
Әлеуметтік автокеруен құрамындағы заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандары жеке сұрақтары бойынша тұрғындарды қабылдады. Қабылдау барысында аудан халқы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын айтып, мамандардан кеңес алды. Осы аудандағы Степной ауылында тұратын тыл ардагері Тимур Мурадовты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтай барған автокеруен құрамындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ардагердің үй шаруасына көмектесіп, бақшасына тазалық шараларын жүргізді.
Айта кетейік, 95 жастағы Тимур Мурадов соғыстың сұрапыл жылдары балалығына қарамастан егіс даласындағы жұмысқа жегілген. Осы арқылы майдандағы әскерилерге азық дайындауға атсалысқан. Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмысын Шу ауданында жалғастырған автокеруен мүшелері Төле би ауылындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысып, құттықтау тілектерін ақтарды. Содан соң топ Бірлік ауылдық округіне барып, тұрғындарға заң, әлеуметтік сала бойынша кеңестер берді. Білікті дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын тексеріп, қажетті шараларды жүргізді. Дәл осындай жиын Жаңақоғам ауылында да өтті.
Келесі кезекте, әлеуметтік автокеруен мүшелері Көктөбе ауылының тұрғыны, 88 жастағы тыл ардагері Сарақша Қырықбаевты және Бірлік ауылындағы Нұрбибі Абдикаримованы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Бұл ардагерлердің үйінде де белсенді жастар бақшаларына тал егіп, күл қоқыстан тазалады. Жуалы ауданына барған автокеруен Б.Момышұлы ауылындағы мәдениет үйінің алаңында өткен салтанатты жиынға қатысты.
Amanat партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев, Amanat партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығы мен міндетіне тоқталды. Өнерпаз ардагерлер қатысушыларға әсем әндерін арнап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Автокеруен мүшелері тыл ардагерлері Е.Рогачева, Б.Тулендиев, Б.Утеев, Л.Ходкевич, Т.Ибрагимовалардың шаңырағында болып, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Өз кезегінде, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері тыл ардагерлерінің үй шаруаларына көмек көрсетті.
Сондай-ақ, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Талапты ауылындағы «Момыш бұлағы» айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді. Мұнда да аудандық мәдениет үйінде заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері аудан тұрғындарына кеңес беріп, мәселелердің оң шешілуіне қажетті заң аясында түсініктеме берді. Дәрігерлердің қабылдауы да ұйымдастырылды. Автокеруен жұмысын Мойынқұм ауданында қорытындылап, аудан орталығындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштің жөндеу жұмыстарымен танысты. Ондағы жұмыстар 9 мамыр – Жеңіс күніне дейін толығымен аяқталуы тиіс.
Мұнан кейін топ аудандық мәдениет үйінде тұрғындарды заң, әлеуметтік сала бойынша қабылдап, кеңес берді. Денсаулығына шағымы бар тұрғындарды білікті дәрігерлер қарады. Керуен мүшелері ҰОС ардагерінің жесірі Тұрсын Садықованың шаңырағында болып, құрмет көрсетіп, азық-түлік себетін табыс етті. Ал, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері тыл ардагері Орынбасар Отыншиевтің үйі ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Жеңіс мерекесі – батылдық пен қаһармандықтың, халқымыздың бірлігінің беріктігі мен қайсар рухының мейрамы. Бұл күн барлығымыз үшін қастерлі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 80 ізгі іс жасауды мақсат еткен акциямен арнайы автокеруен аудандарды аралап, ҰОС және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, салтанатты түрде құттықтады. Бұдан өзге, әлеуметтік автокеруен аясында аудан, ауылдардағы 50-ге жуық тыл ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар жасалды. Сондай-ақ, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері олардың үй шаруаларына көмектерін көрсетті. Заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандарының қоғамдық қабылдауларына 700 ден астам тұрғын келіп, бірқатар әлеуметтік өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, зейнетақы жүйесіне өзгертулер енгізу, алиментті өндірудегі бірқатар заңнамаларға өзгерістер жасау, бұғатталған банк шоттарын шешуде жеңілдіктер қарастыру, оңалту орталықтарына жолдама алу сынды мәселелер айтылды. Қоғамдық қабылдаулар барысында тыл ардагерлерінің де мәселелері назарға алынды. Осы санаттағы азаматтарға бұған дейін коммуналдық қызметтерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған екен. Бұдан өзге, емдеу мекемелерінде МРТ аппараттары жоқ болғандықтан ауыл халқы аудан орталықтарына қатынауға мәжбүр екендерін, ауылдарда мәдениет саласына мамандардың жетіспейтінін айтты. Көтерілген бұл мәселелердің барлығы Amanat партиясының назарына алынып, тиісті органдарға ұсыныстар жолданатын болады. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының аудан немесе облыс орталықтарына барып, білікті дәрігерлерге көрінуіне мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан автокеруен құрамына арнайы жылжымалы медициналық кешен де қосылды. Нәтижесінде, түрлі саладағы дәрігерлер мыңға жуық тұрғын мен ардагерлерге, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға профилактикалық диагностикалық қызмет көрсетті, – деді партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ескерткіштері мен мемориалдық нысандарын тазалау және қалпына келтіру, сыртқы келбетін жақсарту, оларға іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары да жүргізілген. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлерінің атына берілген көшелерде тазалық шаралары іске асырылып, аллеялар мен саябақтарда сенбіліктер ұйымдастырылған. Айта кетейік, Amanat партиясы облыстық филиалының бұл бастамасына бастауыш партия ұйымдары, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар мен жастар орталықтарының еріктілері де өз үлестерін қосты. Осылайша, аталған партия еріктілер және жанашыр азаматтардың күш-жігерін біріктіріп, жеңімпаз ұрпақты лайықты түрде ұлықтауға мұрындық болды.
«Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясы мен партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауқымды істер жалғаса бермек.
– Халықтың мұң-мұқтаждықтарына құлақ түріп, мәселелерінің шешімін табуына ұйытқы болып жүрген Amanat партиясына алғыс айтып, ізгі істеріне жеңіс тілеймін. Ауыл аймақтардағы ардагерлерді үйіне іздеп келіп, сый-сияпаттарын жасап, шаруамызға қолғабыс етіп, құрмет көрсеткендеріне ризашылығымызды білдіреміз. Шүкір, бүгінде немереден шөбере, шөпшек сүйіп, әулетімізді кеңейтіп, балаларымыздың, еліміздің құрметіне бөленіп отырған біздің абыройлы жолымызды берсін! Ешқашан соғыс болмасын, ел іші тату, халық аман болсын! – деп тыл ардагері Амантай Базаров ақ баталы алғысын жеткізді.
Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп, батаменен көгерген еліміздің болашағы жарқын боларына сенеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәрігердің үш қаруы бар
- 17 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді