
Қазақ жастары жыл сайын 15 сәуірде мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтеді. Еліміздің болмысы мен салт-дәстүріне жат «Әулие Валентин» күнінің орнына Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған болатын. 2011 жылы Алматы әкімдігі 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырады.
Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді. Бұл күн ресми түрде бекітілмесе де, қыз-жігіттер арасында Ұлттық ғашықтар күні ретінде кеңінен аталып, жастар бір-біріне сый-сияпат жасап, сыйластықты арттыруға негіз болып келеді. Ғашықтар бір-бірін махаббат күнімен құттықтап, тарту-таралғы жасап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс шаралар ұйымдастырады. Қарым-қатынасты реттеуші сезім – ол махаббат.
Сол махаббат қасірет пен бақыттан тұратын түрлі сезімдердің өлшемі. Бақытты боламыз деп бақытсыздыққа ұшыраған талай ғашықтар тарихымызда сан түрлі із қалдырды. Күллі ғаламды ғажайыпқа бөлейтін жақсы көру – ғашықтық сезімін ақылға жеңдірген адам жер бетінде өмірді нұрландыра түсері анық. Небір данышпан, ғұламалар да ғашық болды. Әлдебіреуді сүйді, ол үшін ақылынан адасты. Бірақ «сезімін ақылға жеңдірді» деген адам «сатқындыққа барды» дегенге парапар. Өздері қосылуды қатты қаласа да оларды тағдыр қоспады деу ақылға қонымдырақ. Екі ана, екі әкеден бөлек туып, алайда жүрегі егіз жаратылатын құдіретті құбылыстар аңыздарда айтылған.
Бақытты жұптарға Қодардың көзімен қарайтын жабайы қоғам олардың тағдырына тауқымет сыйлайды. Әдебиетіміз бен тарихымызда қосыла алмай, махаббат құрбанына айналған Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Төлеген мен Қыз Жібектің тағдыры бүгінгі ғашықтарға үлгі. Серт пен сезімнің адалдығына айнымас қамал бола білген сол ғашықтар мәңгілік махаббат символына айналды. Ғашықтық, махаббат деген сезімнің өлшемі қандай болады? Сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың арасында ол мәңгілік өмір сүре ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын уақыт береді. Жоғарыда аталған ғашықтар «бір-біріне қосыла алмай, сезім құрбанына айналған соң тарихта қалды» деген де ұғым бар. Егер олар қосылып, бақытты ғұмыр кешсе аңызға айналмас еді. Жай ғана қатардағы ерлі-зайыптылардың бірі болып қала берер еді деген пікір де жоқ емес.
«Кеше біздер ғашық болған, Кездесуге асық болған, Арулар жүр үймізде», – деген әннің мәтініне мән беріп қарасақ, кешегі өліп-өшіп ғашық болған аруың қосылғаннан кейін үйіңде жұбайың, балаларыңның анасы болады. «Ғашық болу» деген сөз сол аруды көрген сәт пен ыстық-суығың басылған кезеңмен өлшене ме? Осы сауалға жауап іздесек, ғашық болу махаббатқа, махаббат сыйластыққа жалғасады. Сондықтан «Құдайдың адамға өлшеп берген ғұмыры секілді махаббаттың да өз өлшемі бар екен» деп ой түйесің. Қалай десек те Құдайдың жаратқан бұл да бір құбылысы.
Ата мен әжені көрдік – маужырап, қартайса да қол ұстасып жүретін. Соларға қарап отырып «Төлеген мен Қыз Жібек тірі ме еді?» дерсің. Бір-бірін көрмесе сағынысып, тіпті сырқаттанып қалатын аға-жеңгелерді де көрдік. Ондай адамдар отау құрғанына 30-40 жыл болса да алғашқы сезімдерінен айнымайды. Олардың арасындағы тәтті сүйіспеншіліктің қалай сақталғанына таңғаласың. Кезінде бір-біріне ғашық болып үйленсе де бір үйде бір-біріне қарсылықпен өмір сүріп жатқан жандарды да көріп жүрміз. Оларға қарап «Бұлар қалай жұптасып, қалай бір отбасында ғұмыр кешіп жатыр?» деген ойға батасың.
Содан кейін олар тек бала анасыз не әкесіз өспесін деген ұстаныммен күн кешіп жатыр деген ой түйесің. «Осы ниет жетегімен амалсыз әке мен ананың рөлін ойнап жүр-ау» деген байламға тоқтайсың. Тағдыр мен махаббаттың үйлесім тапқан отауында отбасын құрған жұптар өз махаббаттарын сақтай алады екен деп ой түю ақылға қонымды болмақ. Ғашығының жолында күллі дүниені тәрк етіп, ол үшін өзін өлімге қиятын немесе асқан ерліктерге баратын кейіпкерлер кеше де болған, бүгін де өмір сүреді. Бір сұлудың жалғыз меңіне бүкіл Самарқанды қия салған Қожа-Хафиз де сүйгенінің құрбаны болуға тәуекел етті.
Махаббатты мал-дүниемен өлшемейтін заман да өтті. Бүгінгі түсінік, таным басқаша. Жалпы айтпағымыз, махаббат, сезім, ғашықтық Алланың адамға берген өлшеусіз сыйлығы екенін ескеруіміз керек. Сондай-ақ, ол – адами қасиеттердің қастерлісі, арман-мақсаттарға жетелейтін құндылық.
Жұп болып өмір сүру – табиғат заңдылығы. Адам ата мен Хауа анамыз жаралғалы бері олардың кіндігінен тараған барша адамзат баласы қашанда «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген қағиданы ұстанып келгені анық.
Бүгінгі таңда өз жұбын тауып, шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасыға айналғандардың ішінде неше түрлі тағдыр қосқан қызықтар бар. Аққу мен қаздай жұптарын жазбай келе жатқан қос ғашықтың бүгінгі Қозы Көрпеш Баян сұлуы мен Төлеген-Қыз Жібектері арамызда жүр. Бақыты баянды, махаббаттары мәңгілікке ұлассын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- Бүгін, 12:32
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді