағы да ел басына түскен нәубет – ашаршылық, үркіншілік кезеңге тап келеді. Ағасы Қасым Болтаев екеуінің көрмеген азабы жоқ десе де болады» дейді автор романның алғысөзінде.
Деректі роман жазу идеясы осылай басталған. Романды жазуда автор көп ізденген. Архив материалдарымен жұмыс істеген. Болашақ кейіпкерінің күнделік жазбаларымен тыңғылықты танысып, ой қорытқан. Шығармасынан бас кейіпкердің кейінгі өмірін жазуда осы күнделік деректері негіз болғаны аңғарылады. Дегенмен, автор туындының әсерлі оқылуына мән берген. Соның нәтижесінде кейіпкердің қиындыққа кез болған балалық шағы, әке-шешесінің ауыр тағдыры мен ғазиз анасының, кішкентай бауырының өлімі, зұлмат уақыттың шындығы мен әпербақан белсенділердің қайырымсыздығы шығармада қысқа, шымыр диалогтермен өрілген.
«– Ке-ме-е-е-еш!
– Қасым кө-ке-е-е-е-е!
– Уһ, таптым-ау ақыры!
– Аға! Ағатайым менің! Сағындым ғой сені!» – деп басталатын диалог және осы диалогтардың жалғастығы – автордың өмір шындықтарынан, бас қаһарманның басындағы қытымыр уақыт еріксіз мәжбүрлеген түрлі жағдайлардан қорытылған шығармашылық көркем шындыққа құрылған қиялдың жемісі. Әке-шешесінен еріксіз ажырап, жетім балалар үйіне тапсырылған Кемел ағасы Қасыммен ойша тілдеседі. Оны жан серігі, қамқоршысы көреді. Көркем әдебиетте мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Автор осы көркемдік амалды романның өн бойында орнымен, дамыта пайдаланған. Диалогтерде айтылатын өмір шындықтарын жазушы егер суреттеуге құрса, онда ол талай сюжеттің арқауына айналып, кең құлашты эпикаға ұласары сөзсіз еді.
Жазушы бұдан бас тартып, қысқа диалогпен өткен өмір шындығын шымыр жеткізуді қалаған. Ал қаһарманның бүгінгі өмірін бейнелеу (1967-1974 жылдар) күнделік жазбаларына құрылған. Ол кезде Кемел Тоқаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының үні «Жаршы» журналының бас редакторы. Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағасы Сабыр Бәлілұлы Ниязбековпен бірге қызмет еткен. ҚКП ОҚ хатшысы Саттар Нұрмашұлы Имашевпен достық қарым-қатынаста болған. Пендешілікпен ренжіскен кездері де болып, кейін қайта қауышқан. ҚКО ОК хатшысы қызметін атқарған, кейін Алматы шет тілдер институтының ректоры болған Нұрымбек Жанділдиннің өмірі де күрделі. Қызметтестері Әбілғазин, Рамазановалармен қызмет барысында тікелей араласқан. Жанашыр досы, жазушы Өтебай Ханақинмен Кемел тағдыры ұқсас.
Міне, осы кейіпкерлердің бәрі өз уақытының адамдық, принциптік тұрғыдан алғанда әрқилы күрделі тұлғалар болатын. Автор осы кейіпкерлер галереясын әр алуан мінездерімен, ұстанымдарымен шынайы суреттеген. Жазушы үшін ең ауыр тосқауыл – жазған шығармасының баспа жоспарынан сызылып қалуы. Шығарманың бас кейіпкері Кемел осы күйзелісті сәтті ауыр қабылдайды. Ашынады, күйзеледі. Күйінген сәттерде әділетсіздікке қарсы ащы ойларын айтып салады. Қоғам туралы, оның ең басында отырған кейбір пенделердің жөнсіздіктері мен тиянақсыздықтары жөнінде толғанады. Шығарманың бас кейіпкері сырттай мәдениетті, сабырлы көрінгенмен, іштей буырқанып, бұрсанып қайнап жатады. Уақыт тынысын бейнелейтін эпизодтарда ол азаматтық, тұлғалық дара кейпімен бейнеленеді. Автор қаһарманның осы мінез-ұстанымына ерекше көңіл аударған.
Деректі романның жетістігі неде? Шығарма егерде объектіге алған қаһарманның оқырманға белгісіз өмір дерегін, басынан өткен тағдыр ауыртпалықтарын, жеңісі мен жеңілісін, әр алуан психологиялық тартысын шынайы жеткізе алса, халық еншісіне айналған туынды болмақ. Өйткені халық аяулы перзентінің өмір-тағдырына, жасаған қызметіне, жарқын бейнесіне әрдайым қызығушылық танытып отырған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғызқара» атты романында деректілік, танымдылық сипат бірінші орынға шыққан. Тұтастай алғанда, романның композициясы қаһарманның өткені мен бүгінін параллель алып суреттеген. Әдебиеттанушы М.Атымовтың тұжырымына сүйенсек, жарыспалы композиция шығармада үйлесімді бірлік тапқан. Қаһарманның өткен өмір тарихын ашуда қысқа қайырылған диалогтердің көркемдік қызметі ерекше.
«– Бізді Пішпекке көшіріп әкеткен Өте атам ғой, ә?
– Иә, сол атаң. Екеуміздің әкеміз Тоқа бес ағайынды болған. Құшай, Төле, Өте деген ағалары мен Мырзахмет деген інісі бар екен. Солардың ішінен Өте деген атаң белсенді бопты. Төңкерісшілердің сеніміне кіріп, ауыл-аймаққа әкім де болған.
– Ендеше, неге қашқан?
– Ағайындарының малын тігерге тұяқ қалдырмай шетінен тартып алып жатқан өкіметтің озбырлығына шыдай алмапты». Қысқа қайырымдағы уақыт ызғары қарып өтеді. Иә, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін тәмсіл бар. Ел ішіндегі әпербақан белсенділердің озбырлығы мен ашаршылық туған жерден бездірген. Үркіншілік әулетке жеңіл тимеді. Қасым ағасы екеуін екі кештің арасында шолақ белсенділер ұстап алып, Меркідегі балалар үйіне өткізіп жібереді. Оның соңы анасы мен кішкентай қарындасының естіген адамның төбе шашы тік тұратындай қайғылы қазасына ұласады.
«– Көке.– Ау, жаным.
– Тастан қалаған дуалдың үстіне шығып, жолыңды жүз жыл бойы күткендей сарылып ұзақ отырдым ғой сонда.
– Білем, бәрін қас-қабағыңнан сезіп жүретінмін. Сенің маған жәудіреп қарап «Анам аман-есен бе екен? Әкем ше? Бибігүл жылап жүрген жоқ па?» деп тез-тез сұрай бастаған кезіңде не деп жауап берерімді білмей, қиналғанымды сезсең ғой.
– Сездім, бірақ нені жасырып тұрғаныңды анық білмедім. Мені құшақтап тұрып: «Жаным, бауырым, «Қырық кепеде» адам баласы жоқ. Барлық үйдің жұрты ғана қалған. Қаңырап бос тұр бәрі. Әлде...» деп төмен қараған кезіңде, жүрегім бір жаманшылықтың болғанын аңғарды. Бірақ жамандыққа жорымадым. «Әлде...» деп не айтпақ болдың?» дегенім де сол ғой. Сен болсаң: «Әлде Пішпекке қарай көшіп кетті ме екен, әйтеуір «Қырық кепеде» жан баласы жоқ. Жылан жалағандай боп жатыр» деп көзіме тура қарай алмай, мойныңды бедірейіп тұрған тас дуалға қарай бұрып әкеттің. Көзіңде жас бар екенін байқадым. Оны да көрсеткің келмеді.
– Тас дуал... тасбауыр өкімет... көрмегенді көрсетті ғой...» Диалог – кейіпкердің ішкі әлемін ашудың тиімді жолы. Диалог жайша құрыла салмайды. Адамның сөзі – ішкі ойының хабаршысы, мінез көрінісі. Арадағы диалогтен жастай өз ұясынан айырылған балалардың психологиясы, қиын сәттегі бауырмашылдығы мен ата-анасы, бауырларына деген көл-көсір сағынышы көрініс береді. Осындай адамдық құндылықтан қазіргі тоқшылық заманда айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Оқырман шығарманы оқып отырып, осы бір өзекті жайды да ойланатын шығар дейміз. Туындының бір мақсаты да осы болар. Бүгінгі уақыттың қадір қасиетін білу үшін өткен кезеңді, қиын уақыттың сорақылығын түйсініп отырсақ, қанеки.
«– Көке.
– Ау.
– Неғып ойланып қалдың?
– Тамағыма өксік тығылып, сөйлей алмай отырмын. Қазір...
Сол атың өшкір қайғылы күні Яков базарға бармақ боп жолға жинала бастайды. Ал оның менің әкеме үйреніп қалғаны сонша, онсыз ешқайда аяқ аттап баспайды. Әкем болса Яковтың жұмысымен бірге өзінің тірлігін де тындыра жүретін әдетімен, бір молданың шапанын апарып бермек болады. Анама тіккізген ғой. Ол да әкемді қөрген сайын «Тоқа, осы жұма намазға киіп шығайын деп ем, ана шапанымды әкеп берші» деп қайта-қайта қылқылдап жүр екен.
Әкем үйден шыға бергенде төсегінде екі көзі шүңірейіп, өңі қуқыл тартып, ерні кеберсіп, ыңқылдап жатқан анам әлдебір жаманшылықты сезгендей жалынышты үнмен: «Тоқа, менің көңілім бүгін әлденеге күпті боп тұр. Сол базарыңды кейінге қалдыра тұрсаң қайтеді?» дейді көкірегі сырылдап. «Әфуза-ау, неге өйдедің? Не боп қалды?» – деген әкеме «Түнде түс көрдім. Айтуға аузым бармайды өзін. Мына үйдің ішін өрт алыпты. Қып-қызыл жалын сумаңдап, бәрімізді жалмап барады екен, ал екі балам Шу өзенінің арғы бетінде бізге жете алмай, қолдарын созып ботадай боздап тұр. Шошып ояндым», – дейді кемсеңдеп.
Яков көңілді адам еді ғой, оның үстіне өзі түс пүс, ырым-сырым деген сияқты анау-мынауларға сене бермейтін. Анамның кәдімгідей қапалана айтқан сөзіне кеңкілдей күліп, «Түсіңде от көрсең жақсы болады қайта. Ал тамыңды жалын шарпыса, ол қып-қызыл ақшаға кенелесің» деген сөз. Тоқа, бүгінгі базардан олжалы оралатын шығарсың, сірә. Ал жоғалып кеткен екі балаң аман-есен оралады екен» деп, аяқ астында айырылып қалған екі баласының не тірі, не өлі екенін білмей, қан жұтып жүрген анамды жұбатады.
Әкем де Жақыбынан қалғысы келмей: «Түсті жақсы адамға жорытады» деген бар. Ал Жақып жақсы адам. Айтқаның келсін, Жақып, жақсылыққа жорыдың, Құдай қолдасын өзіңді. Ал, Әфуза, мен сенің халпеге арнап тіккен етек-жеңі мол шапаныңды иесіне апарып, сауабын да, қалған ақшасын да алып қайтайын. Жұма намазға киіп шығайын деп күтіп отыр. Құдай сақтасын, тез барамыз да келеміз», – дейді.
Анам болса екі көзі шүңірейіп, өңі қуқыл тартып, «қайдам, қайдам» деп қала береді. Ал аяғы шығып қалған Бибігүл анамның қасында біресе еңбектеп, біресе екі қолын жерге тіреп орнынан түрегеліп, ойнап жүреді. Анам соның былдырлаған тіліне, қаз-қаз басқан жүрісіне сүйсіне қарап жатып, көзі ілініп кетсе керек, бір кезде Бибігүлдің «шар» ете қалған дауысынан шошып оянады. Оянса, анадай жердегі жерошақтың үстінде қызы Бибігүл жалпылдаған жалынға оранып, жанып жатыр. Шыңғырғанда құландағы дауысы құраққа жетеді. Онсыз да сал боп, төсегінен тұра алмай жатқан анам, мына сұмдықты көргенде аяқ-қолы мүлде қимылдамай, тілі байланып қалады. Бірақ есінен танып қалмау үшін құдайына жалбарынып, «қызым, қырмызым, қырыққа келгенде көрген қызығым» деп, жерошаққа қарай сүйретіле еңбектейді. Сүйретіліп жеткен бойы Бибігүлді құтқарам деп жанталасып жатып жерошақтағы жалынға өзі де құлайды. Сөйтіп, екі бейбақ құшақтары айқасқан күйі өртеніп кетеді...»
Шығармадағы ауыр трагедия осылай баяндалады. Неткен сұмдық жай дейсің. Қайғы үстіне қайғы жамаған әкесі Тоқа күйікке шыдамай, тұлдыр тағдырына налып, асау ағысты Шу өзеніне өзін-өзі тастап жібереді. Осындай адам төзгісіз қиындықтардан соң, ержетіп, буыны бекіген бас қаһарманның ішкі қайраты мен өзінің адамдық қалпын сақтауына таң қалғандайсың. Әрине, бұл бір тағдыр ғана емес еді. Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңындағы ұжымдастыру дүрбелеңіне, алапат ашаршылыққа, одан соң қанқұйлы соғысқа кез болған бүтін бір ұрпақтың ортақ тағдыры, трагедиясы болатын. Халықтың сол кездегі ерік-жігерінің мықтылығына, бауырластығына қайран қалғандайсың. Халықты небір қиындықтан алып шыққан ұлттық рухтың мықтылығына бас иесің. Сол ортада соғысқа барып қайтқан шығарманың бас қаһарманы да болды. Қысқа диалогқа құрылған шежіре-тарихта автор барлық мүмкіндікті ұтымды пайдаланған. Мұнда кейіпкер басындағы қайғы-қасірет те, ішкі қайсарлық та, жылт еткен үміт оты да бар.
Қайшылықты орта шындығы көрінеді. Кейіпкерлердің портреттері де, сөйлеу мәнері де қамтылған. Қиын уақыттағы Яковтың қайырымдылығы көзге түседі. Романдағы бас қаһарманның кейінгі өмірін суреттейтін кезең де тартысқа толы. «Соғыстың артықшылығы – жауың алдыңда. Атыссаң да, шайқассаң да, жауың анық» деп толғанады қан майданның алапатын бастан кешкен Кемел. Ал мына бейбіт өмірде... Апырай, кімге зияны тиіпті, кімнің алдын орағытып өтіпті. Күтпеген тұстан ғазиз жаныңа ауыр жарақат салады. Жазушы үшін ауыр жарақат – баспаға ұсынылған шығармасының бір емес, бірнеше рет жоспардан сызылып қалуы. Бұдан артық нендей қысастық керек? Перзентіңнің бесікте жатып тұншықтырылып өлтірілуімен бірдей ғой. «Мен тұрғанда алаңдамасайшы, Кемел» деген Орталық Комитет хатшысы, бір жағы ежелгі досы Саттар Имашев сөзінен соң, шығармашылық көңілі орнығып, қайта шарықтап шыға келген. Бірақ тағы да сол, жоспардан сызылған...
«– Менің жарымнан кейінгі жақын жанрым – детектив. Әзірге біздің әдебиетте бұл жанрда жазатын мен ғана. Егер детектившілер баспаның кезегін күтіп, топырлап тұрып алса, онда мен-ақ жолымды берейін соларға.
– Білмеймін, Кемелжан, әйтеуір маза бермейді маған.
– «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді». Меңзеп отырған адамдарыңыздың екеуі де ақын. Ал мен прозашымын, оның үстіне қаламгер сирек баратын, тіпті тәуекел ете бермейтін детектив жанрының құлымын. Сонда ол екеуінің менен ала алмай жүрген әкелерінің қандай ақысы бар?
– Білмеймін, Кемешжан, білмеймін...
Бірінші хатшының бетіне қарап отыра беруден түк шықпасын білді де, бұл орнынан тұрды. Со күйі кетіп қалайын деп оқталды да, «шыдамның да шегі бар, болар іс болды ғой» дегендей:
– Арғымағыңды жамандап, тұлпарды қайдан табарсың? Тұйғыныңды жамандап, сұңқар қайдан табарсың? Көлдің суын жамандап, Еділді қайдан табарсың? Өз барыңды жамандап, нарыңды қайдан табарсың? Өз басыңды зорайтып, теңдес қайдан табарсың? – деп салды.
Бір шығармама керек болар деп Асан қайғы сияқты ежелгі жыраулардың жырларынан қойын дәптеріне ұнаған үзінділерін жазып алып, жаттап жүретін әдеті болушы еді, мұндай сәті келер ме, өзі шығарған өлеңдей төгіп-өгіп жіберді. Сол-ақ, өкпесін ұмытқандай, көңілі лезде тоғайып сала берді. Бастықтың алдынан ұнжырғысы түсіп, тұнжырап шықпай, қайта оның мысын басып, тауын шағып қайтып бара жатқанына жаны риза кейіпте».
Кемелдің көрген құқайы жалғыз бұл емес-ті. «Түнде атылған оқ» киноповесінің Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тарапынан қаралып, олардың көркемөнерге қатысы жоқ мүлде түсініксіз ұстанымдары, әрі итеріп, бері жығуы, жариялауға болмайды деп үкім шығаруы жан жүйкесін тоздырған.
– «Қайсысы болса да мейлі. «Арнаулы тапсырмаң» да жыл сайын жоспарға енбей, «сүр» боп жатқан жоқ па? Ол аздай, енді «атаманды атып өлтірген Махмұт Қожамияров» деп басыңа бәле іздегің кеп жүр. Ол кино шығып, жұрт аузында Қасымхан Шадияров деген қаһарман пайда болғанымен ісің жоқ. Соның бәрі кімге керек?
– Мөп-мөлдір тамшыдай болған Музам-ау менің, шындық билікке керек болмағанымен, халыққа, бізден кейінгі ұрпаққа керек екенін түсінесің бе?
– Түсінем ғой, бірақ байқашы жаным, соныңның қызметіңе зияны тиіп, жұмыссыз қап жүрмесең болғаны да. Мендегі бар уайым сол. Жазбай-ақ, айтпай-ақ қойсаңшы соны.
– ...Әні, көрдің бе, сырт қарағанда қақ-соқпен ісі жоқ момын, сыпайы көрінгеніңмен, алған мақсатыңнан қайтпайтын бірбеткей мінезің бар. Ал ол билікке жақпайды. Билік сенің бір әулеттен бір өзің қалған жалғыз екеніңді елеп-ескермейді. Тіпті есіркемейді, соны ұмытпашы, жаным».
Бұл – Кемел қиялындағы Музасының ескертпесі, сақтандыруы. Жалпы, шығарманың тілі көркем, жатық. Қаһарманның көңіл-күйін табиғатпен байланыстырып әдемі өрнектейді. Ал кітаптағы жазушының романынан бөлек басқа тараулардағы Кемел Тоқаев күнделігі, әке мен бала арасындағы хаттар оқырмандарын бұрын-соңды естімеген, білмеген тың деректермен, қызықты мәліметтермен таныстырады.
Автор романның жалғасы, екінші кітабы болатынын айтады. Романның бас қаһарманы – жазушы. Ал жазушы әлемі – кең. Оқырманның романнан қаламгердің шығармашылық психологиясы мен портретін, зертханасын, жазу столы үстіндегі көңіл-күйін іздеуі орынды. Мүмкін мұның барлығы алда ескерілетін болар. Қалай дегенмен де, деректі проза жазу – жауапкершілігі зор жұмыс. Еркін қиялға жол берілмейді. Архив материалдары бірінші кезекке шығады.
Алайда, архив материалдарының тасасында қалып қою тағы да болмайды. Автор өз қаһарманын әлі де жан-жақты зерттеп, өмір кезеңдерін жинақтап, бір арнаға келтіріп, сюжеттің тартыс, әсерлілік қуатын бәсеңсітпей жазуы керек. Деректі прозаға қалам тарту – қиялай отырып, табандай жылжып, үнемі биікке көтерілумен бірдей. Автордың бұл жолды бағындырары сөзсіз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойды
- 8 мамыр, 2025
Өмірі өткенге өнеге
- 6 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді