
№8 қалалық емхананың акушер-гинекологы Бағила Байназарова тұрақты бір жерде табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқан жан. Ол қыз-келіншектерге арналған алдын ала қарау бөлмесінің акушер-гинекологы. Бағила Сағымбекқызы 1965 жылы Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Қаламыздағы Жамбыл медициналық жоғары колледжін тәмәмдап, бастапқыда қалалық перинаталдық орталықта жұмыс істепті. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің психология мамандығын оқып шыққан. Ол 5-6 жасынан бастап дәрігер болуды армандапты.
– Күніне алдыма 50 шақты әйел жүгінеді. Көбіне профилактикалық тексеріске, ісік ауруларының алдын алу үшін анализ тапсыруға, без ісіктерді анықтауға жүгінеді. Бұл кабинет алдын ала қарау кабинеті болғандықтан қыз келіншектердің денсаулығын түбегейлі тексеріп шығамын. Тек гинекологиялық тұрғыда ғана тексермеймін. Негізі 35 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер скрининг өтуі тиіс. Бірінші олар әрбір емханада орналасқан алдын ала қарау бөлмесіне тексеріледі. Мен теріде ауру жоқ па, сүт бездері ісінбеген бе, фиброзды мастопатия жоқ па осыны тексеремін. Обырға не басқа да ауруларға көрсеткіш болса арнайы мамандарға жіберемін. Анализ аламын. Қорытындысын айтамын. Кейде қоңырау шалып пациенттің жағдайын сұраймын, тексеріліңіз деп ескертемін. Бұл менің дәрігерлік парызым, – дейді Бағила Байназарова.
Үш ұлдың анасы, үш немеренің әжесі атанған дәрігердің жұмыс өтілі отыз жылдан асыпты. Өте қарапайым жанның әр күні кабинетте қан сынамасын талдаумен, әйелдерді тексерумен, кеңес берумен өтеді.
– Әрбір әйел алты ай сайын скринингтен өтіп тұруы керек. Біз пациентті тексереміз, сол кезде әйелдегі эрозия, кеудесіндегі мастопатия, миома болса көрініп тұрады. Тіпті жатыр мойнының ісігі болса да анализден шығады. Біз қамқорлықпен қарап, әйелдерге жанашырлықпен жауап береміз. Мен таңертең кабинетке кіргеннен кешке бір-ақ шығамын. Әйел адамның ағзасы босанған соң үш жылда қалыпқа келеді. Акушер гинеколог мамандығы білім мен дағдылардың кең ауқымын ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық төзімділікті, тез және жауапты шешімдер қабылдау қабілетін де қамтиды. Көбінде адамның денесі тітіркенуді есте сақтап қалады. Сондықтан әйелдер бізге көрінуге келгенде бойын тоқ ұрғандай сезімде болып, қорқақтайды. Біз емдейміз, тексереміз. Адамды жарақаттамаймыз. Келген әйел адамнан онкоцитологияға және тазалық деңгейіне сынама аламыз. Содан кейін кіші жамбас бөлігін ультра-дыбыстық тексеруден өткіземіз. Сонымен қоса маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына баруға тиіс. Міне, осы процедуралар мен мамандардан жылына бір рет тексерілуден өту маңызды. Сала маманы қандай сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай жолдама береді, – деді дәрігер.
Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Шын жүректен шыққан жылы сөз, ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі – өте қажет. Бағила сөзі шипалы, қолы алтын дәрігер. Қыз-келіншектердің денсаулығын басты орынға қойып, тексеріп, ауруын анықтап, ем береді. Емделіп кетуіне жағдай жасайды. Шамасы, өмір заңы осындай болса керек. Ізгі ісіңнің өтеуі әрқашан да қайырлы. Себебі ізгі іс те аманат тәрізді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Иммундау – салауатты келешектің кілті
- 3 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді