«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде жүзден астам науқас донорлық ағзаға зәру

Өңірде жүзден астам науқас донорлық ағзаға зәру
Автор
Кезінде «Қазақстан Халқына» қорының бұрынғы басшысы Болат Жәмішов мәйіт донорлығын енгізу үшін заңға қайта өзгерістер енгізу керектігін айтқан болатын. Бұл мәселені министрлік тарапы да қолдаған еді. Алайда бұл тақырыпқа келгенде халықтың пікірі екіге жарылды. Жалпы донор дегеніміз кім? Біз бүгін қан доноры емес, яғни ағзаны алмастыру, өзгенің өмірін аман сақтап қалу жайында айтпақпыз.

Елімізде 2024 жылдан бері Парламент Мәжілісінде трансплантация мәселесі жиі көтеріліп келеді. Енді тірі күнімізде қайтыс болған соң донор болуға рұқсат етемін деп келісім береміз бе, әлде жоқ па?

Осы мәселе көпшілікті ойлантып тастады. Көптеген елдерде алдын ала келісу не келіспеу шарты бар. Яғни, егер адам трансплантацияға тірі кезінде өзі келіскен жағдайда ғана ағзаларын басқа адамды аман сақтап қалу үшін бере алады. Ал тірі күнінде келіспеген жағдайда ол адамның ешкім зорлықпен ағза мүшелерін донорлыққа ала алмайды.

Мысалы Америка Құрама Штаттарында донор өзінің тірі кезінде міндетті әрі ерікті түрде келісім беру туралы құжатты жасақтайды. Келіспеу презумпциясы Бразилия, Польша, Қытай, Германия, Италия, Франция секілді елдерде бекітілген. Ал біз бұл мәселе жайында екіжақты пікірдеміз. Халықтың бір тобы өзгеге өмір сыйлау үшін мәйіттік донор болуға келісу керек десе, екінші тобы хақ дінімізге байланысты он екі мүшеміздің аман-сау Жаратушыға қайтқанын қалайды. Трансплантаттау дегеніміз – қан, ағза мен тінді организмнің басқа жеріне немесе біреуден біреуге ауыстырып салу. Ал медицинада донор деп қанды немесе ағзаның бір бөлігін басқа адамға өз еркімен, яки туысының рұқсатымен беретін адамды айтады.

Адамдар тірі кезінде донор болудан қалай бас тартуға немесе қайтыс болғаннан кейін донор болуға қалай келісуге болады?

Қайтыс болғаннан кейінгі ерікті ағза донорлығының тақырыбы әлі де көптеген сұрақ пен күмән тудыруда. Бірақ егер адам басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өзі қайтыс болғаннан кейін донор болуға шешім қабылдаса, онда ол кез келген уақытта «Электрондық үкімет» порталында немесе медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға жүгініп, келісім білдіре алады, бұл тіркелген жері бойынша емхана да болуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Министрліктің айтуынша, сондай-ақ eDensaulyq бөлімінде eGovMobile мобилдік қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ келісімді тіркеуге болады. Өтініш бергеннен кейін өтініш беруші оны өңдеу және келісімді растау туралы бірден жауап алады. Адам қайтыс болғаннан кейін донорлыққа келісімді тіркеу туралы анықтама ала отырып, мемлекеттік қызмет нәтижелерімен бірден таныса алады. Айта кетейік, донорлыққа келісімді немесе бас тартуды шектеусіз беруге болады. Осылайша, адам кез-келген уақытта өз шешімін өзгерте алады.

Отанымызда жыл сайын 50 адам донорлық ағзаға қолы жетпей көз жұмады екен. Бүгінгі күні 4 мыңнан астам науқас донор ағзасына зәру. Оның 3 мыңы бүйрек, 1100-ға жуығы жүрек, мыңнан астамы бауыр, ал өзгесі өт, өкпесін ауыстыруға мұқтаж. Десек те, отандық трансплантология саласында жеткен жетістік аз емес. 2012 жылдың күзінде еліміздің дәрігерлері медицинаның биік белесін бағындырды. Қазақстанда тұңғыш рет адам жүрегі трансплантацияланды. Қостанайлық Жәнібек Оспановқа инсульттен көз жұмған 46 жасар әйелдің жүрегі салынды. Жәнібектің диагнозы медицина тілінде «Терминалдық сатыдағы созылмалы жүрек жетіспеушілігі» деп аталады. Мұндай науқасқа шалдыққан жандардың 80-90 пайызы жылға жетпей көз жұмады екен. Аурудан айығудың бір ғана жолы бар. Дімкәс жүректі алып тастап, орнына о дүниелік болған өзге адамның сау жүрегін салу. Мәйіттердің ағзасын рұқсатсыз алу керек деп есептейтіндердің бірі – білікті хирург, трансплантолог Жақсылық Досқалиев.

Трансплантация саласында біз халықаралық деңгейде жұмыс істедік. Алайда 2017 жылы мәйіт донорларының ағзасы өзгелерге сатылады екен деген жалған дау шығып, екі хирургтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де ақталып шықты. Осы мәселеден соң 2019 жылы жаңа кодекс қабылданды. Онда адам тірі кезінде қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын беруге келісім берсе, ағзасы алынатындығы айтылған. Кодекс қабылданған соң елімізде трансплантация саласы баяулап, адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі аз болып қалды. Бүгінде 4000-нан астам қазақстандық өзгенің ағзасына зәру. Бұлар отаға жарамдылар. Ал жарамсызы қаншама. Сондықтан мәйіттің ағзасын рұқсатсыз алу керек дегенге мен қос қолдап келісемін. Егер заңға осылай өзгеріс енсе бір мәйіт бес адамның өмірін ұзартар еді. Мәйіттің екі бүйрегі, жүрегі, бауыры, өкпесі, тіпті екі көзінің қарашығы да ағза ретінде салынар еді. Біз бүгінде ұйқы безі, ішегін алмастыруды да зерттеп жатырмыз. Бір күні бұған да жетерміз. Белоруссияда мәйіттік ағза донорлығына рұқсат етілген. Онда бір бүйрек 70 мың долларға жасалады.

Мәйіттің ағзасы сатылып кете ме деп қорқудың қажеті жоқ. Бір адамға трансплантация жасауға 40 шақты маман қатысады. Хирург, анестезиолог, онколог, медбикелер деген секілді. Сондықтан мұнша адам тұрғанда ағза сатылып кетуі мүмкін емес, – дейді ол. Біз осы мәселені жазу барысында қарапайым халыққа сауалнама жолдадық.

Сауалнамаға 300 адам қатысты. Қатысқандардың 75 пайызы өз ағзасын өзгеге беруге келіспеді. Көбі Алла аманаттап берген он екі мүшесінің аман-сау ана дүниеге аттанғанын қалайды. Сонымен қатар ағзаның сатылып кету қаупі бар деп қорқады. Ал 25 пайыз халық, оның ішінде дәрігерлер қауымы донор болуға талпынып отыр. Олардың пікірінше, бізде медициналық мәдениет дамымаған. Ауру адамның өмірін ұзарту сауапты іс деп санайды. Тараздық эколог Әлия Баймолдаева таяқтың екі ұшы бар деп есептейді. Барлығы ақшаға тіреліп тұрған заманда ауыр жарақатпен түскен адамға немесе ағза қажеттілігі бар адамға өлген адамның ағзасы жарамады деп өзге біреуге сата ма деп ойлайтынын ашық айтты.

Ол:

«Бұрынырақта сауапты іс жасармын, бәлкім келісермін деп ойлайтынмын. Алайда мен бұл ойымнан айныдым», – дейді.

Ал, қарапайым ана, өз үйінен кәсіп ашып отырған Жазира Абилова:

– Мұсылман болған соң әрбір мүшемнің кесілмей өзіммен бірге болғанын қалаймын. Арғы өміріміз қалай болатыны тек Аллаға аян. Өзгені емес, бірінші өзімді ойлағаным абзал, – дейді.

Ал енді асыл дініміз Исламда бұл тұрғысынан не дейді?

Ислам діні емдеу жолдарын іздеуді қолдайды. Демек әрбір дерттің өз шипасы бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) адамдардың іс-әрекеттері олардың ниеттеріне қарай бағаланады деген. Әрине, адам ағзалары тауар емес. Сондықтан, оларды донорлау ақысыз, қайтарымсыз негізде жақындарына деген махаббат пен бауырмашылық сезімінің көрінісі ретінде болуы керек. Осы ретте біз Кеңесхан қажы мешітінде діннен дәріс беретін ұстаз Зейнеп Омарованың пікірін тыңдадық.

– Құранда Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан. Бір адамды тірілту жер бетіндегі барлық адамзатты тірілтумен бірдей. Ислам дінінде адамды құтқару – мейлі оның жанын, мейлі тәнін болсын ең басты мәселе. Сол себепті донор мәселесі адам өмірін сақтауға мүмкіндік туғызуға арқау болатын болса ондай жағдайда Ислам діні рұқсат етеді. Соңғы ғасырлардағы көптеген Ислам ғалымдары рұқсат пәтуа берген. Бірақ Ислам ғұламалары бұл жайында пәтуа бергенде, әрине, зәрулік жағдайды назарға ала отырып бергенмен ешбірі шариғат шеңберінен аттамаған. Ең басты мәселе адам өмірінің маңыздылығына қараса, екінші мәселе сол донорлық ағзалардың қасиеттілігіне назар аударған. Жеке пікірімше, өзі өмірден өтетіндігі анық айқындалған донор өз қолымен қолхат беріп келісімшарт жасалуы тиіс. Ал өлген адам болса онда оның мұрагерлері, ол болмаса рұқсатты мұсылмандардың өкілетті басшылары беруіне болады. Міне, осы тәріздес басқа да көптеген шарттар бар. Осы шарттар орындалып, ең бастысы донордың өзіне қауіп төндірмей, шариғат шеңберінен шықпай жасауға болатынына көптеген ғалымдар пәтуа берген. Әйтсе де жоғарыда айтылған шарттарға келіспей «мүлде болмайды» деген ғалымдар да жоқ емес. Бұл туралы ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар бар. Нақтыланбаған тұстары да жетерлік, – дейді Зейнеп Омарова.

Сонымен елімізде донор мәселесі ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Әлем елдерінде қалыпты саналатын мәйіттік донор бізде әлі күнге халық қорқа қарайтын, жіті түсінбейтін құбылыс күйінде. Бұлыңғыр белгісіздік. Трансплантологтарды бір үміт пен өкініш мазалайды. Үміт ететіні – науқасқа донор болуға халық келісімге келер деп ойлайды. Өкініші – мұнымыз шариғатқа сай келе ме деп күйінеді. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп өзіміздің облысты алып қарасақ, трансплантациялық координатор Аякөз Баймұратованың мәліметінше, бауыр жетіспеушілігімен – 11 адам, бүйрек жетіспеушілігімен – 123 адам, оның ішінде 8-і балалар, 115-і үлкендер, жүрек жетіспеушілігімен – 4 адам тіркеуде тұр екен. Олар әлі күнге көздері жәутеңдеп донорлықтан үмітті.

Жоғарыда трансплантолог Жақсылық Досқалиев айтпақшы, 2019 жылы жаңа кодекстің жобасы әзірленіп, халық талқылауына ұсынылды. Мәйіттік донор деген сөзден қорқатын қоғамда мән-жайға бармай жатып, қарсылық танытатындар өте көп. 2020 жылы Мәжілістен түбегейлі өзгерістерге ұшыраған келісім презумпциясы туралы заң шығып, кейіннен қолданысқа енгізілді. Бұл заңды не келісім презумпциясына, не бас тарту презумпциясына жатқыза алмайсың. Яғни, адамның өз шешімі бірінші кезекте қаралмайды. Әрі туыстардың келісімін алу міндеттелгені де презумпция постулаттарына қайшы.

Міне, осы себепті биыл бұл заңға өзгешелік енбек. Анығы мен ашығын айтсақ, Қазақстанда мәйіттік донор тапшы. Бұл ретте үлкен ерлік іске барған ерлі-зайыптылар Қанат Тымбай мен Раушан Үсіпбаеваның ісі көпке өнеге. Бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп, қиналған Қанатқа жұбайы Раушан өз бүйрегін берген. Олар әлі перзент сүймеді. Алайда жары Раушан жолдасының өмір сүргенін қалады. Тәуекелге барған олар Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ота жасатқан.

Бүгінде екеуі де мүгедектік рәсімдеген. Олар Талас ауданы, Амангелді ауылында тұрып жатыр. Раушан-ұстаз, жолдасы Қанат үйде. Екеуі де қалыпты салауатты өмір салтын ұстанады. Күтінеді. Өмір оған екінші рет мүмкіндік берді.

– Мен бүйрек жетіспеушілігімен ауруханаға түскенде кім маған донор болады дейсің деп ойладым. Жан жарымнан мұндай батылдық күтпедім. Сөйтсем ол әлдеқайда батыр екен, мені шын сүйетінін дәлелдеді. Әйтпесе бауырларымның, анамның да бүйрегі маған жарамды болды. Бірінші ұсынысты әйелім берді, – дейді ол.

Қайтыс болған адамның ағзасы мәйіттік донорлыққа бас миының өлімі расталған жағдайда және туыстарының келісімімен ғана алынады. Ал қайтыс болған соң, ағзасын алуға келісім беру немесе бермеуді кез келген қазақстандық электронды порталда таңдау жасап, өзі шешеді. Сондықтан мәйіттік донор мәселесінен қорқудың еш қажеті жоқ.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар