«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғылым мен өндірісті ұштастырған жан еді аймақта «Инженерлік Даңқ» алтын медалін алған алғашқы майталман болатын

Ғылым мен өндірісті ұштастырған жан еді аймақта «Инженерлік  Даңқ» алтын медалін алған алғашқы майталман болатын
Автор
Ұжымшардың қатардағы бақылаушы-механиктігінен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына дейінгі қызмет жолынан өткен Халил Бейсеевтің өмірбаян деректерімен танысқан адам оның өмірде бағындырған белестері биік болғанына көз жеткізеді. Әсіресе, өндіріс пен ғылымды ұштастырып, ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалану тиімділігін арттыру бағытында жасаған ғылыми ізденістерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Техника ғылымының кандидаты атағын алды, Инженерлер академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды, Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры болды. Алдымен аудандық, кейіннен облыстық газетте істеген жылдарымда журналист ретінде Халил Сағынбекұлынан сұхбат алған, мақалалар ұйымдастырған кездерім болды. Жан-жақты білімді, оқып-тоқығаны көп, өмірден көргені мол азамат екендігімен тәнті ететін. Өзі саналы ғұмырын арнаған агросалада айтулы істер атқарып кетті. Өмірден өткеніне жыл толғалы отырған күн қарсаңында жазған осы естелігімде солардың негізгілерін қамтуға тырыстым...

Киелі Құлан өңірінің төл перзенті Халил Бейсеев Луговой стансасындағы №33 теміржол орта мектебін алтын медальмен, одан соң 1962 жылы Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын үздік дипломмен бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шыққан. Жолдамамен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қарамағына жіберілген. Басқарманың кадр бөлімінде қайда баруды қалайтынын сұрағанда жас маман өзін Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының өте ірі, көпсалалы «Трудовой пахарь» ұжымшарына жіберуді сұраған. Бұл шаруашылықта инженерлік бос орын жоқтығын, бақылаушы-механик етіп жібере алатындықтарын айтқанда, бірден келіскен. Жиырма екі жастағы маман жоғары оқу орнында тиянақты білім алғанын аңғартып, жұмысын жақсы алып кетті. Ұзамай шеберхана меңгерушілігіне жоғарылатылып, жыл өте бас инженер болып тағайындалған.

Тәжірибе жинақтай келе шаруашылықтағы техникалық қызметті жақсы жолға қойған Халил Сағынбекұлы ұжымшар төрағасы А.Нахмановичтің қолдау, көмегімен қант қызылшасы дақылына күтім жасауда және жиын-терін кезінде қолданылатын техникаларды жетілдіруді қолға алды. Бұл механизаторлар мен қызылша өсірушілердің жұмысын жеңілдетуге көп көмегін тигізді. Олардың өздерімен сыйласып жұмыс істеген, ақыл-кеңестеріне құлақ асатын әрі айтқанын орындататын бас инженерге деген алғыстары шексіз еді. Үнемі ізденіс үстінде болып, қайда озық тәжірибе болса, сонда барып үйреніп қайтатын, өндіріске жаңашылдық ұсыныстарды енгізуге кең өріс ашылуына қол жеткізе білген Халил Сағынбекұлының атағы облыс асып, республикаға тарады. Тіпті Ресейдің Днепропетровск қаласындағы ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын зауыттың инженерлері Қазақстанға арнайы келіп, Халил Сағынбекұлының сызбаларымен танысып, қызылша комбайндарын өзгерістермен шығара да бастады. Көпсалалы, негізгі өндірістік бағыты – қызылша шаруашылығы, ал, қосымша салалары – сүтті ірі қара өсіру мен қой шаруашылығы болған ұжымшар еңбеккерлері 1964 жылдан бастап барлық салада үлкен жетістіктерге жете бастады. 1350 гектар алқапта өсірілген қант қызылшасының әр гектарынан 453 центнерден өнім алынды. Қажырлы еңбектерінің қайтарымы да көп күттірген жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1965 жылдың 31 желтоқсанындағы Жарлығымен ұжымшар төрағасы А.Нахмановичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Шаруашылықтың көп ұлтты озат еңбеккерлері арасынан 75 адам орден, медальдармен марапатталды. Халил Сағынбекұлына «Ерен еңбегі үшін» деген медаль бұйырды. Бұл оның тұңғыш мемлекеттік марапаты болатын. Шаруасы шалқыған ұжымшарға 1966 жылдың маусым айында республиканың сол кезгі бірінші басшысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев арнайы келіп, танысып, көзбен көріп, «суармалы жерлерді тиімді пайдаланып отырған осы шаруашылықтың тәжірибесін бүкіл Қазақстанның ауыл шаруашылығы қызметкерлері арасында тарату қажет» деген нұсқау берген. Осыдан соң «Казахстанская правда» газетінде үлкен мақала жарық көрді. Іле өзге республикалық басылымдар осы ұжымшардың тәжірибесіне арнаулы беттер берді.

Арада көп жыл өткен соң Халил Сағынбекұлы Д.Қонаевтай ұлы адаммен «Трудовой пахарь» колхозында алғаш рет жүздескені, әңгімелескені туралы естелік жазып, ол «Сол бір сәт әлі көз алдымда» деген тақырыппен мен құрастырған «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» кітабына («Сенім» ЖБО, 2016 жыл) енді. Кемеңгер басшы Дінмұхамед Қонаевтың алғашқы жүздесуде өзіне жақсы лебіз айтқаны, үнемі ізденіп, білімін көтеріп отыруына тілек білдіргені Халил Сағынбекұлын ерекше қанаттандырды. Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына сырттай оқуға түсті. Төрт жыл оқып, техника ғылымының кандидаттығына диссертациясын сәтті қорғап, дипломын Мәскеуден алды.

Атағы Одаққа жайылған шаруашылықтың бас инженері болып істеген жылдарында Халил Сағынбекұлы ғылыми ізденістерін жалғастыра отырып, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты ректоратының өтінішімен студенттер арасында дәріс оқыды. «Отамалы дақылдарды өсіруді механикаландыру» деген оқулық жазды. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне, кәсіптік-техникалық училищелердің оқушыларына, шаруашылықтардың мамандары мен механизаторларына арналған бұл кітабы Алматыдағы «Қазақстан», «Мерей» баспаларынан 1993 жылы 3000 дана таралыммен жарыққа шықты. Еңбекпен танысқан ғалымдар жоғары баға берді.

Үздік табыстарға жеткені үшін туына 1971 жылы «Қазан революциясы» ордені тағылған атақты шаруашылықта 1978 жылға дейін экономика ғылымдарының кандидаты, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы өндірісінің талантты ұйымдастырушысы А.Нахмановичпен қоян-қолтық еңбек еткен жылдарында білгір маман болып қалыптасуының негізі қаланғаны жайлы Халил Сағынбекұлы ерекше толғаныспен әңгімелейтін. Өмірінің осы кезеңінде екі университет бітіргендей білім мен тәжірибе жинағанын айтатын. Сол жылдары облыста ауыл шаруашылығын қосалқы бөлшектермен, құрылыс материалдарымен, жаңа техникамен жабдықтаумен Мәскеуге қарайтын «Сельхозтехника» бірлестігі аталатын дүмді мекеме айналысты. Оның бастығы П.Цомашвили бірлестіктің арнаулы бригадасы қой бордақылау кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан «Трудовой пахарь» ұжымшарына бір келгенінде Халил Сағынбекұлына өзіне орынбасар болып қызмет ауыстыру жөнінде ұсыныс жасады. Ұсыныс жасап қана қоймай, облыстың сол кезгі бірінші басшысы Х.Бектұрғановқа ертіп барып, Халил Бейсеевтей білгір, тәжірибесі мол инженер-механикті бірлестікке ауыстырудың аса қажет екендігіне дәлелдер келтіріп, осыған ықпал етуін сұрады. Облыс басшысы оның айтқанымен келісті.

Осылайша жаңа қызметке ауысқан еді. Арада екі жыл өткенде Цомашвили облыста жаңадан ашылған жеміс көкөніс басқармасына бастық болып ауысып, орнына Халил Бейсеев тағайындалды. Дербес басшылық етудің жауапкершілігі өте зор еді. Төрт жыл басқарған кезінде бірлестік ұжымы Цомашвилидің кезінде жеңіп алынған Одақтың ауыспалы Қызыл туын қолдарынан шығарған жоқ. Одақ бойынша барлық республикаларға үлгі болды. Іс-тәжірибелерін үйренуге сол республикалардан делегациялар ағылып келіп жататын... Кеңестік дәуірде іскерлігімен танылған облыстық мекемелердің басшыларын аудандарды басқаруға жіберу тәжірибесі болды. Осындай жолмен Халил Сағынбекұлы 1984 жылдың қараша айында Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) аудандық атқару комитетінің төрағалығына жіберілді.

Алдымен әрине, Алматыға барып, Д.Қонаевпен әңгімелесуден өтті. Арада талай жыл өтсе де жазбай танып, атын жаңылыспай дәл атаған. Кемеңгердің батасын алып жаңа қызметіне кіріскеніне он ай толғанда облыстың бірінші басшысы Ә.Жақыпов Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп жіберді. Облыстағы экономикалық мүмкіндігі аса зор, суармалы жері мол, мал шаруашылығы дамыған ауданға басшы болып келгенінде ең алдымен жаңадан құрылған аудандық агроөнеркәсіптік бірлестік (РАПО) аппаратының қызметкерлеріне деген талапты күшейтуді қолға алды. Бұл егіншілік пен мал шаруашылығындағы жағдайды жақсартуда тиянақты жұмыстар атқарылуына қол жеткізді. Төрт түліктен төл алудағы аудан көрсеткіштері жақсарып, егіншілік саласында да елеулі ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылды. Мемлекетке астық тапсыру жоспары артығымен орындалды. Басты дақылдың бірі – қант қызылшасын өсіруде бір кезде өзі бас инженер болған «Трудовой пахарь» ұжымшарының тәжірибесін қолдануға көшірді. Қызылша жинайтын техника қысқа мерзімде қайта жабдықталып, балтамыр өсірушілер бригадалық-звенолық әдіспен еңбек ете бастады.

Нәтижелі жұмыстар атқарылуының арқасында 1986 жылды аудан таза табыспен қорытындылады. Ал, 1987 жылы егін орағының қорытындысы бойынша республикалық ауыспалы Қызыл туға ие болды. Осы оқиғаға орай «Алтын орақ-87» мерекесі өткізілді.

Жетістіктерге жетуге өндіріс пен ғылымды ұштастыра білудің тигізген көмегі туралы әңгіме болса, Халил Сағынбекұлы Ғылым академиясының «Еңбек Қызыл ту» орденді топырақтану ғылыми зерттеу институтының сол кезгі директоры, Мемлекеттік сыйлық иегері Ж.Аханов бастаған ғалымдарды алғыспен еске алып отыратын. Ауданда әлеуметтік салада атқарылған тірліктер аз болған жоқ. Жаңа құрылыстар қанат жайды, елді мекендерді көріктендіру жұмыстары қолға алынды. Аудан орталығында Ардагерлер аллеясы жасалды. Ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен Алтын жұлдызды Еңбек Ерлерінің кеуде мүсіндері орнатылып, Ленин ордені иегерлерінің суреттері ілінді. Ауған соғысында опат болған бес боздаққа монумент қойылды.

Аллеяның ашылу салтанаты 1988 жылдың 9 мамырында, Жеңіс мерекесі күні өтті. Арада жылдар өте, 2007 жылы 9 мамырда Шу ауданы жұртшылығы Халил Сағынбекұлын Ардагерлер аллеясының екінші рет ашылуына құрметті қонақ ретінде шақырып, алғыстарын білдірді. Шу ауданын басқарған алты жыл Халил Сағынбекұлының қызмет жолының жарқын белесі. Әрине, көрген қиындықтар аз болмады. Бірақ, ел алғысы бәрін ұмыттырып, жүрегін шуаққа бөлейтін. Бұған Шу ауданында Балуан Шолақ атамыздың ескерткіші орнатылып, ашылу салтанаты өткізілгенде шақырумен барып, Халил ағамызбен бірге тамашалағанда айқын көз жеткіздім де. Кейін ғой, бір әңгімесінде менің сұрағыма орай Шу өңіріндегі жылдары туралы: «Ер азамат әркез елінің алдында борышты. Сол борышты, халық алдындағы үлкен жауапкершілікті түсіну мені жігерлендіріп, құлшындырып отырды» деген еді. Облыс басшылығының сенімдерін ақтаған Халил Сағынбекұлы 1991 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырды.

Атқару комитеті таратылған 1993 жылы облыстық экономика басқармасының бастығы болып тағайындалды. Жыл өткен соң облыстық әкімшіліктің ауыл шаруашылық басқармасының тізгінін өз қолына алды. Бұл салада құрылымдық реформалар жүріп жатқан, қас қылғандай табиғат та шектен тыс қатал мінез танытқан қиын кез еді. Редакция тапсырмасымен Халил Сағынбекұлынан сұхбат алып, ол «Aq jol» газетінің 1994 жылғы 14 мамырдағы санында «Қиындықтар құрсауындағы ауыл: экономиканы тұрақтандыру қадамдары қандай?» деген тақырыппен жарияланды. Газеттің бірінші бетінен басталып, келесі бетінің тең жартысына жуығын алған сұхбатта ауыл шаруашылығындағы дағдарыс кезінде «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып» кеткендей ахуал орнап, азық-түлік өндірушілерге қызмет ететін астық өнімдері, агроөнеркәсіптік техника, жеміс-жидек өнімдері, «Құнарлылық» сияқты көптеген бірлестіктердің өздерімен өздері болып кеткендіктерінен нәтиже шамалы екені ашық айтылды.

Бұл олқылықты жою үшін облыс агроөнеркәсіп кешенін басқару жүйесін жетілдіру қолға алынған. Облыс әкімі «Облыс агроөнеркәсіп кешенін қайта құру туралы» қаулы қабылдап, облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басқармалары енді агроөнеркәсіптік кешенін басқарудың біртұтас жүйесін құрайды деп белгіленген. Бұл азық-түліктерді, өндірістің өнімдерін ұқсатып, тұтынушыларға жеткізуші кәсіпорындарды біртұтас жүйеге шоғырландырады. Бұған қоса, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшыларының, мамандарының жауапкершіліктерін арттыру мақсатында оларды жалдаудың контрактылы жүйесі енгізілді. Әр шаруашылықта тығырықтан шығудың бағдарламасы жасалып, аудандық әкімшілікпен келісуі жолға қойылды. Ауыл экономикасын тұрақтандыру шараларын атқару облыста кеңінен өрістеген келесі, 1995 жылдың күзінде облысқа жаңа әкім келіп, Халил Сағынбекұлы облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша кеңесшісі болып тағайындалды. Жаңа қызметінде де ауыл экономикасын тұрақтандыру, оңалтуға бағытталған шараларды іске асырумен айналысты.

1997 жылдан «ЖамбылГазАвтосервис» акционерлік қоғамының ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша кеңесшісі болып істеді. Зейнет демалысына шыққан 2003 жылдан бастап Халил Сағынбекұлы қоғамдық жұмыстарға бел шеше кірісіп кетті. Облыс әкімдігіндегі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Көп ұзамай облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып ауысты. 1995 жылдан бастап, жиырма жылдан астам осы ұйымды басқарған Тілеуқабыл Төребековпен қоян қолтық жұмыс істеп, игілікті шараларды ұйымдастыруға аянбай атсалысты. Сол тұста Халил Сағынбекұлының мұрындық болып, құрылысы қолға алынуына көп күш-жігерін жұмсауының, жоғары орындарға сөзін өткізе білуінің арқасында облыс басшылығы 2014 жылы «Ардагерлер үйін» салып берді.

Бұл ғимарат бүгінде облыс ардагерлер қауымының игілігіндегі үлкен орталыққа айналып отыр. Ардагерлер қатарында жүргенінде ғылыммен айналысуын жалғастырып, жоғары оқу орындарымен байланысын үзген жоқ. Жиырмадан аса ғылыми еңбектері мен монографиясы, жазған оқулығы бар, доцент атағын Мәскеуде алған Халил Сағынбекұлына 1997 жылдың 31 наурызында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының ғылыми кеңесінің шешімімен осы жоғары оқу орнының Құрметті профессоры атағы берілді.

2000 жылы қаладағы екі институт қосылып, Тараз мемлекеттік университеті болып аталғанда осы оқу орнының Құрметті профессоры болды. Қазақстан Республикасы инженерлік акедемиясының ашылғанына он жыл толған 2001 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасы «Қазақстандағы инженерлік істің дамуы» деген кітап шығарды. Бұл кітапта ауыл шаруашылығының өркендеуіне және елдің экономикасының дамуына еселі еңбек сіңіргендер қатарында Халил Сағынбекұлының да есімі жазылған. Ғылымға сіңірген еңбегіне сай құрмет көрсету жалғасын тауып, 1991 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ғылымдар Академиясының корресондент мүшесі Халил Сағынбекұлына 2015 жылы осы Академияның «Инженерлік Даңқ» үлкен Алтын медалі берілді. Бұл марапат ғылыми техникалық қызметте, яғни ғылымның, техниканың және өндірістің біртұтас жүйелі қызметін қамтамасыз етуде ересен еңбек сіңіргендерге беріліп келеді. Олардың арасында атағы жер жарған ғалымдар, академиктер бар.

Халил Сағынбекұлы облысымызда осындай жоғары марапатқа ие болған бірінші әрі бірден бір басшы маман болды. Ұзақ жылдардағы жемісті қызметі үшін Халил Сағынбекұлы «Халықтар достығы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да бірқатар медальдармен марапатталған. Өзі туып-өскен Т.Рысқұлов, әр жылдарда басшы қызметтер атқарған Байзақ, Шу аудандарының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Алматы қаласында білім алып жүрген кездерінде отбасын құрған, ұзақ жылдар мектептерде ұстаздық еткен жары, марқұм Сара жеңгеміз екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан он екі немере, оннан аса шөбере сүйген.

Ұл-қыздарының бәрі де өздері қалаған мамандықтарын алған, отбасылы, әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқарады. Арабтарда мұраның ең мықтысы артыңда жақсы ат қалдыру деп саналады екен. Тірісінде ақ ел-жұртының құрметіне бөленген Халил Бейсеев артына жақсы атына қоса, жазған ғылыми еңбектері мен монографиясын, білім қуған жастардың талай буынының игілігіне жарап келе жатқан қазақ, орыс тілінде шығарылған оқулық кітабын қалдырды. Ендеше, еліне, ғылымға сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ

 Қазақстанның Құрметті журналисі.

Ұқсас жаңалықтар