«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл алты спорт нысаны ел игілігіне берілмек

Биыл алты спорт нысаны ел игілігіне  берілмек
Ашық дереккөз
Спорт – өркениетті қоғам өмірінің айнымайтын бір бөлшегі. Бұл күнде спортпен айналыспайтын, оны мемлекеттік тұрғыда қолдамайтын мемлекеттер некен саяқ. Өркениетті елдер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өз спортшыларының өнерін жетілдіруде әрі жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болуда. Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата өлкесінде де дене шынықтыру мен спортқа жіті көңіл бөлінген.

Жалпы, облыста 54 спорт мекемесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл мекемелерде 29 872 спортшы бар, 1 195 жаттықтырушы олардың талапқа сай жаттығуы жолында тер төгіп жүр. Қазіргі кезде өңірде спорттың 85 түрі қамтылған. 885 сайыпқыранымыз – түрлі деңгейдегі ұлттық құраманың мүшесі. Облыс спортшылары бүгінге дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда 1 797 медаль иеленді. Оның 658-і алтын, 570 і күміс және 569-ы қола жүлде. Айта кетейік, былтыр 13 спорт кешені пайдалануға берілсе, оның 9-ы бюджет есебінен, 4-уі демеушілердің көмегімен бой көтерді.

Ал, биыл бюджет есебінен 17 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 14-і бюджет қаражатына салынатын болса, 3-уінің құрылысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан жүргізілуде. Осылайша, биыл 6 спорт кешенін ел игілігіне беру көзделуде. Ал, қалған 11 ғимарат келер жылға өтпелі. Естеріңізде болса, біздің аймақ былтыр еліміз бойынша «Үздік спорттық өңір» атанған еді.

Сондай-ақ, өткен жылы бір спортшымыз еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, сегіз жерлесіміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 84 саңлағымыз спорт шебері нормативін орындаған. Бұдан бөлек үш бапкеріміз еліміздің «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды. Ендеше, Жамбыл жеріне «Жылдың үздік спорттық өңірі» атағының берілуі кездейсоқтық емес. Мамандардың айтуынша, бұл табыс төртжылдықтың басты додасы саналатын Париж Қаламкүл Олимпиадасындағы тарихи жеңіспен тікелей байланысты.

Өткен жылы өңір спортшыларының халықаралық додаларда жасындай жарқыраған сәттері аз емес. Сондай-ақ, өңірде бұқаралық спортқа мықтап бет бұрған тұрғындардың саны жыл санап артып келе жатқаны да көңіл қуантады. Айталық, өткен жылы облыс халқының 41,2 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға ден қойған. Осылайша, көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артты. Ал, қазір облыс көлемінде 503,3 мың адам бұқаралық спортқа тартылған.

Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарына облысымыздан 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды. Ал, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі, жерлесіміз Ақмарал Науатбек 48 килограмм салмақ дәрежесінде (J2 санаты) финалдық кезеңде сынға түсті. Ол тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинеттен басым түсіп, 10:0 есебімен жеңіске жетті. Ақмарал татамиде кездескен үш бәсекелесін де «иппон» ұпай санымен жеңді. Бұл – Қазақстанның Париж Паралимпиадасындағы екінші алтын медалі.

Бұдан бөлек 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 17 жамбылдық спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс пен 4 қола, барлығы 18 медаль иеленді. Грек-рим күресінің шебері Ержет Жарылқасынның Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атануы мен Азия чемпионатында топ жаруы да айтарлықтай жетістік. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесі.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар