
Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында өмірге келген Тілеуғабыл Төребеков 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. 1950-1980 жылдары Жамбыл аудандық және облыстық партия комитеттерінің бөлімдерін басқарды. Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1970-1983 жылдары Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы, 1975-1985 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екі шақырылым депутаты қызметтерін атқарды. 1995 жылдан бастап облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалығын абыроймен атқарып, «Құрмет», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендеріне және бірнеше медальдарға ие болды.
Абыз ақсақалдың еселі еңбектерін елеп, қоғам үшін жасаған істерін жастарға үлгі ету мақсатында өзі тұрған үйдің қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Мырзахан Бурханов ардагердің қызметтегі жауапкершілігін, елге деген жанашырлығын сөз етті. Ал, қызы Светлана Төребекқызы әкелік қамқорлығын, адами болмысын есте қалған елеулі сәттерімен жеткізді.
Мемориалдық тақтаны Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашты. Ел тыныштығы үшін майдан шебінде от кешіп, Жеңіс туы тігілгеннен кейін халқына еңбегімен қызмет еткен ардагердің 100 жылдығына арналған жиын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Тәуелсіздік залында жалғасты. Онда Тілеуғабыл Төребековтің өнегелі өмірі туралы бейнеролик көрсетілді.
– Кешегі күн ілгерілеген уақытпен бірге тарихқа енеді. Елі үшін аянбаған ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде елімізде азаттықтың ақ таңы атуы үшін қасықтай қаны мен жұдырықтай жүрегін қиып беруге дайын болған санаулы ғана ардагерлеріміз қалды. Дана халқымызда «Көп жасаған қария – ағыл-тегіл дария» деп тегін айтылмаса керек. Биыл Жамбыл облысы мен Тараз қаласының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше мемлекеттік наградалардың иесі Тілеуғабыл Төребековтің туғанына 100 жыл толып отыр. 1943-1950 жылдары Кеңес өкіметі әскерінің қатарында қызмет атқарып, оның бес жылында жапон соғысына қатысқан, соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық партия жұмыстарына белсене араласқан. 1959-1960 жылдары тамақ өнеркәсібі жұмысшыларының кәсіподағында, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Жалпы 17 жыл қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласын басқарған. Осындай адал азаматтың өмір жолында қалдырған ұлағатты ізінің үлгісін алсын деп ардагердің 100 жылдығына арналған жиынға жастарды да шақырдық, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсембекұлы.
Осы іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткен Тараз қаласы әкімдігінен арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова көне шаһардың даму жолында Тілеуғабыл Төребековтің қолтаңбасы қалғанын сөз етті. Облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов дүркіреп өткен кешегі соғысқа қатысқандардың ерлігі мен өрлігі туралы айту, олардың көзін көргендерден естеліктерін тыңдап, өлшенбес ерліктеріне тамсанып, тағзым ету бүгінгі ұрпақтың ең қасиетті борышы екенін айтты. Ал, ақын Шырын Мамасерікова Тілеуғабыл Төребекұлына арнаған өлеңін оқыды.
Елінің игілігі үшін ерліктің де, еңбекқорлықтың да үлгісін көрсетіп кеткен ардагермен қызметтес болған еңбек ардагері Меделбай Қатаев, «Днепро» украин мәдени орталығының төрағасы Федор Клименко халықтың қамын күйттеген еңбектерін еске алды. Федор Леонтьевич Тараз қаласының бір көшесіне Тілеуғабыл Төребекұлының есімі берілуі керектігін ұсынды.
Алматы қаласы бойынша «Қазақстан Республикасының Қоғаммен байланыстар жөніндегі ұлттық ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Салауат Дембай Жамбыл қаласын басқарған тұста Тілеуғабыл Төребекұлы бос жатқан жерлерден скверлер салғызғанын, бүгінде оның саясын қазіргі тараздықтар көріп жүргенін айтты. Жиын қорытындысында басқосуға қатысқандар бір минуттық үнсіздікпен ардагерді еске алып, ерлік пен еңбекқорлыққа құрмет көрсетті.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді