«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік автокеруені аудандарды аралады

«Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік автокеруені аудандарды аралады
Автор
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың ерлігі мен бірлігінің, қайсарлығының символы. Amanat партиясының облыстық филиалы облыс әкімдігімен бірлесіп, «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенін ұйымдастырды. Осы орайда, керуен аудандарға Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан салтанатты түрде жолға шықты.

Салтанатты іс-шараның ашылу салтанатында Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз сөйледі.

– «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» сұрапыл жылдардағы батыр майдангерлердің өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Ел тағдыры – жер тағдыры, сын сағатта 400 мыңдай халқы бар бір ғана Жамбыл облысының өзінен майданға 100 мыңнан аса адам аттанған болатын. Бүгінде сол майдангерлердің алтауы ғана арамызда. Сондай-ақ, аймақта 110 Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген азаматтар бар десек, олардың да майдан даласындағы өлшеусіз еңбегін ұмытпауымыз қажет. Біз ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Amanat партиясы облыстық филиалының облыс әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып отырған «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясындағы «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені ардагерлердің өмір сүру жағдайларын жақсартуды, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың еңбегіне құрмет деңгейін арттыруды, патриотизм мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтары төңірегінде қоғамды біріктіруді мақсат етеді, – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев әлеуметтік автокеруен қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол жеңісті жақындатуға абзал арыстарымыз бен тылда еңбек еткен азаматтардың қосқан еңбегі өлшеусіз екенін де тілге тиек етті. Айта кетейік, керуен құрамында білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, қоғам белсенділері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бар.

Бұл керуеннен облыс аумағындағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы елді мекен тұрғындары білікті медицина мамандарынан көмек алады, заңгерлер әр түрлі мәселелер бойынша кеңес береді. Жастар көмекке мұқтаж ардагерлердің үй шаруаларына көмек береді, сонымен қатар батырлар ерлігін насихаттау үшін үлес қосады. Бұл жоба партия, еріктілер және жанашыр азаматтардың күш жігерін біріктіріп, жеңімпаз ұрпақты лайықты түрде ұлықтауға мүмкіндік береді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған автокеруен жұмысын Байзақ ауданындағы Жетібай ауылынан бастады. Себебі, мұнда Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамралиев тұрады.

Айта кетейік, ол майдан даласында от кешкен, бүгінде аудандағы жалғыз ардагер. Ғасыр куәгері Украина майданында оқ жаудырғыш-зеңбірекшілер дивизиясының командирі Иван Зоновтың қарамағында болып, көптеген соғыс алапатын басынан өткерген. Ардагердің шаңырағына арнайы барып, ауданның алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері салтанатты саппен жүріп, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, білікті дәрігерлеріміз ардагердің денсаулығын тексеріп, медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар, әлеуметтік автокеруен құрамындағылар осы ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті.

Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының аудан немесе облыс орталықтарына барып, заңгерлер мен білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгінуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан автокеруен құрамына заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандары, дәрігерлер қосылды. Оның шарапатын Жетібай ауылының тұрғындары да көрді.

Мәселен, ауыл халқы қоғамдық қабылдау барысында заңгерлермен кеңесіп, сауалдарына нақты жауап алды. Ал дәрігерлер тұрғындарға профилактикалық-диагностикалық қызметтер көрсетті. «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік автокеруені жұмысын Жамбыл ауданында жалғастырып, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Өрнек ауылындағы 92 жастағы тыл ардагері Амантай Базаровтың үй шаруасына қолғабыс етті. Бақшасындағы жерін аударып, көкөніс еккенге дайындап берді.

Тыл ардагерінің өмірі туралы әңгімесін тыңдаған жастар үлгі алды десек, қателеспейміз. Ол соғыс жылдары жасөспірім кезінен егіс даласында өгіз арба айдап, майдан даласындағы сарбаздарға азық дайындауға үлес қосқан. Ал соғыстан кейін «Крупская» кеңшарында 40 жыл көлік жүргізушісі қызметін атқарып, зейнетке шыққан. Бүгінде Амантай Базаровтың 8 ұл-қызынан 35 немере, 33 шөбере, 4 шөпшегі бар.

Бұл ауылда да әлеуметтік автокеруен құрамындағы заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандары тұрғындарды қабылдады. Әлеуметтік автокеруен облыстың басқа аудандарында да ізгі жалғасын тапты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар